ЕР МЕН ӘЙЕЛДІ НЕГЕ БӨЛІП ҚАРАЙМЫЗ?

0
41

Түркістан облысында 66 жастағы ер адамның той үстінде тілек айтудың орнына, елге өз ұстанымын үгіттеген видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тараған тұста «Алатау» газетінің ұжымы келесі газет жоспарын талқылап, алдыңғы нөмірдегі материалдарға талдау жасап отырған еді. Жиын соңы қызу пікірталасқа ұласты.
Ұжым мүшелерінің бірі той үстінде өз ойын айтқаны үшін азаматты жауапқа тартудың дұрыстығына күмән келтіріп, қазақтың дәстүрлі дастарқанында ерлер мен әйелдердің бөлек отыратын кездері болғанын алға тартты. Екіншісі бұл әрекетті ел арасына іріткі салуы мүмкін насихат деп бағалап, той төрін қоғамға өз көзқарасын таңатын орынға айналдыруға болмайтынын айтты. Сонымен бірге ерлер отырған дастарқандағы бос орындарға әйелдердің де еркін отырып жүргені, қазіргі той мәдениетінде мұндай қатаң жіктеудің бұрынғыдай сақталмайтыны сөз болды.
Талқы барысында «ұрғашы» сөзіне қатысты пікірлер де екіге жарылды. Бір тарап бұл сөздің қазақ тілінде бұрыннан бар екенін айтса, екінші тарап оны адамға қарата қолдану кемсіту сипатында қабылдануы мүмкін екенін алға тартты.
Ортақ пікірге келе алмаған осы әңгіме мені тағы бір мәселеге ойландырды: ер мен әйелді бір-біріне қарсы қою қаншалықты қажет? Дәстүр мен қазіргі қоғам талабын бір-біріне қарама-қарсы қоймай, олардың ара-жігін қалай түсінгеніміз дұрыс? Отбасындағы ер мен әйелдің орны, жауапкершілігі мен құқығы қандай болуы керек?
Көпшілік бұл мәселені отырыстарда да, әлеуметтік желілерде де талқылап жүргені белгілі. Мен де осы сауалдарға гендерлік саясатпен қатар, отбасы құндылықтары мен қазақы дүниетаным тұрғысынан жауап іздеп, осы мақаланы жазуға бел будым. Оқырманның бұл мәселеге қатысты өз пікірі болса, газетке жолдап, ортақ ойға өз үлесін қосса деген ниеттемін.

Ойды ой қозғайды. Күнделікті өмірде оқығаның бар, естігенің бар – бәрін әуелі жүрегіңе қабылдайсың. Оның бірі көңіл құсын шарықтатса, бірі құлазытып тастайды. Сонан соң барып санаңа сап саралайсың. Біріне-бірі қарама-қайшы оқиғалар еріксіз ойға батырады. Осындай ой елегінен өткен дүниелер «қара», «ақ» болып екіге жарылып жататын жағдай сіздің де басыңыздан өткен болар?

Әлеуметтік желіде Түркістан облысында той үстінде ерлер мен әйелдерді бөлек отыруға шақырған 66 жастағы ер адамның видеосы жарияланды. Оның пікіріне қосылатындар да табылды. Бірақ, көпшілік қазақ дәстүрін алға тартады. Өзіміздің қазақтың өткен ғасырдағы өмірін алайық. Рас, ол кезде тұрмыс билігі ер-азаматтардың қолында болды, өйткені қазіргідей ғылым дамыған жоқ. Ол кездегі басты мәселе – ұрпақ жалғастығы болатын. Ұлт, ру шашырап кетпеуі үшін, ата-баба жерін қорғау үшін ерлер күрес жолында болды. Әйел бала тәрбиелеп-өсіріп, отбасы-ошақ қасынан шыға алмады. Солай десек те, қабілетіне қарай өр мінезімен, ақыл-парасатымен көзге түсіп, елде аты аңызға айналған әйелдер көп саналады. Олардың атын атап санаудың өзі артық деп ойлаймын. Қазақта «екі жарты – бір бүтін» деп, яғни еркек пен әйел бірін-бірі толықтыратын біртұтас жаратылыс деп қараған, екеуінің одағын өмірдің негізі санаған. Олар отбасы мәселесін, ауыл мәселесін бірге шешіп отырған. Ер мен әйел тойды бірге тойлаған, ән салып, айтысып, ел әңгімесін айтқан, жастар алтыбақан теуіп, «ақ сүйек» ойнайтын. Ол жерде жақсы да болады, жаман да болады.
Білгенімізше, дүниенің екі жағы бар – ақ және қара: күн мен түн; жамандық пен жақсылық; қастық пен достық; адалдық пен арамдық т.т. кете береді. «Ағайының бір өліде, бір тіріде»; «Бір аштықтың бір тоқтығы бар»; «Бір бетін берген, бір сыртын берген…» дегендерден адамзат өмір ағысының екі жолына кезек түсіп отыратынын аңғарсақ керек. Және де, өмір тек бір ағыспен өтетін болса, тіршіліктің қадірін бағалай алмауымыз да мүмкін. Сондықтан Құдіретіміз алма-кезек дүние етіп жаратқан ғой. «Көп асқанға – бір тосқан», «Бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дегенде Алланың тек жақсылығын көріп, асқақтап кететіндерді тәубесіне келтіретін де, басына түскен ауырлық немесе бақытсыздықтан қайғырып, «мына жалған дүниеден түңіліп кетпесін» деп алдынан үміт күттіретін де бір жаратушы бар екендігін ескерту болар.
Иә, шыр етіп дүние есігін ашқан сәбидің алдына ақ пен қара жол қатар түсіп, өмір атты сапарға шығуы табиғи заңдылық болуы керек. Әрине шілдехана тойына жиналғандар оған ақ жол тілейді. «Көп тілеуі – көл» болып, ол баланың өмірде көрер жақсылықтары көп болуы мүмкін. Ата-анасының кінәсінен немесе өскен ортаның әсерінен сәбидің болашағына бұйырған жолдың қара үзіктері көп болуы да мүмкін. Бұдан байқайтынымыз – бала өміріне жауап беретін ата-анасы және өскен ортасы, «жақсы» мен «жаман» екен. Фариза Оңғарсынова:
«Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді,
Үйренеді күлуді, бірақ күліп өлмейді.
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және, жылап өледі, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туғанда – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын», – дейді.
Олай болса, адамзаттың өзі ақ және қара, яғни «жақсы» және «жаман» болып бөлінеді ғой. Неге біз оны «әйел» және «ер» деп бөлуіміз керек? Қазақта «Жаман әйел жақсы еркекті надан етеді, жақсы әйел жаман еркекті адам етеді» деген сөз бар. Бар мақалға кері тұжырым айтылғанда осы мақалға кері айтылған тұжырым жоқ екен. Сонда, жақсыны да, жаманды да жасайтын әйел деп ұйғаруымыз керек қой. Солай ма?
Олай болса, еш нәрсенің парқын білмейтін әйелді үлпілдетіп ел алдына шығарып, балаларына жол сілтеп, жарқын болашағына жағдай жасайтын немесе ел алдына шығатын әйелді қор етіп үйде ұстап, кейде ұрып-соғатын, балалаларының болашағына қамқор болудың орнына, күнделікті өмірін өксікке толтырып жүрген ер-азаматтың тәрбиешісі кім екен? Мүмкін «анасы» дерсіз? Өмірде әке тәлімін алып, оның әкелік қамқорлығының арқасында арман биігіне қол жеткізген ұл-қыз аз ба? Неге біз ер-азаматтың ой-түйсігін әйелдердің бейімдеуінің нәтижесіне балауымыз керек? Мүмкін осындай ұйғарым болғандықтан да ер-азаматтардың беделі түсіп жатыр ма?
Тойдағы азамат, керісінше, әйелдерді «ұрғашы» деп кемсіткен және ол «әйел ер адаммен қатар отырмау керек» деген. «Ерлердің беделін көтеру мақсатында айтылған пікір ме?» деп те қалады екенсің. Жоқ, бұл жерде басқа ой, басқа арна жатқан сияқты. Оны өзі заң алдында пайымдап беріп жатқан шығар?
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия (Алғашқы нұсқасы 1998 жылы құрылған) белсенді түрде жұмыс істейді. Ол отбасы («әйел» емес, «отбасы») институтын нығайту, гендерлік (гендер – ерлер мен әйелдердің қоғам талап ететін мінез-құлық, әдет-ғұрып және жауапкершілік) саясатты дамыту (яғни, адами капиталды тең дамыту) және демографиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында тұрақты түрде жиындар өткізеді, жобалар ұйымдастырады. Негізгі бағыттары: Отбасын қолдау орталықтарының жұмысын үйлестіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдердің қоғамдық-саяси және эконономикалық белсенділігін арттыру. Осының нәтижесінде әйелдер істері және отбасылық демографияға қатысты кешенді өңірлік бағдарламалар қалыптасты, яғни облыстық, аудандық әкімдіктер жанында комиссиялар құрылды. Олар демографиялық жағдайды жақсартуға жәрдемдесіп, ата-аналардың, яғни ер мен әйел мүмкіндіктері теңдігі бойынша сауат ашуларына, экономикалық саладағы әйел мен ер мүмкіндіктер теңдігіне қол жеткізуге, кәсіпкерлікті дамытуға, отбасындағы және жұмыс орнындағы зорлық-зомбылықты болдырмауға, халықтың денсаулығын сақтауға тағы басқаға ықпал етеді. Ер мен әйел деп бөлмей, азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарын қарау қорытындылары бойынша материалдарды жергілікті бюджеттен қаржыландыратын атқарушы органдардың, орталық мемлекеттік органдардың аудандық бөлімшелерінің немесе мемлекеттік органдардың қарауына, мәні бойынша шешім қабылдау үшін жолдайды. Біздің елде, тіпті, бала құқығы да қорғалады. Бар азаматтың құқығы бірдей қорғалатын болса, неге біз ер және әйел деп бөлінуіміз керек?
Бүгінгі таңда ғылым айлап емес, күн сайын даму үстінде. Елдің бәрі сауатты. Соның өзінде біз әлі әйел мен ерлер мәселесін алдыға тартамыз. Ер адамның ел алдындағы азаматтық парызын өтеу жолында әйел өз қабілетін құрбандық етуге міндетті дегенді сөз етеміз. Соны ер-азамат «толық түсіне ала ма?» деген сұраққа жауап іздейміз. Әйелдің өз қабілетін құрбан етіп, Алланың өзіне жұптап қосқан пендесінің қандай да бір жетістікке қол жеткізуіне көрсеткен көмегін дұрыс пайдалана алмай, халық үшін қызмет ету былай тұрсын, өз отбасына қамқорлық көрсетуді ойламайтын ерлер қаншама. Ал өзінің артықшылығын бұлдап, «ер істегенді мен де істеймін» деп, көкірегіне нан пісетін әйел де бар. Алланың берген дарынын ел игілігіне жұмсай алмай, өмірін өксікпен өткізгендердің кінәсі неде? Әрине, өмір атты ағыны қатты өзенде серігімен қатарласып жүзе білмеуде дер едім. Біріне-бірі сүйеу бола алмай, қол ұстасып, жұптасып, бір-біріне сенім арта алмауда дер едім.
Сондықтан да, ағайын, «сен –ерсің, сен – әйелсің» демей, бір-бірімізді көтерейік. Біреудің, мейлі ол ер болсын, мейлі әйел болсын, бір жылт еткені болса, қол ұшын беріп көмектесіп, жарқыратып мадақтап, үлгі етуге ұмтылайық. Тек ер және әйел емес, қазақ елі, қазақ жұрты болып жұмылып, бірауыздылық көрсетсек қой, шіркін! Ұлтымыздың санын да, сапасын да жақсартсақ игі еді!

Құралай Нарынбай немересі,
Талдықорған қаласы