Қысқа да нұсқа

0
36

«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ»

Жоғары оқу орны мен колледжді енді тәмамдаған жастар үшін еңбек нарығына ену оңай емес. Әсіресе жұмыс тәжірибесінің болмауы тұрақты қызметке орналасуға кедергі келтіріп жатады. Осы мәселені шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Жастар практикасы».
«Жастар практикасына» техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын соңғы бес жыл ішінде тәмамдаған, 35 жасқа толмаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады.
Жастар практикасы міндетті түрде түлектің алған мамандығына сәйкес ұйымдастырылады. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Қатысушы ресми түрде жұмысқа орналасып, еңбекақы алады. 2026 жылы ай сайынғы жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке, яғни 129 750 теңгеге тең. Жалақы бюджет қаражаты есебінен төленеді.
Биыл «Жастар практикасы» бағдарламасымен 25 мың қазақстандықты қамту жоспарланған. 1 тамыздағы мәлімет бойынша, олардың шамамен 8,5 мыңы бағдарламаға қатысуға жолданған. Бағдарламаға қатысу үшін алдымен Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

«ШАПАҒАТ» МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Шәкірттері беделді халықаралық жарыстарда топ жарған ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында талдықорғандық мұғалім Меруерт Абаева да бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Талдықорған қаласындағы №24 лицейдің мұғалімі Меруерт Абаева «Шапағат» медаліне ие болды.
Беделді марапат – ұстаздың кәсіби еңбегіне берілген жоғары баға. Меруерт Абаеваның шәкірттері халықаралық деңгейдегі білім додаларында ел намысын қорғап, жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде тұрған 51 отбасы жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. Жаңа қоныс иелерін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады.
Жаңа баспаналар мемлекеттік қолдау шаралары аясында берілді. Пәтерлерге көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар қоныстанды.
Жетісу облысының орталығында тұрғын үй құрылысының көлемі де артып келеді. Жыл басынан бері Талдықорғанда 49 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға жоғары.
Жыл соңына дейін облыс орталығында 1400-ден астам отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Бірлік» шағын ауданында 170 пәтерлік екі кредиттік үй, ал «Ынтымақ» тұрғын алабында 200 пәтерлік бес бесқабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек.

«ARLAN TDK» ЗАУЫТЫНЫҢ
ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл абаттандыру және құрылыс саласына арналған тастан жасалған бұйымдар өндіретін «Arlan TDK» зауытының жұмысымен танысты.
Қала әкімі өндіріс орнын аралап, зауыттың жұмыс барысы мен дайын өнім түрлерін көрді. Ол қаладағы абаттандыру және құрылыс жұмыстарында жергілікті өнімді кеңінен қолдануға жағдай жасау қажеттігін атап өтіп, кәсіпорын ұжымына табыс тіледі.
Зауыт директоры Валерий Панның айтуынша, 2013 жылы негізі қаланған отбасылық кәсіп бүгінде әулеттің үшінші буынына өткен. Қазіргі таңда мұнда 30-ға жуық қала тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын айына шамамен 4 мың шаршы метр өнім шығарып, тротуар төсемдері, бордюр, құмблок пен шлакоблокты қоса алғанда 10-нан астам өнім түрін өндіреді.

300-ДЕН АСТАМ ЕСІРТКІ ОРАМЫ ТӘРКІЛЕНДІ

Жетісу облысында полиция қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз тасымалдады деген күдікпен 19 жастағы азаматты ұстады. Көлікті тексеру кезінде 300-ден астам орам есірткі тәркіленген.
Оқиға Көксу ауданының Балпық би ауылында болған. Полицейлер жанармай құю станцияларының біріне жақын маңда Daewoo автокөлігін тоқтатқан. Көліктен скотчпен оралған пакет табылған.
Тексеру барысында оның ішінен ұнтақ тәрізді зат салынған 310 орам анықталды. Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың есірткі және психотроптық заттар екені белгілі болған. Атап айтқанда, 65 грамнан астам мефедрон, 79 грамнан астам α-PVP және шамамен 17 грамм гашиш табылған.
Полицияның мәліметінше, аталған заттар әрі қарай заңсыз таратуға дайындалған болуы мүмкін.
19 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Құқық (Ақпараттар ашық дереккөздерден алынды) органдары есірткінің қайдан алынғанын және заңсыз айналымға қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғаларды анықтап жатыр.

(Ақпараттар ашық дереккөздерден алынды)