ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАРИЯЛАНДЫ

0
36

          23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысқан сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адамды құрады. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындысын жариялады.

 

САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Қазақстан бойынша 9 352 151 сайлаушы бюллетень алған. Бұл сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 74,19 пайызын құрады.
Өңірлер арасында дауыс беруге қатысу белсенділігі ең жоғары Түркістан облысында тіркелді. Мұнда сайлаушылардың 92,16 пайызы дауыс берді. Жетісу облысында бұл көрсеткіш 91,19 пайызды, Қызылорда облысында 90,75 пайызды құрады.
Ақтөбе облысында сайлаушылардың 88,30 пайызы, Шығыс Қазақстан облысында 87,50 пайызы, Жамбыл облысында 85,18 пайызы дауыс беруге қатысты. Ақмола облысында бұл көрсеткіш 82,69 пайыз болса, Абай облысында 81,41 пайызға жетті.
Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың 77,31 пайызы, Қостанай облысында 76,47 пайызы, Қарағанды облысында 76,28 пайызы дауыс берді. Шымкент қаласында дауыс беруге қатысу көрсеткіші 75,42 пайыз болды.
Батыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 73,38 пайызы дауыс берсе, Маңғыстау облысында – 71,38 пайыз, Павлодар облысында – 71,20 пайыз, Алматы облысында – 71,17 пайыз дауыс берді. Атырау облысында бұл көрсеткіш 70,74 пайызды, Ұлытау облысында 70,72 пайызды құрады.
Қалалар арасында дауыс беруге қатысу деңгейі Астана мен Алматыда төмен болды. Астана қаласында сайлаушылардың 51,67 пайызы дауыс берсе, Алматы қаласында бұл көрсеткіш 43,23 пайызды құрады.

ДАУЫС БЕРУ НӘТИЖЕСІ

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, сайлаушылардың нақтыланған тізіміне сәйкес, еліміз бойынша сайлаушылардың жалпы саны 12 623 289 адам болды. Оның ішінде 9 865 азамат цифрлық үкімет порталы, азаматтардың тіркелген жері туралы мәліметтерді тексеру және дауыс беру учаскелерінің мекенжайлары бойынша тіркеуге арналған онлайн сервистер арқылы сайлаушылар тізіміне енгізілген.
Дауыс беру қорытындысы бойынша партиялардың алған дауыстары төмендегідей бөлінді:
«Әділет» партиясы – 6 528 948 дауыс (71,17%);
Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 469 058 дауыс (5,11%);
«Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясы – 97 751 дауыс (1,07%);
Қазақстан Халық партиясы – 285 395 дауыс (3,11%);
«Ауыл» партиясы – 574 621 дауыс (6,26%);
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 478 083 дауыс (5,21%);
Respublica партиясы – 509 631 дауыс (5,56%);
«Бәріне қарсы» – 2,51%.

МАНДАТТАР ҚАЛАЙ БӨЛІНДІ?

Сайлау қорытындысына сәйкес, депутаттық мандаттар бес партия арасында бөлінді. 5 пайыздық межеден өткен саяси партиялар Құрылтай құрамына өз өкілдерін өткізді.
Мандаттар төмендегідей бөлінді:
«Әділет» партиясы – 110 мандат;
Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 8 мандат;
«Ауыл» партиясы – 10 мандат;
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 8 мандат;
Respublica партиясы – 9 мандат.
Осылайша, депутаттық мандаттардың басым бөлігі «Әділет» партиясына тиесілі болды.

ДЕПУТАТТАРҒА КУӘЛІК ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?

ОСК хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, жаңадан сайланған депутаттарға мандат куәліктерін табыстау мерзімі партиялардың шешім қабылдау жеделдігіне байланысты.
Сайлау қорытындысы ресми жарияланғаннан кейін 5 пайыздық межеден өткен партиялар өздерінің басқару органдарының отырыстарын өткізіп, тізімге енгізілген кандидаттар арасында мандаттарды бөлу туралы шешім қабылдайды.
«Партиялар мандат берілген адамдар туралы тиісті деректерді Орталық сайлау комиссиясына ұсынғаннан кейін қажетті құжаттарды дайындауға аз уақыт қажет. Содан соң депутаттарға куәліктер табысталады. Яғни, бәрі партиялардың басқару органдарының жеделдігіне байланысты», – деді Шавкат Өтемісов.
Осылайша, партиялар мандаттарды нақты кандидаттар арасында бекітіп, тиісті құжаттарды ОСК-ға ұсынғаннан кейін Құрылтай депутаттарына куәліктер табысталады.

Дереккөз: baq.kz, buginmedia.kz