Жетісулықтар жақсы жетістікке жетті

0
30

 

Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында ауыр атлетикадан жас жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Zakon.kz. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының нәтижесі төменде көрсетілген.

 

Жас жеткіншектер арасында Снежана Кашкарова (57 келіге дейін), Ксения Прозорова (61 келіге дейін), Бейбарыс Ерсейіт (65 келіге дейін), Нұржан Жұмабай (95 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Төрехан Асанхан (70 келіге дейін) күміс медальға ие болды.Ал Нұрсыйла Берікбол (57 келіге дейін), Софья Шешукова (77 келіден жоғары) үшінші орын алды.
Жасөспірімдер арасында Снежана Кашкарова (57 келіге дейін), Аянат Жұмағали (77 келіге дейін), Ақжол Құрманбек (85 келіге дейін) алтыннан алқа тақты. Софья Шешукова (86 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды.Ал Бейбарыс Ерсейіт (65 келіге дейін), Ерасыл Сәулебеков (85 келіге дейін), Әлихан Әскербай (95 келіге дейін) қола медальға ие болды.
Осы біріншілікте жетісулық зілтеміршілер жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, ортақ табысқа өлшеусіз үлес қосты. Өткен жолы Снежана Кашкарованың жарқын жеңісі жайлы хабарлаған болатынбыз. Енді сарқандық қос саңлақтың табысы жайлы тоқтала кетсек. Атап айтсақ, білікті де білімді бапкер Нұрболат Жаманқыз баулып жүрген Сарқан өңірінің түлектері Ақжол Құрманбек пен Әлихан Әскербай кезекті мәрте өздерінің шеберлігін танытты. 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ақжол Құрманбек жұлқа көтеруде 160 келіні бағындырып, серпе көтеруде 198 келіні ырқына көндіріп, қоссайыс қорытындысында 358 келі жинап, Азия чемпионы атанып қана қоймай, Азияның жаңа екі рекордын орнатты. Ал Әлихан Әскербай 95 келі салмақта бірінші рет сынға түсіп отырғанына қарамастан өзінің алты мүмкіндігін де сәтті пайдаланып, жұлқа көтеруде 163 келі салмақты еңсеріп, кіші күміс медальға ие болса, серпе көтеруде 198 келіні еңсеріп, кіші қола медальға ие болды. Сөйтіп қоссайыс қорытындысында 361 келі салмақты игерген Әлихан жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Өз тілшіміз

«Алатау»