Биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық

0
39

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Ол 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданды. Сонымен бірге 1995 жылғы Конституцияның күші жойылды. Негізгі өзгерістердің бірі — екі палаталы парламенттен бас тарту болды. Енді Сенат пен Мәжілістің орнына Қазақстанда 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай жұмыс істейді. Конституция вице-президент лауазымын қайтарады. Ол мемлекет басшысының мұрагерлік кезегінде бірінші болады және президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өз функцияларын орындау мүмкін болмаған жағдайда оның міндетін атқарады.

Ата заң преамбула (мемлекеттің басты құндылықтары мен мақсаттарын айқындайтын кіріспе), 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Мұнда 77 бап жаңарып, 4 бөлімнің атауы өзгерді. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді. Конституция жобасының алғашқы баптары өзгеріссіз қалды. Онда Қазақстанның демократиялық, зайырлы және унитарлы мемлекет екені айтылған. Оған қоса биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық екені тағы да нақтыланған. Ешкімнің мемлекеттік билікті өз бетінше иеленуіне жол берілмейді және мұндай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал халықтың атынан сөйлеу құқығы президент пен құрылтайға беріледі. Конституция жобасында жаңа заңдардың қалай қолданылатыны нақты көрсетілген. Егер заң азаматтарға жаңа міндеттер жүктесе немесе олардың құқық жағдайын нашарлатса, ол кері күшке ие болмайды, яки заң күшіне енгенге дейін болған оқиғаларға қолданылмайды. Егер заң жауапкершілікті күшейтсе, оның да кері күші болмайды. Ал заң бұрынғы құқық бұзушылық үшін жазаны жеңілдетсе немесе мүлде алып тастаса, онда азаматтарға жаңа, жеңілдеу заң қолданылады. Қазіргі қолданыстағы Конституция бойынша қаржы саласындағы арнайы құқықтық режимді тек Астана қаласында қолдануға болады.
Қолданыстағы Конституцияда әр азаматтың жеке бас бостандығына құқығы, ұсталған жағдайда адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігі, заң мен сот алдында теңдігі және кемсітушілікке жол берілмейтіні жазылған. Сонымен қатар адамды тек соттың шешімімен қамауға алуға болады, ал өлім жазасына тыйым салынған.
Жаңа Конституцияға сәйкес барлық деңгейдегі соттардың судьяларын президент Жоғары сот кеңесінің ұсынымы бойынша тағайындайды. Бас прокурордың өкілеттік мерзімі бес жылдан алты жылға дейін ұзартылады.
Осылайша, 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттілікті одан әрі ныға йтуға, демократиялық институттарды дамытуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық құқықтық құжат болып табылады. Оның қабылдануы елдің конституциялық дамуының маңызды кезеңіне айналып, Қазақстанның саяси-құқықтық жаңғыруының жаңа бағытын айқындады.

Ермек ДҮЙСЕМБАЕВ,

Текелі қалалық сотының судьясы