Еңбек ерінің мұражайында

0
34

Ауыл әкімі

Ел тарихында туған жеріне адалдығымен, маңдай атын қалдырған еңбек адамдары аз емес. Солардың қатарында қазақтың еңбек майталманы, қоғам және ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы Нұрмолда Алдабергеновтің орны ерекше. Биыл туғанына 120 жыл толып отырған өнегесі өшпейтін тұлғаның мемориалды музейіне зейнеткер оқытушы-ұстаз, бірнеше кітаптың авторы Бағила Азанбаева екеуміз бас сұққан едік.

Сол жақта бірінші тұрған — Алдабергенова Рабиға Нұрмолдақызы ауыл зейнеткерлерімен

Бағила Азанбаева және Құралай Мусанова музей экскурсаводы Жанар Ахатовамен

Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейінің экскурсия жетекшісі Ахатаева Жанар Өсімқұлқызы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Ол экскурсия барысындағы әңгімесін «Еңбек Ері» атағының екі мәрте иегері батыр атамыздың 1959-1961 жылдары отбасымен осы шаңырақта тұрғандығынан бастады.
Кейін әртүрлі жағдайларға байланысты Н. Алдабергенов бұл үйді облыстық оқу бөліміне тапсырыпты.
1986 жылы тамыз айында музей ресми түрде ашылып, Нұрмолда Алдабергеновтың есімі берілген. Ашылуына үлес қосқан Алматы облысының құрметті азаматтары екендігін айта келіп, осы колхозды 1978-2006 жылдары басқарған Жанатов Көшкінбай Жанатұлын және Н. Алдабергеновтың еңбектегі шәкірті, музейдің алғашқы директоры – Тергеуова Шайбала Әмірисақызын ерекше атады. Ресми түрде қабылдатып, көмек көрсеткен Д.А. Қонаевтың еңбегі екендігі даусыз.
Музей 12 бөлмеден тұрады. Соның бәрін аралатып, қызықты әрі әр экспонатқа жан бітіргендей етіп таныстырып шыққан Жанар Өсімқұлқызының дауыс ырғағы, сөйлеу мәдениеті және тыңдаған адамды баурап алу қабілеті жоғары деңгейде екен. Қай экспонаттың қайдан алынғандығынан да, қаншасы музейде, қаншасы архивте екендігінен де, қаншасы көшпелі музей санатында екендігінен де хабардар етті бізді. Қойылған әрбір сұраққа терең де мұқият жауап берді. Экскурсия жетекшісінің біліміне тәнті болдық.
Жоғарыда айтып өттім ғой, «Нұрмолда ауылына оқытушы-ұстаз, бүгінде зейнеткер Бағила Азанбаевамен бардым» деп. Бір қызығы, ол кісі осы ауылда ұстаздық еткен жылдары бүгінде мұражайға айналған үйде отбасымен тұрғандығын, өзіне қай бөлмелер тиесілі болғандығын әңгімелеп, ауылдағы еңбек адамдарының біразын танып, олардың еңбектегі жетістіктерімен, естеліктерімен бөлісті. Өте мазмұнды саяхат болды және ойдан ой туындап, алдағы күндерге «оқушылармен кездесу ұйымдастырсақ» деген пікір айтты Жанар. Осындай өз ісіне жетік мамандар көп болса екен деп тілейік. Риза көңілімізді «Ықылас кітапшасына» қалдыруды да ұмытпадық.
Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің меңгерушісі Шаймұхамбетова Гулшат Ерболғанқызымен бірлесе отырып, мемориалды музейдің экскурсия жетекшісі Ахатаева Жанар Өсімқұлқызы атамыздың 120 жылдық мерейтойына орай және музейдің 40 жылдығына арналған «Өнегелі өмір – өшпейтін мұра» атты мәдени-тағылымдық шара осы музейдің алаңында ұйымдастырылатындығын айтып, қонақ ретінде қатысуымызды сұрады. Шақыруды қабыл алдық.
Музейден шыққан соң қос жұлдызды Н.Алдабергенов ескерткішінің жанындағы осы ауылдан шыққан жиырма батыр – он тоғызы «Социалистік Еңбек Ері» және «Кеңес одағының Батыры» – Матай Байысовтың мүсіндеріне тағзым етіп, ауыл әкімі Жалғас Бақытұлы Садырбаевтың қабылдауына кіріп шықтық. Бізді жылы қарсы алған ауыл әкімі екі мәрте «Еңбек Ері» Н.Алдабергеновтың 120 жылдығы облыс көлемінде қазан айында тойланатындығын және оған дейін қандай іс-шаралар өтетіндігінен хабардар етті.

Өнегелі өмір –
өшпейтін мұра

16 қыркүйек күні Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейінде батыр атамыздың туғанына 120 жыл және музейдің құрылғанына 40 жыл толуына орай «Өнегелі өмір – өшпейтін мұра» атты мәдени іс-шара өтті.
Келген жұртшылық назарына республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында музей қорынан жасалған «Дала академиясы» кітап көрмесі мен «Дәстүр тағылымы» деген танымдық бұрышты тамашалау ұсынылды.
Шараның басты мақсаты – халқына еңбегі сіңген тарихи тұлғаның есімін ұлықтау, оның өмір жолы мен еңбек тәжірибесін кейінгі ұрпаққа таныстыру.
Мерекелік жиынға Алдабергенов ауылының тұрғындары, ауыл мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, білім беру саласының мамандары, ұстаздар мен оқушылар, мәдениет қызметкерлері және еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
Тағылымы мол жиынға Нұрмолда Алдабергеновтың қызы Рабиға Алдабергенова, музейдің алғашқы директоры, Нұрмолда Алдабергеновтың еңбектегі шәкірті – Шайбала Тергеуова да келді. Іс-шара барысында қонақтарға құттықтау сөздер беріліп, Нұрмолда Алдабергеновтың өмірі мен еңбек жолына қатысты тарихи деректер мен естеліктер баяндалды.
Саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра қалдырғандығы, оның ел үшін атқарған еңбегі халық тарихының ажырамас бөлігіне айналғандығы айтылды. Кездесу барысында Нұрмолда Алдабергеновтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Оның қарапайым еңбек адамынан елге танымал ұйымдастырушы дәрежесіне дейін көтерілуі кейінгі буынға үлгі екені атап өтілді. Жиында ауыл тұрғындары мен еңбек ардагерлері де өз естеліктерімен бөлісті. Олар Нұрмолда Алдабергеновтің еңбекқорлығы, елге қызмет етуі және туған жердің дамуына қосқан үлесі туралы әңгімеледі. Өткен тарихты ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет екені әңгімеленді.
Оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тарихи тұлғаның өнегелі өмірі мен қызметі туралы құнды мәліметтер алды. Өлеңдер оқып, әндер шырқады. Жас өнерпаздар мен мәдениет қызметкерлері өз өнерлерімен мерекелік бағдарламаның мазмұнын байытты. Ұлттық дәстүрдің белгісі ретінде шашу шашылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй қалыптастырды. Өнерпаздар Нұрмолда Алдабергеновтің өнегелі өмірі мен туған жер тақырыбын арқау еткен ән-жырларын орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл шараның тағы бір маңызды бөлігі – Нұрмолда Алдабергенов мемориалды музейінің экспозициялық залдарына ұйымдастырылған арнайы экскурсия болды. Музей Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен еңбек жолын, оның ел тарихындағы орнын кейінгі ұрпаққа таныстырып келе жатқан рухани-мәдени орталыққа айналды. Өнегелі өмір – ұрпаққа үлгі, өшпес мұра ел жадында осылай қалмақ
«Бұл – музей жұмысының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Нұрмолда Алдабергеновтың есімі уақыт өткен сайын жаңғырып, оның еңбегі ел жадында сақтала бермек. Тұлғаның өнегелі өмірі – бүгінгі ұрпаққа сабақ, келешекке аманат. Мерейтой аясында ұйымдастырылған тағылымды шара осыны тағы бір мәрте айғақтады. Ауыл тұрғындары мен мекеме ұжымдарының, ұстаздар мен оқушылардың басын қосқан мәдени жиын ел тарихына деген ортақ құрметтің көрінісіне айналды.
Елге еңбек сіңірген ерлердің есімін ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған тағылымды қадам. Сондықтан Нұрмолда Алдабергеновтың өнегелі жолын дәріптеу, оның еңбек мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейінің 40 жылдық тарихы мен тұлғаның 120 жылдығына арналған бұл тағылымды шара – өткенге құрмет көрсетіп, келешекке өнеге қалдырудың жарқын үлгісі болды», – дейді Н.Алдабергеновтың мемориалды музейінің меңгерушісі Г.Шаймуханбетова.
Рас. Өнегелі өмір – өшпейді. Еңбекпен елге қызмет еткен Нұрмолда Алдабергеновтың есімі де, ел игілігі жолындағы еңбегі де халық жадында мәңгі сақталады.

Құралай Мусанова
«Алатау»