Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет
Теміржол – елдің экономикалық және әлеуметтік өміріндегі маңызды көлік жүйелерінің бірі. Күн сайын теміржол арқылы мыңдаған жолаушы мен түрлі жүктер тасымалданады. Алайда теміржол инфрақұрылымының үздіксіз жұмысы жоғары жауапкершілікті және белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауды қажет етеді.Теміржолдың әрбір учаскесі, әсіресе пойыздар жүріп өтетін жол маңы, қауіпсіздік тұрғысынан ерекше бақылауды талап етеді. Себебі қозғалыстағы пойыздың салмағы ауыр, жылдамдығы жоғары және оны қысқа қашықтықта тоқтату мүмкін емес.
Үштөбе жол дистанциясында қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін факторлардың бірі – теміржол жолына малдың шығуы. 2026 жылғы есептік кезеңде дистанция аумағында 42 шұғыл тежеу жағдайы тіркелді. Оның ішінде 19 жағдайда малды басып кету фактісі орын алса, 23 жағдайда пойыз машинистерінің шұғыл әрекеті нәтижесінде малға соқтығысудың алдын алу мүмкін болды.
Бұл сандардың әрқайсысының артында нақты қауіптің тұрғанын түсіну маңызды. Пойыз жолында пайда болған кедергі машинистен жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауды талап етеді. Ал шұғыл тежеу пойыздағы жолаушылардың жайлылығына ғана емес, олардың қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың салдарымен күрескеннен гөрі, олардың алдын алу әлдеқайда тиімді.
Теміржолға жақын орналасқан елді мекендерде мал ұстау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Малдың қараусыз қалуы оның теміржол жолына шығуына себеп болуы мүмкін. Мал иелері малды бақылауда ұстап, қоршаулардың жарамдылығын қадағалауы қажет. Қоршаулардың зақымдануы немесе малдың жолға шығуына мүмкіндік беретін ашық жерлер уақытылы қалпына келтірілуі тиіс.Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін мұндай шаралар пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Теміржолдағы қауіп тек пойызбен соқтығысумен шектелмейді. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, пойыз тоқтайтын немесе жүретін жолға жақын тұру, вагондарға шығу – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекеттер. Теміржолды тек арнайы белгіленген өткелдер арқылы кесіп өту қажет. Жолды кесіп өткен кезде телефонға алаңдамай, құлаққап қолданбай, екі жақтан пойыздың жақындауын мұқият бақылаған жөн. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге бұл талаптарды үнемі түсіндіріп отырған дұрыс. Теміржол бойындағы ойын немесе суретке түсу үшін жолға шығу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Теміржолдағы қауіпсіздік тек техникалық шаралармен қамтамасыз етілмейді. Тұрғындардың қауіпсіздік мәдениеті де үлкен рөл атқарады.Осы бағытта теміржол қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, теміржол маңындағы қауіпсіз жүріс-тұрыс талаптарын жеткізеді. Мұндай жұмыстардың мақсаты – жазатайым оқиға болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу. Әрбір азамат теміржол нысандарына жауапкершілікпен қарап, қауіпті жағдайды байқаса, тиісті қызметтерге хабарлауы қажет.
2026 жылғы Үштөбе жол дистанциясында тіркелген 42 шұғыл тежеу жағдайы теміржол қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайтынын көрсетеді. Оның ішінде 19 жағдай малдың басып кетуімен аяқталса, 23 жағдайда машинистердің дер кезінде қабылдаған шаралары соқтығысудың алдын алуға мүмкіндік берген. Дегенмен негізгі мақсат – шұғыл тежеу санын азайтып, мұндай жағдайлардың туындауына жол бермеу.
Теміржол қызметкерлері өз міндетін сапалы атқарса, тұрғындар белгіленген талаптарды сақтап, мал иелері жауапкершілік танытса, көптеген қауіпті жағдайлардың алдын алуға болады.Теміржолдағы қауіпсіздік – бір адамның емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Асхат БАЙТУЛАҚОВ,
Үштөбе жол дистанциясы
бастығының орынбасары
