Бір мамандықтың мәңгілік иесі

0
37

Еңбек жолын алғаш рет трактор руліне отырудан бастап, зейнет жасына дейін сол темір тұлпардың тізгінін жібермеген қарапайым тракторшының өмір жолы –шынайы еңбек адамының өз кәсібіне өмір бойы адал болуы – сирек кездесетін құбылыс. Бұл өз кәсібіне деген адалдықтың жарқын үлгісі. Тракторшының еңбегі – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, асқан төзімділікті қажет етеді. Тракторын да айдап, комбайнын да игеріп, қаңтардың аязына, шілденің шіліңгір аптабына төзіп, қырық жыл өмірін ауыл шаруашылығына арнаған Ақсу ауданының тұрғыны Оразбаев Елемес ақсақал биыл 85 жаста.

 

Мара Елемесқызы анасы Бижамалмен

Елемес Оразбаев

Қырық жылдан астам уақыт ішінде ол туған жердің әрбір сүйемін, әрбір сай-саласын жатқа біліп өсті. Көктемгі егіс науқанында жер жыртып, күзгі жиын-терімде астық тасыған әрбір күні оның өмірінің алтын парақтарына айналды. Ол үшін ең үлкен бақыт – өзі жыртып, дән сепкен даланың жап-жасыл болып көгергенін және күзде алтын масаққа толып, қамбаға құйылғанын көру еді. Ол өзін жай ғана механизатор емес, халықты асыраушы нанның бастауында тұрған маңызды адам сезінді. Жылдар өтіп, техника да, заман да өзгерді. Ол алғаш мінген ескі, шулы тракторлардың орнына заманауи, кондиционері бар жаңа кешендер келді. Бірақ кейіпкеріміздің жұмысқа деген ықыласы мен адал ниеті еш өзгерген жоқ. Ол жас буынға тек техниканы меңгеруді емес, жерді сүюді, еңбекті қадірлеуді үйреткен абыз ақсақалға, өндірістің тірегіне айналды. Міне, бүгінде маңдайындағы терең сызықтар – жылдар бойғы қажырлы еңбектің, ал қатайған алақандары – адал нанның белгісі. Еңбек жолын тракторшы болып бастап, тракторшы болып аяқтау – бұл мансап өспеді деген сөз емес. Бұл – өз кәсібіне, өз жеріне және өз ар-ожданына деген ұлы адалдықтың жеңісі. Кейіпкеріміздің өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін нағыз еңбекқорлықтың мектебі.

Жадыра Елемесқызы

Ол Талдықорған облысы Ақсу ауданы Қаракөз ауылында 1941 жылы дүниеге келген. 1957 жылы, 7 кластық білімнен кейін біраз оқып, трактор тізгіндеген. «Басқан» қой совхозында трактор айдады. Содан 1991 жылға дейін совхоздың бар шаруасында трактор, комбайн айдап, 1996 жылы зейнеткерлікке шықты.
Кеңес заманында еңбек адамын қатты құрметтеуші еді. Әсіресе ауылшаруашылығы еңбеккерлері сіңірген еңбектеріне сәйкес мадақталып, орталық одақтық кәсіподақтар арқылы санаторлық-курорттық жерлерге демалуға жіберілетін.
Кәсіби механизатор Елемес ақсақалдың еңбегі еленіп 1975 жылы кезектен тыс «Москвич» маркалы машина алды.
1976 жылдан бастап үкімет Россияның, Украинаның, Солтүстік Кавказдың (Одесса, Кисловодск, тағы басқа) қалаларын аралатып, демалыс үйіне демалуға жіберген. Москваға екі рет барып, Ленин мавзолейін көрген кісі. Партия мүшелігіне қабылданған соң партия жиналысынан қалмайды екен. Осы жылдар ішінде алған марапаттары сансыз.
Олардың бәрі – ерен еңбектің жарқын белгісіндей ақсақалдың омырауында жарқырайды. Асыл жары Қалибекова Бижамалмен 60 жыл бірге өмір сүріп, 7 бала өсіріп, немере, шөбере сүйіп отырған аяулы әке, сүйікті ата.
Әкеден 3 ұл, 4 қыз. Қыздар : Марал, Мара, Жадыра, Жазира – төртеуі де жоғары білімді педагог маман. Ұлдар: Талғат, Талғар, Талап – үшеуі де құрылысшы.
Немерелері жоғары оқу орындарын аяқтап, әр салада қызмет атқарады.
Шөберелері балабақшада.
Еңбекқор Елемес ақсақалдың ұрпағы Мара ханыммен жолығып, әңгімелесудің сәті түскен еді.

Әкенің еңбек иісі…

            — Әкеміз, Ақсу ауданының «Басқан» қой совхозында қойшылардың базасына жұмыспен кетеді. Жиналып жатқанда жылаймыз, «кетпе» — деп. Сол кезде әкеміз үйден шығып бара жатып май басқан, тері сіңген бас киімін қолымызға береді де «сағынғаңда осыны иіскеп жүріңдер» дейтін. Жалықпай күтеміз, ұйықтамай жолға қарап отырамыз. Алыстан кішкентай шам жанса «әкеміз келе жатыр» деп айқайлап жүгіре қарсы аламыз. Ол кісі балажан . Мейірім толған құшағына бәріміз сиып кетуші едік. Дастархан басында отырғанда бәрімізге ата-тегімізді айтқызып, емтихан алғандай қайталап сұрап отыратын. Қай елміз? «Матай Шоқпармыз» — деп қайталаудан біз де жалықпаушы едік. Баламыз ғой…Әкеміздің балажандығы сол, бізді жылатпайтын. Балалардың бірі жыласа, «жылатпа, сұрағанын бер» — деп отырады. Ауырып қалсақ, қара тоны болған, соған орап тастайды – жазыласыңдар деп…
Анашым бізге риза болғанда міңдетті түрде: «Ой, Матайлар, Матайдың қыздары»- деп мақтап қояды, біз соғаң мәз болып бір марқайып қаламыз.
Әкеміз әлі күнге дейін «мен ешкімге қарыз емеспін, өкіметке де, көршіге де – өйткені таза жүрдім, ешкімді алдағам жоқ, өз еңбегіммен жеттім осы күнге. Біреу менде бар затты сұраса қолымнан келгенше жақсылық жасаймын. Басқадай көмек сұраса шамам келгенше тілегін орындайтынмын» — деп отырады. Басынан өткен талай оқиғаларды әңгімелейді…
Талай қойшылардың базына барып, ол кезде үлкен мая шөптер қыста қатты қатып қалатын, соларды айтқызбай бұзып беретін. Әсіресе боран соғып тұрған кезде, айлап кетеді, үй көрмейтін. Осылайша, талай адамдардың ақ батасын алған екен.
Әкемізді ауылдастары «Елеке» десе, бауырлары еркелетіп «Елепай» деп атап кеткен. Бізден сұрайды – кімнің баласысың?- деп. «Елемес» десек, «а, Елепай?» деп ерекше құрметпен түзетіп қоятын», — дейді Мара ханым балалық шағына қайта оралғандай болып. Иә, есейген сайын бал — балалыққа деген сағыныш арта береді екен.

Анам пісірген нанның дәмі

            Мара әңгімесін жалғады: «Анашым үйде қыста он төрті бірақ сиятын пешке нан пісіреді. Ол кезде «Лес» дейтін табаға ашыған нанды күлшелеп салып, көтерілгенше бетін жауып, тұрғызып қояды. Сосын пешті жағып, шоғына лестерді қойып, пештің аузын жылылап бекітеді. Нанның піскен уақытын сағатқа қарамай-ақ білетін. Пештен томпиып шыққан бөлке нанның иісін айтсаңшы, керемет. Біздің үйде нанға деген құрмет ерекше болды. Бізді нан қадірлеуге үйретті, «ыстық кезінде шикі болады» деп, үзгізбейтін. Үстін суығанша жылы жауып қойып, содан кейін ашатын нанның жабуын. Ол нан бір аптаға жетеді, сөйтіп апта бойы аш болмаймыз.
Ыстық кезінде үстіне қаймақ, май жағып беретін, әлі күнге дәмі аузымызда. Көктемге дейін нанды үйдегі нан пешке піісіреді — үй де жылы, қарын да тоқ. Ал көктемде қазан пешке көшетін. Жазда қазан жаппа жасайды. Оның да дәмі тіл үйіреді. Мен анамның жанында көмектесіп жүретінмін. Қазір сол иісті сағынасың!
Анам нан пешті өзі салатын, «жылу ұстайды» деп қызыл кірпіштен. Көршіден нан, тұз тағы басқа заттарды өмірі сұрап көрмедік, біз балалықпен көршіге кіріп қалсақ, көрсе болды, таяқпен үйге қарай айдайтын, «кейін әдетке айналады» деп ренжитін.. Қазір ойласақ, көп жамандықтан, жаман әдеттен қағып отырған екен. Еңді түсініп отырмын…
Қазір Ұлдары Талғат, Талғар, Талап үшеуі де құрлысшы өз үйлерінде пеш салады – анамыздан берілген қасиет. Менің түсінігімде пештің көзін табу, түтін шығатын құдығын қалау дегенді анам үйреттті ұлдарға. Біз, қыздар домбыра, гитара ойнап ән саламыз – ол да анамыз Бижамалдан берген қасиет.
Анамыз Бижамал өте ісмер кісі, Өз заманында кесте тігетін, өнерімен талайды таң қалдырған. Өзі құрақ құрайтын, қазір жас ұлғайған соң қойды. Әкесі Қалибек атамыз да шебер болған екен. Біз де осы тәрбиені көріп өскендіктен, еңбектен қашпаймыз. Отбасы-ошақ қасында отырып қалмадық.
Білім алдық, еңбек еттік

— Тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында Жадыра сіңілім «Жаңашыл Ұстаз» мәртебесін алды. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген конференцияға қатысып, Білім саласына қосқан айрықша еңбегі үшін Білім беру ісінің «Үздік педагогі» төсбелгісмен марапатталды, – деп бауыры үшін мақтанышын жасыра алмады.
Мара ханымнан өзі туралы айтып беруін өтінген едім: «Мен еңбек жолымды 1990 жылы Талдықорған қаласындағы №45 «Арман» балабақшада бастадым. 37 жыл үзбей білім саласында қызмет атқардым. Тәрбиеші, педагог-психолог, 2012-2021 жылдары аралығында әдіскер, балабақша меңгерушісі болып қызмет атқардым. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араластым. 2021жылдың қараша айынан бері Талдықорған қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы «Облыстық мамандандырылған спорт мектеп-интернат колледжінде» еңбек жолын жалғастырып келемін. Облыстық, республикалық «Алғыс хат», «Құрмет Грамоталары» марапаттарына ие болдым», – деп өз еңбек жолы туралы әңгімелей келе отбасы туралы да айта кетті. Бір қыз тәрбиелеп өсірген, екі жиен-немере бар. Жолдасымен ерте көктемде көкөніс егіп, күзде жиын-терінге, одан кейін саудалауға көмектеседі екен.
Қоғамдық жұмысқа да белсене араласатынын айта келе, авторлық бірлестікпен жарық көрген екі кітабына тоқталды.
Бірі – 1995 жылы қазақ балалабақшаларын қазақтандыру мақсатында «Тіл дамыту сабағын қалай өткіземіз?» деген атпен тәрбиешілерге арналған көмекші құрал, екіншісі — Қызылорда қаласында республикалық семинарда қорғалған «Қарлығаш» бағдарламасы бойынша, сондай-ақ «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша авторлық бірлестікпен шыққан тәрбиешілерге арналған көмекші құралдар.
45 «Арман» балабақшасында жүргенде 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай өткізілетін жыл сайынғы қала көлемінде өткізілетін «Таңшолпан сазды бағдарламасы»-ның 20 жыл бойы жүргізушісі болып келген.
Мара ханымға уақытын бөліп, отбасының әңгімесімен бөліскені үшін үлкен рахмет айтқым келеді. Отбастарына амандық, еңбегіне табыс тілеймін!

Құралай Мұсанова
«Алатау»