«ЖЕТІ АҚЫННЫҢ ЖЫРЫ – ЖЕТІ ӨЗЕННІҢ ҮНІ»

«Жеті ақынның жыры – жеті өзеннің үні» атты поэзия кеші қарашаның 6 күні Алакөл ауданы Қабанбай ауылындағы мәдениет үйінде жырдан шөлдеген қауымды бір сусындатты. Қасиетті сөз өнерін ұлықтаған, көңілге шуақ, жүрекке жылу сыйлаған ерекше тағылымды әдеби-сазды кеш жыр сүйген жұрттың жан дүниесін байытып, ел руханиятының еңсесін көтерген, көптің көкейінде ұзақ сақталар мәні терең мәдени оқиға болды.
Жетісу – ежелден жыр мен сырдың, өнер мен өнегенің, ақындық пен шешендіктің құтты мекені. Жеті өзенінен нәр алған қасиетті өлкенің топырағында талай тарлан таланттың ізі, талай дарабоз ақынның үні қалған.
Сол киелі дәстүрдің жалғасындай болған бұл кеште Қабанбай жұрты тағы бір мәрте өлеңнің құдіретіне бас иіп, сөздің қасиетін сезінді.
Әдеби кештің қадірлі қонақтары қатарында Алаш әдеби сыйлығының иегерлері, облысымыздың құрметті азаматтары, көрнекті қаламгерлер Әміре Әрін, Жомарт Игіман, сондай-ақ, КР Жазушылар Одағы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, ақын Жангелді Немеребай бастаған, ақын, қаламгер Талапбек Азанбай, ақын, суретші Советхан Казиев, ақын, суретші Канатай Имангалиев, ақын, жас талант Санжар Сұлтанғазы, ақын, әнші Зира Нұрданбек, ақын, дос Сал-Құмар қостаган қазақ сөз өнерінің туын биік ұстап жүрген ай мүйізді ардақты абзал жандар болды.
Ақындардың әрбір жырынан туған жерге деген перзенттік махаббат, елге деген сүйіспеншілік, ұлт тағдырына деген жанашырлық, адамдық пен адалдықтың асыл қасиеттері сезілді. Жыр шумақтары бірде көңілді тербеп, бірде ойға жетелеп, бірде жүрекке мақтаныш ұялатты.
Бұл кеште Қабанбай жұрты жыр тыңдап қана қойған жоқ, рухани сусындады. Ақынның жүрегінен шыққан сөз халықтың жүрегіне жетті. Өлең мен өмір, қаламгер мен оқырман, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы алтын көпір қайта жаңғырды.
Ақынға құрмет – сөзге құрмет. Сөзге құрмет – ұлттың рухына құрмет.
Қазақтың кең даласында ақынның орны әрқашан бөлек болған. Өйткені ақын – халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, елдің кешегісін бүгінмен жалғап, ертеңіне бағдар беретін рухани тұлға. Осындай сөз зергерлерін ауыл төріне шақырып, халықпен жүздестіру – ұрпақ санасына сәуле түсіретін, әдебиетке деген сүйіспеншілікті оятатын игілікті іс.
Осы орайда ақындардың басын қосып, Қабанбай жұртына тағылымды рухани кеш сыйлаған, ардақты ағалардың ақ батасын алып, ел алғысына бөленген мәдениет үйінің басшысы Ербол Ақшолақов мырзаға айрықша ризашылығымызды білдіреміз!
Мұндай игі істің артында туған жерге деген шынайы жанашырлық, ел мәдениетіне деген құрмет, ұлт әдебиетіне деген адал сүйіспеншілік жатқаны анық.
Ауылдың рухани өміріне серпін беріп, көпшіліктің басын бір арнаға тоғыстырып, жырсүйер қауымға осындай әсерлі кездесу ұйымдастыру – үлкен азаматтықтың, елдік мұратқа қызмет етудің жарқын көрінісі.
Елге қызмет ету тек үлкен мінберлерден сөйлеумен өлшенбейді. Кейде бір ауылға ақын әкеліп, бір баланың жүрегіне әдебиетке деген махаббат ұялату да – ұлт болашағына жасалған өлшеусіз еңбек.
Мемлекет басшысы көтерген «Кітап оқитын ұлт» бастамасының негізгі мұраты да – қоғамның рухани деңгейін көтеру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын арттыру.
Осы тұрғыдан алғанда, Қабанбай ауылында өткен әдеби кештің тәрбиелік әрі танымдық маңызы ерекше. Өйткені кітапқа деген қызығушылық кейде бір әсерлі өлеңнен, бір тағылымды кездесуден, бір ақынның жүрекжарды әңгімесінен басталады.
Бүгін ақынның жырын тыңдаған жас ертең оның кітабын іздеп оқыса, әдеби кештің ең үлкен жемісі де, рухани жеңісі де сол болмақ.
Кітап оқитын ұрпақ – ойы терең ұрпақ. Ойы терең ұрпақ – елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ. Ал әдебиетін ардақтаған елдің рухани тамыры ешқашан үзілмейді.
Сондықтан осындай салиқалы кездесулер, тағылымды әдеби кештер, қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы рухани жүздесулер ауыл-аймақтарда жиі ұйымдастырылып, игі дәстүрге айналса деген тілегіміз бар.
Жетісудың жеті өзені қалай сарқылмай ақса, қазақтың жеті қат көкке көтерілген жыры да солай толастамасын!
Қабанбайдың құтты төрінде ақындардың асқақ үні әуелеп, даналардың өнегелі сөзі айтылып, жас ұрпақтың жүрегінде ұлттық рухтың оты маздай берсін!
Жырдың қадірін білген жұрттың мерейі әрдайым үстем, әдебиетті ардақтаған елдің болашағы жарқын болғай!
Қабанбай төрінде жырдың шамы жағылды. Енді сол шырақ сөнбесін!
Жыр жасасын! Ақын жасасын! Қазақтың қасиетті қара сөзі мен құдіретті поэзиясы мәңгі жасасын!
Қадырсұлтан Нүсіпхан
Жетісу облысы







