Киберқылмысқа қарсы күрес кеңеюде

0
17

Қазіргі таңда цифрлық технологияның дамуы адам өмірін едәуір жеңілдеткенімен қатар алаяқтардың жаңа түрін-киберқылмыс сияқты қауіп-қатердің жаңа түрін алып келді. Адамдар компьютерлерді әртүрлі мақсаттарда – жүйелік және қолданбалы программалық жасақтамалармен жұмыс істеу, электронды поштамен хат алысу және интернеттен әр-түрлі ақпараттарды алумен қатар, банк істерін жүргізу, инвестицияларды басқару, өнімдер сатып алуға дейін қолданады. Сонымен қатар, қазір желіде жасалатын алаяқтық әрекеттер жыл сайын артып келеді. Бірі жалған интернет-дүкендер арқылы тұтынушыны алдаса, енді бірі жеке деректерді заңсыз жолмен иеленіп, азаматтарды сан соқтырып жатқанын күнделікті сот процестерінде көріп жүрміз.

Ендеше әрбір азамат алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін жасайтын әрекетін жеті өлшеп, бір кескендері абзал. Сонда, өкініштен өзегі өртеніп, опық жеп жүрген азаматтардың қатары азаяры айдан анық. Тағы бір назар аударарлық жай, интернет-алаяқтардың торына көбіне кәмелетке толмағандар түсіп жатады. Сондықтан ата-аналар: арнайы бақылау бағдарламаларын орнатып, баланың интернетте не істеп жүргенін бақылап, қауіпсіздік ережелерін үйретуі тиіс. Сонда келеңсіз жайдың алдын алуға болады. Болмаса, заң талабына сәйкес ата-аналар баласының қауіпсіздігіне жауапты болады. Балалардың құқығын бұзу Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексі мен Қылмыстық кодекс арқылы жазаланады.
Кейінгі жылдары елімізде киберқылмысқа қарсы пәрменді шаралар қабылданып жатыр. Қазақстанда интернет алаяқтықпен Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшелері айналысады. Бұған қоса, соңғы жылдары банк саласындағы заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Олардың барлығы азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғауға бағытталған.
Мәселен, енді көптеген қаржылық операциялар кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Сонымен қатар белгілі бір жағдайларда несие рәсімдеу үшін жұбайының келісімі талап етіледі. Ал алғашқы несиені рәсімдеу міндетті түрде азаматтың жеке қатысуымен жүргізіледі.Тағы бір маңызды жаңалық – «ойлану кезеңінің» енгізілуі. Бұл азаматтарға несие рәсімдеу туралы шешімін қайта қарап, алаяқтардың ықпалына түскен жағдайда уақытында бас тартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әрбір азамат eGov порталы арқылы өз атына несие алуға ерікті түрде тыйым сала алады. Сондай-ақ несие рәсімдеу кезінде қарыз алушының келісімі электрондық үкімет жүйесі арқылы қосымша расталады.Егер банк заң талаптарын сақтамай несие рәсімдесе, мұндай қарызды есептен шығару немесе сот арқылы кешіру мүмкіндігі де заңда қарастырылған.
Астанада күні кеше ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференция өтті. Ауқымды іс-шараға 27 мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың өкілдері және цифрлық қауіпсіздік саласындағы жетекші сарапшылар қатысты. Бұл ауқымды ісшара Қазақстанның киберқылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетті. Қазақстан халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысы ғана емес, цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтарды қорғауға бағытталған нақты шешімдердің бастамашысы болуға дайын екенін тағы бір мәрте растады.

Анар ТОХТЫБАКИЕВА,

Алматы облысы Іле аудандық
сотының судьясы