Көксулықтардың екпінді еңбегі

0
14

Жетісу облысының аумағындағы транзиттік әлеуеті жағынан тиімді өңір саналатын Көксу ауданының артықшылығы сол – ол көлік-логистикалық жағынан ұтып тұр. Нақты айтқанда аудан аумағынан республикалық маңызы бар автожол мен теміржол желілері өтетінін айтсақ та жеткілікті. Ең бастысы бұл тасымалдау шығындарын азайтатыны анық. Жалпы, аудан экономикасына зор ықпалы бар екені көптеген тиімді жобаларды жоспарлап, іске асырып жатқан ауданның тыныс-тіршілігінен байқалып жатады. Осы орайда Президент Қ.Тоқаевтың 2026 жылғы Жолдауында айтылған 2027 жыл құрылыс жылы деген ұсынысы төңірегінде Көксу ауданы әкімінің орынбасары Карбаев Мәди Мырзатайұлымен әңгімелесіп, сұрақтар қойған едік.

— Аудандағы өндірістік инфрақұрылымды дамыту барысындағы атқарылар жұмыстар мен жоспарларға тоқталсаңыз?
— 2027 жылы аудан елді мекендеріндегі автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту, көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында ағымдағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша Мұқаншы ауылдық округіне қарасты елді мекендерде үш жоба ұсынылған. Атап айтқанда, Қазақстанға 50 жыл ауылындағы Жапсарбаев көшесінің 1-ші және 3-ші учаскелерін, Нұрпейісов көшесінің 1-ші және 2-ші учаскелерін жөндеу, Көксу станциясындағы Қожабергенов көшесінің 2-ші учаскесін, Исабаев және Рысқұлов көшесінің 2-ші учаскелерін жөндеу, сондай-ақ Жетіжал ауылындағы Тоқсанбаев және Белғожанов көшелерінің 2-ші учаскелерін, Киров көшесін жөндеу көзделген.
Орташа жөндеу жұмыстары бойынша Жамбыл ауылындағы Абай, Жамбыл, Ғарышкер көшелерін және Еңбекшіқазақ ауылындағы Бабашев көшесін жөндеу жоспарланған. Мәмбет ауылындағы Әділбеков, Баулықов, Нартбай Батыр, Қыстаубаев және Шалбаев көшелерін, Алғабас ауылындағы Көмекбай, Әубәкір-Бостан және Ақболат көшелерін орташа жөндеу жұмыстары қарастырылған.
Бұдан бөлек, Айнабұлақ станциясындағы Рамазанов, Орталық, Кемертоған және Теміржол (ПЧ 45) көшелерін, сондай-ақ Мұқаншы ауылдық округінің Көксу станциясындағы көше жолдарын орташа жөндеу жоспарлануда.
Сонымен қатар, аудан аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілері мен жасанды кедергілерді ауыстыру жұмыстары жоспарлануда.
-Экологиялық инфрақұрылымды дамыту және көгалдандыру бағытында қандай жұмыстар жасалынып, жоспарлануда?
— 2027 жылы Көксу ауданы бойынша елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, жасыл желектер аумағын кеңейту және тұрғындар үшін қолайлы экологиялық орта қалыптастыру мақсатында барлығы 11 000 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Оның ішінде 10 000 түп жапырақты және 1 000 түп қылқан жапырақты ағаш отырғызу көзделген.
Сонымен қатар, Лабасы ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында саябақ салу жобасы жүзеге асырылуда. 2025 жылы дайындық жұмыстары толық көлемде жүргізіліп, 2026 жылы саябақ аумағында арка орнату жұмыстары, брусчатка төсеу жұмыстары, асфальт жабындысы төсеу және т.б. жұмыстар жүргізілді. Барлық жұмыстар 2027 жылы аяқтау көзделуде
Жоба аясында саябақ аумағын көгалдандыру мақсатында 233 дана ағаш, оның ішінде 38 дана қылқан жапырақты шырша, сондай-ақ 201 дана сәндік бұта, атап айтқанда сирень және форзиция отырғызу көзделген.
Сонымен қатар, Балпық би ауылындағы М. Сенгірбаев атындағы орталық мәдениет және демалыс саябағын күрделі жөндеу жобасы әзірленген. Саябақтың жалпы аумағы 7 гектарды құрайды. Жоба аясында саябақ аумағындағы қолданыстағы асфальт жабындарының орнына брусчатка төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылады. Саябақтың екі жағынан қоршау орнатылып, кәріз, су құбыры және электр желілері жаңартылады. Электр кабельдері тартылып, өрт қауіпсіздігі мен бейнебақылау жүйелері орнатылады.
Жоба шеңберінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған екі ескерткіш, кіреберіс топтары, парк аркалары мен жарықтандырылған гүлзарлар салынады. Сондай-ақ субұрқақ орнатылып, кіші сәулет нысандары мен воркаут алаңдары орналастырылады. Бұдан бөлек, амфитеатр ғимараты мен шағын бизнес субъектілеріне арналған нысандардың құрылысы жүргізіледі.
2027 жылы аталған жобаны іске асыру жұмыстарын жалғастыру арқылы Балпық би ауылында тұрғындар мен қонақтардың демалуына арналған заманауи, жайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік қалыптастыру көзделеді.
— Коммуналдық желілер мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту барысы қандай қозғалыста?
— 2027 жылы Көксу ауданының елді мекендерінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, қолданыстағы су жүйелерінің жағдайын жақсарту және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру жоспарлануда.
Көксу ауданының З. Тамшыбай ауылында тұрғындарды үздіксіз әрі қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су жүйесін салу және реконструкциялау жобасы әзірленген. 2025 жылғы 28 тамызда мемлекеттік сараптаманың № ESKZ-0270/25 оң қорытындысы алынған. Жобаны іске асыру үшін бюджеттік сұраныс әзірленіп, облыстық басқармаға ұсынылды. Қаражат бөлінген жағдайда 2027 жылы жобаны іске асыру үшін конкурстық рәсімдер жүргізілетін болады.
— Әңгімеңізге рахмет! Көксу ауданындағы инфрақұрылым жобалары 2027 жылы жүзеге абыройлы түрде жүзеге асады деген сенімдеміз. Істеріңізде әрқашан сәттілік болғай!

Сембек Солтанұлы

«Алатау»