Болашаққа бағытталған ынтымақтастық

0
10

 2026 жылдың 20 қарашасында Талдықорған қаласындағы №27 орта мектеп базасында «Ата-ана – ұстаз — оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» деген облыстық ата-аналар форумы өтті. Форумға аудандық, қалалық білім бөлімдерінің тәрбие жұмысына жауапты әдіскерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, білім беру ұйымдарының ата–аналары қатысты.

Форумның мақсаты — ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасы мен мектеп арасындағы әлеуметтік-педагогикалық ынтымақтастықты нығайтумен қатар оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және адал азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және тиімді практикалық шешімдерді ұсыну.
«Білімнен – дағдыға, дағдыдан – жауапкершілікке» деп аталатын мектептегі көрме де жоғарыдағы айтылған тақырыптарға сәйкес ұйымдастырылыпты. Форумды 7 тақырыпқа бөліп, әр тақырып жеке алаңдарда (орындарда) ұйымдастырылып өткізілді.
1–алаң. Отбасы өнегесі – ұрпақ тәрбиесінің негізі. Мақсаты: отбасы құндылықтарын нығайту арқылы ата-ананың бала тәрбиесіндегі жеке үлгісі мен жауапкершілігінің маңызын ашу.
2-алаң. Баланы тыңдау – сенімге бастар жол. Ата-аналардың баламен ашық сөйлесу, оның сезімі мен пікірін құрметтеу,сенімді қарым-қатынас орнату.
3-алаң. Қолайлы білім беру ортасы: Үштік одақтың үлгісі. Қауіпсіздігіне,эмоционалдық жайлылығына және жан–жақты дамуға жағдай жасау үшін ата-ана, ұстаз және оқушы арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
4-алаң. Цифрлық әлемдегі бала: Қауіпсіздік және жауапкершілік. Баланың цифрлық ортадағы қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруда ата-ананың бағыттау және қолдау мүмкіндіктерін кеңейту.
5-алаң. Баланың өзін-өзі бағалауын көтеру: Сенімділіктің негіздері. Ата-аналар мен педагогтардың баланың өзіндік құндылығын сезінуіне мүмкіндіктерін шынайы бағалауына және өзіне деген сенімін нығайтуына қолдау керек дағдыларын дамыту.
6-алаң. Отбасы – Мектеп – Бала: Саналы тәрбие және жарқын болашақ жолындағы серіктестік. Бала тәрбиесіндегі ата-ана педагог және оқушының өзара сенімге, құрметке және ортақ жауапкершілікке негізделген серіктестігін нығайту.

7-алаң. Баланың қаблеті – болашаққа бағдар. Баланың қызығушылығы мен қаблетін танып, оның дербестігін және саналы таңдау жасауын қолдауда ата-аналардың мүмкіндіктерін арттыру.
Форум жұмысын қорытындылау үшін қатысушылар түгелдей мәжіліс залына жиналып, пленарлық мәжіліс өтті. Алғы сөзді Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Елубаева Гүлжан Мұқамажанқызы алып, қазіргі уақыттағы бала тәрбиесі бағытындағы ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы қарым-қатынас тығыз байланыста болып, бүгінгі жастарға еліміздің алдағы болашағын сеніп тапсыратындай жан-жақты білімді, саналы етіп тәрбиелеу сіздер мен біздің басты мақсатымыз — деген бағытта ойын кеңінен толғап жеткізді. Осындай бағытта «Жетісу облысы ата-аналар комитеті» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қыдырбаева Дәния Сәлімбайқызы да, конфликтолог, психология ғылымдарының кандидаты,профессор, республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Амангелді Бақыт та қарым-қатынастың психологиялық тұрғыдағы қажеттіліктері мен бағыт, бағдары туралы ой қозғады.
№30 орта мектеп ата-аналар комитетінің төрайымы Наурызхан Бекешқызы Жиенқожановадан форумнан алған әсерімен бөлісті:
— Иә, біз ата-аналар былай да балалардың бойынан көрінген жақсы қасиеттері мен ұмтылыстарын, жаңашылдығын, заман талабына сай талпыныстарын бақылай отырып қолдау беретініміз айқын . Дегенмен де форумда ата-ананың да балаға деген жақсы істерге бағыттайтын жанашыр екендігі туралы айтылмады. Бұл жерде ата-ана тек баланың қалауымен жүріп отыру керек дегендей болып тұр. Қандай жағдайда да баланың өмірлік тәжірибесі аз болғандықтан ол қателесуі мүмкін . Сондықтан ата-ананың түзетулері қажет болады. Осы жөнінде айтылса болар еді. Дегенмен де форумдағы мен қатысқан 7-алаңдағы қойылған тақырып мәресіне жетті – деген ойдамын.

Бүгінгі Форумнан қазіргі заман талабына сай өзекті мәселелер туралы ашық сұрақтарға жауап алған қатысушылар өздеріне тәп-тәуір салмақты жүк арқалап қайтқандай болды. Бұл істі әркім өз мектептерінде іске асырады деп ой түйдік. Қалайша асырады? Ол педегог пен ата-ананың құзырындағы іс.

Сембек Солтанұлы

«Алатау»