«Биліктегі адамдардың бәріне сене бермеймін»

0
1502

Ұстаз болу оңай шаруа емес. Әр оқушының көңілінің кілтін тауып, олардың тұлға болып қалыптасуына сүбелі үлес қосатын жан болу әр адамның қолынан келе бермейтін дүние. Аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен іс. Еліміз бен жеріміздің, өркениетіміз бен мәдениетіміздің дамуына мол үлес қосып жүрген осы бір асыл жандардың мерекесі қарсаңында  Көксу ауданына қарасты Мұқыры ауылындағы Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра  Байболатовамен әңгімелесіп, көкейде жүрген  сауалдарымызды қойған едік.

АЛАТАУ: – Майра, сіз үшін мұғалім деген кім және  оның   қоғамдағы орны мен беделі туралы не айтасыз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ – Мұғалім деген  барлық  мамандық   иесін тәрбиелейтін, оқытып  үйрететін  абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  дер едім. Оған тән ең бірінші қасиет  – баланы жақсы көру және  оның жан дүниесін түсіне білу. Бұл мұғалімнің терең  дүниетанымы мен үлкен жүрегінің кішіпейілділігінен шығады және әркімнің қолынан келе бермейтін, бай қиялды адамға тән қасиет десек те болады. Сонымен қатар, ұстазды баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы дер едім. Оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты кешіре білуі қажет. Сонымен бірге  бойындағы білім мен ақыл, ойының қуаты талай тентекті жуасытып, небір еркені саба-сына түсіреді, тәртіпке баулып, есейтіп, ер жеткізеді. Сондықтан да балалар өз мұғалімдерін «ұстазым» деп атайды. Бұл жердегі «Ұстаз» сөзінің мағынасы терең. Ұлы Абайдың: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға»,  – деген өлең жолдары бар емес пе. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстазынан озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны деп білемін.  Кемелді  ұлт болашағы – білімді ұрпақ қолында. Бұл факторды жүзеге асырушы субъект – осы заман ұстазы. Қай заманның ғалымын да, ақынын да, басшысын да, басқасын да тұлға  ретінде қалыптастыратын бір-ақ дүние немесе педагогикалық методика: оларды ұлттық құндылықтарға  сай тәрбиелеу.  Бүгінгі қоғамның басты талабы – қолдан жасалған «ХХІ ғасырдың ғажайыптарын»  тамашалау емес, еңселі ел тағдырын аманаттайтын тарландарды өсіру. Олай болса, бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің орны мен беделі биік болуы керек. Ал, қазіргі жағдайда кейбір әріптестеріміз өз мамандығына салғырт қарап, осы беделді түсіріп жүр. Заман талабына сай, сапаға негізделген білімді бере алмай жүр. Қазіргі қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеп қана қоймай, ақпарат көздері мен техниканың дамыған заманында оқушыға берілетін білімді де сол техникалармен байланыстырып, әр сабағын қызықты, әрі нәтижеге бағыттап  өткізіп жатыр ма?! Әй, қайдам… Арамызда IT технологияларын меңгермеген мұғалімдер көп. Сондықтан да БжҒМ республика ұстаздарына жаппай цифрлық сауаттылық курстарынан өтуіне мүмкіндік жасады. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді,  керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» – деген ғой. Ендеше, білім алуға құштар жанды шабыттандыру нағыз ұлы ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті, болашағы.

АЛАТАУ: – Өткен жылы   «Кедей мемлекеттің кедей мұғалімімін» деп министрге  қарата айтқан желідегі бейне түсіріліміңіз Алматы облысын (соның ішінде білім басқармасы саласын)  дүр сілкіндіріп еді.  Сіздің  бұл шалт  қимылыңыз жылдар бойы   жабулы жатқан  қазанның қақпағын  ашып бергенімен,  артынша    желіге  әкімдіктің баспана, интернетке қосылу мәселелерін шешіп беруді уәде еткенін айтқан бейнеңізді қайта салдыңыз. Шынымен де солай болды ма?  

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Сол күні жанартау жарылды! Неге десеңіз, бұл жерде мен тек өзімді ғана емес, бар қазақтың күнкөрісін айттым. Оның ішінде мұғалім қауымының қазіргі жағдайын жеткіздім. Көп әріптесім ортақ чатта өздерінің қиналып жүргендерін жазған. Менің де сол уақытта шекем шылқып жүрмеген. Ауылдағы мектеп және біршама шаңырақтар ғана интернет жүйесіне қосылған болатын. Ал мен сияқтылардың үйлеріне интернет орнатып беру туралы өтініштер сол күйі Казақтелекомда елеусіз жата берген. Ақпараттық технологияның дамыған заманында ұялы телефон арқылы мгбт. таратып, ноутбукпен жұмыс жасау маған да қиын болды. Себебі, kundelik.kz ашылмай, айналып тұрып алады. Бұл жағдайды тек өз ісіне берілген нағыз маман түсінеді.  Сол оқиғаға дейін 10 жылдық Қазақстан ауылындағы Р.Толқымбекұлы атындағы мектептің ерлі-зайыпты екі ұстаздың директор тапсырманы дер кезінде неге орындамағандығынсұраған уақытта, «интернет қуып, егістік алқабында жүрміз» – деп жазғанын ортақ чаттан оқып қалдым. Ішімнен жаным ашып кетті. Мен ол мектепте маман жетіспегендіктен, директордың шақыртуымен қосымша жұмыс істеп жүрген болатынмын. Негізгі жұмысым Мұқыры ауылындағы Қалқа Жапсарбаев атындағы орта мектепте еді.  Күнімен сабақтан қолың босамайды. Кешқұрым отырып электронды журналды толтыру үшін ауылдағы вайфайы бар үйлерді жағалайтынмын. Сол үйлердің бірінен келе жатып, өз-өзіме ашуланып, биліктегі қағазға жазылған өтірік есепке сеніп отырған адамдарға дәл осылай өз ренішімді жеткіздім. Кедейлік –  ұят емес. Менің сол уақытта басымда үйім болмай, сонау Талғардан осы жерге келуімнің  басты себебі сол еді, яғни, баспаналы болу. Жақсы мен жайсаңдар ауылдан шыққан. Менде өз шәкірттеріме сапалы білім беріп, өз мамандығымның майталманы болғым келеді. Бірақ тұрмыстың тауқыметі адамның қол-аяғын байлайтыны да рас. Мемлекеттің түрлі жақсы бағдарламалары бар. Алайда, кей жағдайда жергілікті атқарушы билік органдары олардың дұрыс, мақсатты орындалуына көңіл бөлмей жатады. «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы бойынша республикадағы бар аймаққа бірдей қаражат бөлінуі дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, екі аймақтағы баспана бағасы екі түрлі. Мысалы, Талғардың өзінде емес, жан-жағындағы сол кездегі баспана бағасы Көксу ауда-нына қарасты елді мекендердегі үйлерден 2-3 есе қымбат. Сол үшін де көп әріптес жетпей қалған қаражатын несие алып, қосуға мәжбүр. Дұрыс емес, бұлай болмауы керек. Онымен қоса, қаражат нақты мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Ал қазір ше? Әке-шешесінің үйін баласы сатып алып, алынған ақшаны басқа мақсатқа жұмсап жүргенін көріп жүрмін. Немесе ақшаны алып, төлем жасамай, миллиондап банкке қарыз болып жүрген мамандар да жетерлік. Мұны сонда кім қадағалап жатыр? Неге үйге зәру маман пәтерде жүріп, үйі бар маман қос-қостап баспана алу керек. Міне, заңсыздық, әділетсіздік деген осы. Осы  оқиғадан кейін сол кездегі Алматы облыстық білім басқармасының басшысы болған Майгүл Төлеутайқызының әлеуметтік желіде менің жағдайымның жақсы екендігін жазған постын оқыдым. Мен туралы мәліметті қайдан алғаны белгісіз. Постты жарияламас бұрын менімен сөйлескен емес. «Көлігі бар, ноутбугі бар, екі жерде жұмыс жасайды. Осыншама сағаты бар»,  – деп жазыпты. Ойлы адамның санасында ең әуелі  «ол  неге екі жерде жұмыс істейді?»  – деген сауал туындайды  емес пе?!  Посттың астына халықтың жазған пікірінен соң, үйіме келді. Сол уақытта мен туралы жазғанының шындыққа жанаспайтынын  және ол постты алып тастауын сұрадым. Өтінішім сол қалпы орындалмады.   Іргелес жатқан ауылға барып сабақ беру үшін  көлігімнің несиеге алынғандығын растайтын құжаттарды да көрсеттім.  Көлік жүргізуде тәжірибем жоқ еді. Сабағыма асығамын деп  қыстың көзі қырауда талай мәрте жол апатына түсе жаздағанымды кімге айтайын. Соның бәрі –  халықтың баласы үшін жасалған қадам. Менде осы халықтың баласымын, мемлекеттің азаматымын. Менің ғана емес, ұстаздардың қазіргі жағдайы осы. Тек бір ғана айырмашылық бар. Мен еркін ойлы азаматпын. Олар мүмкін, жоқ. Әлі де құлдық санамен қалып қойған біраз әріптесім: «Талғарыңа қайта кет!», «Неменеге айтасың?» «Ертең тексеріс қаптайды!»  – деген болатын. Оларды мен түсінбеймін және түсінгім келмейді.  Дегенмен де, қазіргі жағдайдың мәз еместігін және қалай болу керектігін түсінген әріптестер мені қолдады. Республикамыздың әр өңірінен белсенді мұғалімдер бой көтерді. Сол үшін өз алғысымды білдіремін. Және осы оқиғадан кейін ауылымыздың  50 үйіне интернет жүйесі қосылды. Ең маңыздысы  –  осы. Әр үйде екі оқушы баладан болса, жүз бала онлайн оқыту форматы кезінде үзіліссіз сабаққа қатысты деген сөз.  Өз кезегіммен заңды түрде «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен баспаналы болдым. Жалпы, материалдық кедейлік түзелер, оңалар. Ал рухани кедейліктің орны толмайды. Сондықтан, рухани бай болуға тырысу қажет деп ойлаймын. Кешірім сұрап, бейне  түсіруімді талап етті. Ал әкімдіктің «уәде етті» дегенін өзім қостым. Неге  десеңіз, мен биліктегі кейбір адамдарға сенбеймін!

АЛАТАУ: – Ауыл мұғалімінің  бүгінгі жағдайы  қалай  енді.  Бұл айтқандарыңыздан өзгерген дүние бар ма?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Ауыл мұғалімінің жағдайы  жаман емес. Бұдан да жақсы болады деген үміттемін. Соңғы жылдары 2023 жылға дейін мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсуде. Бірақ экономистер мұғалімдер жалақысының өсуін құмға сіңген судай деп бағалайды. Олардың ойынша, елдегі жоғары инфляция әсерінен жалақының өскені еш байқалып жатқан жоқ. Ал,  Министр Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, инфляция мұғалімдер жалақысына зиянын тигізбей-ді екен. «Педагог жалақысын төлеу жүйесі өте күрделі. БАҚ сұраған кезде орташа жалақы жайлы мейлінше абайлап айтуға тырысамыз. Педагогтерде 7 қосымша үстеме ақы түрі бар. Біреуі  сынып жетекшісі болғаны үшін, біреуі  дәптер тексергені үшін, ал енді бірі жоғары санатты болғаны үшін алады»  деген еді. Осы жердегі сынып жетекшілік пен дәптер тексергендігі үшін алатын үстемеақы аз. Сынып жетекшінің жұмысы өте қиын. Сондықтан да, еңбек  әділ бағалануы тиіс деп есептеймін.

АЛАТАУ: – Қашықтықтан оқыту   оқушының   оқу үлгеріміне  қалай әсер етті? Жалпы,  онлайн  оқытудың олқылықтары болды ма? Болса, қазір мұнымен қалай  күресудесіздер?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Әлбетте, қашықтықтан оқыту (онлайн)   кері әсерін тигізді және мұғалім қауымы үшін артық қағазбастылықты әкелді. Оқушылардың төрт дағды бойынша (жазылым, оқылым, айтылым, тыңдалым) білім деңгейі төмендегенін аңғардым. Өткен жылғы қима жұмысында жалпы сынып 66 пайыз көрсетсе, биылғы оқу жылының басында алынған қима жұмысында 32 пайыз ғана білім сапасын көрсетіп тұр.  Енді сол олқылықтың орнын толтыру үшін күнделікті сабақта өткен тақырыптар  мен оқу мақсаттарына негізделген тапсырмаларды орындаудамыз. Алдыңғы оқу жылындағы баланың білім деңгейіндегі көрсеткішті осы жылы мектепке келгендегі білім сапасының көрсеткішімен салыстырмалы гистограмма құруды және оқу мақсаттарына негізделген тақырыптық-күнтізбелік жоспарын құру, жұмыс ретін жасау ұсынылған. Тағы да сол қағаз, онсыз болмайтындай. «Жүрегімен, жанымен өз қызметін абыроймен атқарып жүрген маман өзінің сыныбындағы оқушылардың білім сапасына жауапкершілікті қағаздың дәлелдеуінсіз-ақ  атқармай ма?» – деген ой келетінін жасырмаймын. Жалпы оқушы мен мұғалім арасындағы жәй ғана сұхбаттасу   артта қалып бара жатқандай. Кейбір әріптестеріміз балаға жаңаны үйретуден гөрі, күнді өткізіп, үйіне тезірек қайтуды ойлап тұрады. Біздің сорымыз – осы. Бала алма ағашы десек, жемісінің  дәмді болуы оны баптаған адамға байланысты ғой. Мұндағы қызметті мұғалім атқарады. Сондықтан да, біз  бақшамыздағы жеміс ағашының жайқалып өсуіне өзіміз жауаптымыз. Бұл қызметті мұғалімнен басқа ешкім атқармайды. Әрине, ата-анадан кейін.

АЛАТАУ: – Мұғалім мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруде 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемле-кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Заңның мақсаты  педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу көзделген. Бұл заңның педагогтерге ықпалы тиіп жатыр  деп айта аласыз ба?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – «Педагог мәртебесі туралы»  Заңның жақсылығын енді-енді сезініп келеміз. Естеріңізде болса, бұрын, мысалы 2010 жылы еңбек жолымның алғашқы жылдарында біз, ауыл әкімінің тапсырма-сымен көше тазалап, ағаштарды әктейтінбіз. Оны  «өз Отаныңды туған жеріңнің экологиясына қамқор болу, табиғатты таза ұстау» деп түсінетінбіз. Сөйтсек, бұл  жұмысты атқарар басқа адамдар бар екен. Ал, біздің ең басты жұмысымыз – балаларды оқыту екендігін  және оларға табиғатқа жанашыр болуды үйрету керектігін уақыт өте келе түсіндік. Осы түсініктің нығаюына осы Заң да түрткі болды десек, жаңылыспағаным.

АЛАТАУ: – Бүгінгі ауыл  мұғалімін толғандыратын мәселелермен де бөлісе  отырсаңыз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Мені толғандыратын мәселе көп.  Алысқа бармай, өз ауылыма тоқталайын. Біздің ауылдағы балалардың біразы аудан орталығындағы ДСО (денешынықтыру сауықтыру орталығына), музыкалық мектепке барады. Ол жерге аптасына екі-үш рет бара алатын балалар бар. Бара алмайтындары тағы бар. Мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдері түрлі спорт үйірмесін ашып қойғанымен, мектеп  спортзалы тар. Көп оқушыны қамти алмайды. Ал, мәдениет үйіндегі спортзал қыс мезгілінде суық. Оны денешынықтыру пәнінің мұғалімдері де  айтып жүр. Осы ретте айтарым, мектептің маңына шағын денешынықтыру кешенін,  жаздық алаң салынса жер телімі  жетеді ғой. Бүгінде балалар тартылатын турниктеріміз  де ескірген. Ауылда екі балабақша бар. Демографиялық өсім де байқалуда. Ол жақсы. Дегенменде,  ауыл балалары бір балабақшаға барып,  екіншісін  өнер мектебіне айналдырса, ауыл балаларының қуанышында шек болмас еді. Мысалы, ол өнер мектебінде би, музыкалық аспапта ойнау,  дәстүрлі ән және т.б өнер сыныптарын ашуға болар еді. Оның үстіне көрші жатқан 10 жылдық Қазақстан ауылының балалары да біздің ауылға келіп оқитын еді. Барлық чемпиондар мен өнердегі тұлғалар ауылдан шығатынын ескерсек, ауыл балаларына тиісті жағдай жасалынуы керек деп ойлаймын. Ешбір баланың көше кезіп, бос жүруін қаламаймын. Бала деген жылдам өседі. Сондықтан, олардың тәрбиесі мен білімінде кемшіліктер жіберуге болмайды. Өйткені,  бүгінгі  бала – ертеңгі  ел болашағы екенін естен шығармауымыз керек.

АЛАТАУ: – Педагогика жолын таңдауыңыздың басты себебі және осы салада қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Мектеп қабырғасында жоғарғы сыныптарда оқып жүргенімде сынып жетекшім Талғар ауданы, Талдыбұлақ ауылындағы №34 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Сарқыт Тұрсынова,  биология пәнінің мұғалімі Гүлшаш Ұлтанбекқызы, тарих пәнінің мұғалімі  Нағима  Қожабекова, Кларшын Қалыбекова сынды апайларым маған сабақтан тыс уақытта төменгі сыныптарға қайталау сабақтарын жүргізуге рұқсат беретін. Міне, осылайша мен өзімнің мұғалім болатынымды мектеп қабырғасында жүріп білгенмін. Ол  деген  жаңаны тану, онымен бөлісу қажеттілігінен туындаса керек. Осылайша, 2010 жылдан бері осы қызықты мамандықтың иесімін. Адал еңбек етіп келемін.

АЛАТАУ: – Соңғы жылдарда мектептен бөлек  бала білімін жетілдіруде  оқу  орталықтары  көбейді. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Білім жетілдіру оқу  орталықтарының  көбеюінің екі себебін айтайын.  Біріншіден, мұғалімдердің теория-лық білімінің әлсіздігі.  Екіншіден, ата-ананың балаға деген талабының күшеюінен, және бұл орынды. Әркім өз баласының білімді болғанын қалайды ғой. Осы ретте, саңырауқұлақша көбейген оқу орталығының білім беру сапасы да әр түрлі екендігін тілге тиек етемін.

АЛАТАУ: – Мектепте ата-аналар тарапынан мұғалімге сыйлық жасауға тиым салынғанымен, мереке қарсаңында  ақша жинап, сыйлық беретіндердің қатары айылын жимай келеді. Бұл орайда  не дейсіз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Сыйлық алған кімге жақпас. Дегенменде, қазіргі таңда еш мұғалім сыйлық сұрамайды. Ата-аналар өздері беріп, мұғалімге сөз келтіріп жатады. Біз үшін ең бағалы сыйлық –  болашақта шәкіртің дұрыс жолды таңдап, өз  елінің шын патриоты болғанын көру.

АЛАТАУ: – Әріптестеріңізге айтар  жылы тілегіңіз?

Майра БЕРІКҚЫЗЫ: – Біздің жұмыстың ең бағалысы – білімді шәкірт  тәрбиелеп шығару ғой.  Олай болса, әріптестерімнің  алғыр, білімді шәкірттерінің көп болуын және  осы жолда аянбай еңбек ету үшін денсаулық пен қажыр-қайрат тілеймін.

Сіздердің ұжымға да  алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілегім келеді.

 

 Әңгімелескен  С. ӘЙТЕНОВА.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ