Мұқырыға барып, мұқалып қайттық

0
1648

«Жаңа Қазақстан» құрамыз деп жанталасып жатырмыз.  Күні кеше ғана Референдум өтті. Нәтиже жаман емес. Белуардан былыққа батқан бір адамның мүддесіне ғана отыз жыл бойы қызмет етіп келген Конституция  жаңарады. Бұл қалың бұқараның көңілінен шығып тұр. Сол өзгеріс тек Ата Заңмен шектеліп қалмаса керек. Адамдардың санасы да өзгеруі қажет. Әсіресе, ел тізгінін ұстап, қалың отарды бастап жүрген серкелер іспетті атқамінерлердің бүйрегі халыққа бұрылатын кез келді. Ол үшін әкім-қаралардың өздері сауатты, ойы ұшқыр, сөзге шешен, көпті айрандай ұйыта білетін көсем болуы шарт.

Алайда біздің шенді-шекпенділердің ой-өрісі жоғары деңгейден көріне бермейді. Іске мығымдарының өзі некен-саяқ. «Үстінен бөзі, аузынан сөзі» түсіп, өздерін Құдай санайтындар халықты қолбалаға айналдырып, қорқытады, үркітеді. «Көп қорқытады, терең батырады» деген тәмсілді шенді-шекпенділер кері түсініп алған. Ел алдына шыққанда қағаздағы баяндамадан бас алмайды. Оның өзін қоймалжың ботқа жасағандай, залда тоқсан пайыз қазақ отырса  да шалақазақша шатып-бұтады. Төле Би бабаның «Әкім бол, халыққа жақын бол» деген өсиетін әкімдер қаншалықты жадына түйіп жүр.

Біздің «Алатау» қоғамдық-саяси газеті бұған дейінде «Әкімдер келеді, кетеді». «Әкімдер неге әкіреңдеп жүр» деген мақалалар жариялаған. Бұл үрдіс әрі қарай да жалғасады. Референдум қарсаңында ауыл-әкімдерінің білім-біліктілігін пайымдау мақсатында Көксу ауданы Мұқыры ауылына бардық. Несін жасырайық, жадырап барып, жасып қайттық.

Облыстың іргесінде тиіп тұрған Көксу ауданынан бастауымыздың өзіндік себебі бар. Көксу демекші, сонау 1978 жылы Талдықорған өз алдына облыс болып тұрғанда Құдайдай табынған Ленин көсемнің құрметіне облыстық айтыс өткен-ді. Көксу ауданының ақыны Кәден Балғынбаев пен Гвардия ауданының ақыны Тоқтағұл Жарбасов айтысқан еді. Сонда күреңбелдік ақын:

«Бар екен автовакзал базарыңмен,

Көп жүрген ары-бері қазағың ем,

Қаптаған қарақұрым машинаңыз,

Кездестіре жаздап жүр ажалыңмен» деп, сын айтқаны бар еді. Сол дәуірден бері көлік көбеймесе, азайған жоқ. Автовокзал мен қара жолдың бойы, сауда үйлері мен базардан әлі көз ашпай тұр. Тоғыз  жолдың торабында орналасқан ауданның Мұқыры ауылы – үлкен ауыл. Үш мыңнан астам халқы бар. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі атанған  Нұрмолда Алдабергенов көсегесін көгерткен ауылдан  халық ақыны Қалқа Жапсарбаев,  Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, халық театрын құрған режиссер Жақып Әбілтаев, халық театрын қайта құрған  Нұри Сүлейменов, Мұхамедқанапия Жарқынбаев, Бағдагүл Атамбаева, Бақыт Талипова, қоғам және мемлекет қайраткері Серік Ақымбеков сынды саңлақтар шыққан  ауылда,  ауыл әкімі Жұмағылов  Жандос  Елтайұлы  Президент Жолдауын ауыл тұрғындарына насихаттау мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатқанын білмек болдық. Алдын ала баратынымызды аудан әкімдігіне де, ауыл әкімдігіне  де  айтпадық. Азанда барып  ауыл әкімін жұмыс орнынан таптық. Келген мақсатымызды айттық. Әуелі әкімнің өзімен жеке сөйлесіп сауалдарымызды қойдық. Көңіліміз көншімеді. Тіпті,  Жандос Елтайұлы Президент Жолдауының қай кезде шыққанын  ұмытып қалғанын айтты.  Ұмытпағанда қайтеді, Жолдаудың атауларында білмесе. Оның атаулары Абайдың тілімен айтқанда «Тілге жеңіл, жүрекке жұмсақ», жаңару мен жаңғыру жолына түскен «Жаңа Қазақстан» деп аталады.

«Ауылдағы Мәдениет үйінде дөңгелек үстел, кітапханада жиын болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің  Жолдауын жүзеге асыру мақсатында халықты таныстырып, бағыт-бағдар беріп, барлықтарыңыз бір ауыздан келіңіздер деп жатырмыз. 1995 жылы болған Референдум араға 17  жыл салып енді қайта өтпек. Соны түсіндірдік, халық та түсініп қолдау көрсетуде.  Қазір «Жаңа Қазақстан» деп айтылып жатыр өздеріңізге мәлім. Енді «Жаңа Қазақстан» болады деп үміттеніп жатырмыз»,  – деген ауыл әкімінің сөзі тарыдай шашырады. Жандос әкімнің іскерлігі де, шешендігі де шала пісіп, қарпылмай қалған киіз сияқты көрінді. Өмірбаянына қарасаң, 1986 жылы 13 сәуірде Мұқыры ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдап,  2007-2010 жылдары  Талдықорған  қаласындағы  Ө.Жолдасбеков атындағы  «Экономика және құқық» академиясында оқып,  құқықтану мамандығын алған.  2010-2013 жылдары «АЖЖЕГ» шаруа қожалығының басшысы,  2011-2012 жылдары әскери  борышын өтегеннен кейін  2013 жылы Көксу ауданының әкімі  аппаратында инспектор, 2013  жылы Алматы облысы  Жер  қатынастары басқармасының инспекторы,  2014 жылы сол мекемеде жетекші маман, 2014-2017 жылдары Мұқыры ауылдық округі әкімінің аппараты  мемлекеттік мекемесінің бас маманы, 2017-2021 жылдары Мұсабек ауылдық округінің әкімі, 2021 жылдың 15 қыркүйек айынан бастап Мұқыры  ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып келеді екен. Саяси сахнада пісіп жетілген кадр деуге тіліміз күрмеліп  тұр. Тепсе темір үзетін жас. Ауылдың қара домалақ баласы қазақы сөздің қаймағын қалқып сөйлейтін жөні бар. Аудан әкімдігінде қызмет еткенін ескерсек іс-құжаттарына да мығым болуы керек еді. Ауыл округтерінің арасындағы «Ауылды ақпараттандыруда насихат тобы сіздерде  құрылды ма?» деген сауалымызға: – «Құрылды. Олар мектептегі мұғалімдер және ауыл әкімдігіндегі мамандар» деп жауап берді. Ауыл әкімі ретінде өзіңіз бекіткен Президент  Жолдауына  байланысты жоспар, құжаттарды көрсетіңізші деп өтіндік. Алайда әкім Жандос Елтайұлы құжат көрсетуден  құр алақан болып шықты. Ешқандай да атқарылған істі және ауыл әкімінің ұйытқы болуымен өткізілген жиындардың хаттамасын көрсете алмады. Өз қызметіне немқұрайлы қарағандығы тайға таңба басқандай көрініп-ақ тұр. Мәселен, Президент Жолдауына қатысты ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен, мектеп, емхана, кітапхана ұжымдарымен өткізілген  іс-шараларға  хаттама толтырылып, оған қанша адам қатысқанын, кімдер сөз сөйлегенін, тақырып аясы саяси ахуал ма болмаса айтулы тұлғалардың мерейлі шаралары ма хаттама толтырылуы керек. Бұл атқарылған жұмыстарды құжаттама ретінде айғақтайды. Ауыл  әкімі бізге  2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатын Сәтбаев, Алтаев, Уәлиханов  көшелерін жарықтандыру жобасын көрсетті. Мұның өткізілген іс-шараларға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын, әкімнің өзі де біліп  тұр. «Ұялған тек тұрмас» дегеннің керін жасап, «Хаттамалар астындағы қыздарда» деп, шаба жөнелді. Араға жарты сағат салып  айналып кеп, аудандық ішкі саясаттың бекіткен іс-қағаздарын көрсетіп тұр. «Жоқ, осы секілді ауыл әкімінің де өзіндік бекіткен іс-жоспарлары болуы керек» десек, басы төмен салбырады. Елге үлгі көрсетеді, елдің тұтқасы деген ауыл әкімі өзі атқарған жұмыстарын ауызша айтып, құжат жүзінде рәсімдемесе, оны қалай дәлелдемек. Бір емес, екі  бірдей ауылға  әкім болған азамат бүгінгі қоғамның қағаз кеміріп жатқанынан  мүлде бейхабар,  аспаннан түскендей үндемейді. Әкім емес, сабақ оқымай, үй тапсырмасын орындамай келген нашар оқушы сияқты ұстады өзін. Қарапайым журналистен осыншама именеді, арнайы тексеру келсе не болады. Жалпы әкімдердің білім, біліктілігі туралы Мұқыры ауылдық округінің әкімі Жандос Елтайұлымен ғана шектелуге болмайды. Неше түрлі әкімдерді көрдік. Облыстың экс-әкімі Шалбай Құлмаханов кезінде аудан, қала ауыл әкімдерін үш ай сайын аттестациядан өткізіп тұрды. Масқара болғанда Ұйғыр ауданының: (аты-жөні есімде қалмапты бір ауылының әкіміне) «Қазақстан қашан тәуелсіздік алды?» дегенде танауының астынан міңгірлеп жауап бере алмаған. Панфилов ауданы, Жаркент қаласының әкімі (тегін қате айтпасам, Хизметов қой деймін) соған «Қалада қанша колонка бар, қаншауы істеп, қаншасы істен шықты» дегенде ақ тер, көк тер болып, ештеңе айта алмаған. Артынан жұмысынан алынды.  Мәселен, осыдан бір-екі жыл бұрын Талғар ауданына барып ауыл тұрғындарын сөзге тартқанда, ауыл әкімдерін ілуде бір көретін қызырға теңеген. Бірақ  әлгі әкімнің қағаз жүзіндегі атқарған жұмыстары тастай, кінәрат таппайсың. Алайда ауыл әкіміне көңілі толмайтын ауыл тұрғындары ұлардай шулайды. Жол, мектеп, жарық, ауыз су мәселесі жайлы айтқанда сай-сүйегің сырқырайды. Ал Мұқыры ауылдық округінде керісінше, әкімінің қағазға салғырттығын білген соң  мәдениет, мектеп, балабақша қызметкерлерінің басшыларын  шақыруын өтіндік. Обалы не керек, алып-ұшып келді. Олардың көзінше де, әкімге және өздеріне жоғарыда қойылған сауалды қойдық.

Жандос Елтайұлы,  сіз Мұқыры ауылдық округіне әкім болып келгелі бір жыл толды. Мекемелер арасында ауыл халқының бірлігін нығайтуда қандай жұмыстар атқарылды?

– Ондай шара өткізген жоқпыз.

– Тәуелсіз ел, «Рухани жаңғыру» аясында қандай шара өткіздіңіз? Ауыл әкімі ретінде неге мұрындық болдыңыз?

– Ләззат тате мәдениет үйінде Рухани жаңғыру аясында комиссиялармен алдында не болды? деп күмілжіді.

Оған Мәдениет үйінің жауапты директоры Ләззат Қоңырбаева жауап берді.

– Бізде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» аясында ай сайын іс-шаралар өткізіліп тұрады. Референдум басталмай тұрып ауыл ақсақалдарымен, қызметкерлермен дөңгелек үстел өткізілді. Содан кейін қызметкерлермен насихаттау жұмыстары жүргізілді. Хаттамалар толтырылды, бәрі құжат жүзінде бар, танысуға болады», – деді.

– Сіздер келгенше ауыл әкіміне бірқатар сұрақ қойылды, сол сұрақтарды сіздерге де қояйын: Президент Жолдауы қай кезде шықты?

Жандос Елтайұлы жауап бере алмаған сұраққа «Таңшолпан» балабақшасының әдіскері Жансая Манас: – 1-ші Қыркүйекте бірінші Жолдауы, одан кейін 16 наурызда екінші Жолдауы шықты деп, таңдайы тақылдады.

Құрманғалиев Талғат Таңатарұлы,  Мұқыры ауылы  Қ. Жапсарбаев атындағы орта мектеп директоры: – Мектеп ұжымы арасында насихаттау жүргізіліп хаттамалар толтырылған. Ұжыммен жұмыс жасап, ауыл тұрғындарына міндетті түрде насихаттап ауданға мәлімет береміз , – деді.

Ауыл әкімінен таппаған хаттаманы іздеп, балабақша, мектеп, мәдениет үйін шарладық. «Жылаған өкіргенге жолығыпты» дегендей, ауылдың Мәдениет үйіне кіргенде оның директоры мен халық театрының әртістері ботадай боздады. Мәдениет үйіне тек ағымдағы  жөндеу жұмыстары жасалыпты. Оның өзі шала-шарпы. Сахнада  декорация ілетін ауыр темірлерді арқанмен байлап қойған. Төбесі аюдың апанындай үңірейіп тұр. Қыстың күні жылу біткеннің бәрін көмейі бір толмайтын жемқорлардай сорып алады екен. Жаман айтпай,  жақсы жоқ, сахнада жиын, мәдени шара өтіп жатқанда арқан үзілетін болса, төбедегі темір шенеуніктердің көк желкесіне түсіп, үзіп жіберуі хақ. Сахнадағы әртістердің басына түссе кім жауап береді? Ауыл әкімі  бұл маған дейін болған шаруа деп, азар да безер болды. Мәдениет үйінің пеші де дұрыс қойылмапты.

Рухани жаңғырады деген  аудандағы ең үлкен Мәдениет үйінің кескін-келбетін көріп,  «Апыр-ай, әруағын қадірлеген, қастерлеген ел едік, Нұрмолда Алдабергеновтің өз қолымен салып, ұрпағына мұраға қалдырған мәдени ошағын тоздырған аудан әкімі Алмас Әділ  Қабдулұлының түсіне Нұрмолда атасы кіріп жүрген жоқ па екен деген ойға қалдық». Әйдік ақын Қалқа Жапсарбаевтың 125 жылдығына орай республикалық ақындар айтысы осы мәдениет үйінде өткізілгенде сол кездегі аудан әкімі болған Мұрат Өсербаевтың руханиятқа деген шынайы жанашырлығын ел көріп еді. Тайға басқан таңбадай, мың жылда өшпестей көрік беріп тұратын мәдениет үйінің атауы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаевтың есімімен аталуы тиіс. Ол жайында 1996 жылы Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің 3 сәуірдегі актілер жинағында №382 қаулысының 2-ші қосымшасында Көксу ауданы,  Кеңарал ауылы, Қызылтоған орталау мектебіне белгілі қызылшашы, қоғам қайраткері Сындыбала Қырықбаеваның Мәдениет үйіне Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаевтың есімі берілгені тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Алайда  күні бүгінге дейін мәдениет үйінің маңдайшасына айтулы тұлғаның есімі жазылмаған. Мәдениет үйінің директоры Ләззат Қоңырбаева: «Осы мәселені көтеріп қақпаған есігім қалмады. Мен қазір аудан әкімдігіне де, аудандық мәдениет үйіне де жеккөрінішті болдым. Қуғын-сүргінде жүрген адаммын. Жақында Қарағандыдан қайын ағам Жақып Әбілтаевтың туған баласы осы мәселемен келеді», –  деді. Жанарын жасқа малған жесір әйелдің және халық театры әртістерінің мұң-зарына құлақ түрсеңіз, төбе құйқаңыз шымырлайды. Бұл бөлек әңгіме.

Газетіміздің келесі нөмірінде «Мұқыры Мәдениет үйі жазалау лагері ме?» деген мәдениет саласына қатысты бөлек мақала жариялайтын боламыз. Біздің басты тақырып,  ауыл әкімдері және Президенттің Жолдауына елді мекендердегі ақпараттық қолдау қалай жүріп жатыр деген мақсат болған. Біз аралаған мекемелер аудан бюджетіне қарайды. Жалақыны да ауданнан алады. Бірақ ауыл әкімінің көмегіне мұқтаж болатын кездер болады. Біз аралалаған мекемелер ол жағынан көмек алып, қоян-қолтық араласып, жұмыс жасаймыз дейді. Бір сөзбен айтқанда, Көксуға барып көңіліміз құлазып, Мұқырыға барып, мұқалып қайттық. Жалпы, аудандағы идеологиялық ахуалға жіті мән берсек, аудан әкімінің аппараты қайда қарап отыр?  Тым құрыса, ауыл әкімдігіндегі іс-қағаздарды бір тексеріп, ауыл әкімдерінің білім, біліктілігін зерделеп қайтса кім қой депті?!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ