Тарас ауылында медициналық пункт ашылды

0
535

«Туған жерге туыңды  тік»  демекші,  Ақсу  ауданы Тарас елді  мекенінің  кәсіпкері, «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген  Мақашев  медициналық  пункт салып берді. Мұндай  сыйды  ауылдықтар зор қуанышпен қабыл алды.

ЖАҢА ғимараттың  ашылу  салтанатына  аудан  әкімі  Есім  Базарханов, аудандық  орталық  аурухананың  директоры Салтанат Мықтыбаева бастаған бір топ лауазым иелері, дәрігерлер, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан басшысы, аурухананың бас дәрігері, ауыл әкімінен бастап ақсақалдары жүрекжарды лебіздерімен бөліссе, кәсіпкердің ұлы Тасқын Төлегенұлы  символикалық кілтті медициналық пункттің федьдшері Ақмарал Нұралиноваға  табыс етті.

Әлеуметтік нысанның лентасы қиылған соң аудан басшысы, бас дәрігері  мен келген қонақтар, ауыл халқы медициналық пункттің ішін аралап көрді.

Мақан Дүйсенбина, ауыл тұрғыны: «Осы ауылда елу жылдан астам  уақыт  тұрып  келемін. Бұл күнге  дейін  1973 жылы салынған ескі ғимаратта ем-дом қабылдап келдік.  Енді міне, жарқыраған жаңа мекемеде медициналық көмек алатын боламыз. Әсіресе, біз секілді денсаулығы сыр берген қарттар үшін тиімді болды. Тамаша  ғимаратты  ауыл  халқына тарту еткен «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Мақашевқа  айтар  алғысымыз шексіз. Күн-түн демей шапқылап жүрген  ауылдың  фельдшер қызы Ақмаралға да дән ризамыз. Еңбегі жемісті болып, халықтың денсаулығына араша болып, аман жүре берсін».

Тасқын ТӨЛЕГЕНҰЛЫ,  кәсіпкер«Бұған дейін алпыс жыл болған  ғимаратқа екі жылдай жөндеу жұмыстарын жүргізіп  келгенбіз. Бірақ   ескіні қанша  жамағанымен  де болмайды екен. Содан әкем  екеуміз ақылдаса  келе тұрғындар үшін жаңа бір ғимаратты салып берсек деп шештік. 2020 жылы басталған нысанның  құрылысы пандемия кезінде біраз тоқтап қалып еді, осы жылы бір айдың ішінде тездетіп бітіруге тырыстық. Медпунктты ауыл халқы үшін қолайлы  етіп жасадық.  Тұрғындар  қуанып, алғыстарын айтып жатыр. Ең бастысы, ауырмай, аман-есен жүрейік».

ЕЛ қуанышын еселеткен жаңа ғимараттың кабинеттері толығымен  жабдықталған. Енді Тарас ауылының 400 тұрғыны жаңа медпунктте медициналық көмек алады.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ