Америкалық университеттен шақырту алды

0
251

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адэля Балқашева  Бостондағы  Америка  университетінің  HULT  халықаралық бизнес мектебінен шақырту алды. Оған 10 000 долларлық грант берілді.

– АҚШ-тың ірі қалаларының бірінде оқу мен үшін үлкен мүмкіндік. HULT-қа шақырту келген кезде қатты таңқалдым. Дегенмен, бұл жақсы жаңалық және де бұл бизнес пен технологиядан бастап, өнер мен музыкаға дейінгі соңғы идеялар мен ең заманауи трендтерді зерттеу мүмкіндігі болып табылады, – дейді Адэля.

Адэля мектептегі «Википедия» клубының белсендісі. Ол интернет-энциклопедияға қазақ тілінде 400-ден астам мақала жазған. Сондай-ақ  Жетісу  өңіріндегі  ауыл балаларына, «Айналайын» балалар үйінде ағылшын тілінен сабақ береді.

– Мақсатым – қаржы саласында білім алу. Назарбаев зияткерлік мектебінен алған білімімнің арқасында мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен бәсекеге түсе аламын. Маған барлық есік ашық. Өйткені әрбір оқушы, NIS түлегі – өз өмірінің, елінің көшбасшысы, – деген дарынды оқушы болашаққа деген жоспарымен бөлісті.

HULT  халықаралық  бизнес  мектебі – Бостонда, Сан-Францискода, Лондонда, Дубайда және Шанхайда кампустары бар бизнес мектебі. Білім ордасы Англия жоғары оқу орындары, MBA қауымдастығымен аккредиттелген. HULT дипломдарын, сондай-ақ, жоғары білім берудегі шетелдік дипломдарды аккредиттеу бойынша британдық кеңес мойындады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 


ПІКІР ЖАЗУ