Әйел бүлінсе, әлем бүлінеді

0
398

Қарағайдан  шайыр, адамнан қайыр кеткен заман болды ғой. Құсекеш құс та жұмыртқа басып, өмірге алып келген балапанына тұмсығымен дән  тасып, ауыздандырып, қанатын қатайтып, ұядан ұшырып шығарады. Айуанекеш айуан  да төліне еміркенеді. Ал адам  баласы  осы екеуінің  қасында саналы, салиқалы, ақыл-есі дұрыс бола тұра, неге қағанағын жарып, омыртқа белін сындырып тапқан балапандарын өлтіріп жүр? Осындай қатыгездікке барған тасбауырлар өз торайын өзі шайнап тастаған доңыздан қай жері артық.

Екі күннің бірінде еститінің ері әйелін пышақтап тастапты. Әйелі күйеуін пышақтап өлтіріпті. Ойнақтап жүріп от басқандар шикі шақалақты қоқысқа, әжетханаға, перзентхананың алдына, көп қабатты пәтерлердің кіре берісіне  тастап кетіпті деген жан түршігерлік хабарларға етіміз үйреніп кеткені сондай, селт етпейтін болдық. Енді одан да сорақы,  тұрпайы, азабойың қаза болатын суық  хабарларды еститін болдық. Сонда бүгінгі қоғамда өмір сүрушілер неге сонша қатыгезденіп кетті. Неге тасбауыр болды? Адам өлтіру неге мал бауыздағаннан оңай болып кетті?

Адам  өлтіру –  бұл кешірілмес күнә. Отан  қорғау  жолында  соғыс  болса,  оның  жөні  бөлек. Оның өзі де  ауыр  қасірет. Халық қаһарманы Қасым Қайсенов бір сұхбатында: «Менің қолым білегіме дейін қан, менің мойнымда адам қаны бар, мұның ақыретте сұрауы қатты болады» деп еді. Бейбіт күнде бір-біріне пышақ ала жүгіру, қару  кезену, жалпы суық қару қолдану былай тұрсын, қатыгезденіп,  төбелесе қалса, бір адамға жабылып, баскөз демей тепкілеу,  денесіне ауыр жарақат салу  да адамгершілікке жатпайды.

Әйел, ер деп бөлгіміз жоқ. Алла Тағала екі бөлек жаратқан соң,  әйел  қауымы  нәзік  жанды деп бағаланады. Алайда осы нәзік жандылар қолымен кісі өлтіріп, мектеп қабырғасында жүргендері бір-бірінің шашын жұлып, жабылып бір қызды тепкілеп, доң-айбаттанып  жатса не шара?!  Басқа-басқа қазақтың салт-дәстүрінде әйелге, қызға деген тәлім-тәрбие ерек  еді  ғой. Бүгінгі қоғамда соның сарқыны да қалмағаны ма? Жалпы жаһандану дәуірінде біз қай бағытта кетіп барамыз? «Қызың үйде болғанмен, қылығы түзде» болып жатқанын кімнен көреміз? Бұл қызға, жалпы әйел қауымына қаратып қойылатын сұрау.

Жетісу облысының Сарқан ауданында денесі қоқыстан табылған 5 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен оның анасы мен нағашы ағасы  сотталды. 15  жылды арқалаған баланың анасы мен оның бауыры қолдарын  қанға малар  алдында «Бұл періштенің не кінәсі бар?» деп ойланбағандарына қайран қаласың. Сәбиді екеуара сөз  байласып өлтіріп, қоқысқа апарып лақтырып, аяушылық сезімдері оянбай кете барған. Егер қылмыстары ашылмай қалса, сәбидің анасы мен оның бауыры түк болмағандай мына жарық дүниеде қалай алшаң басып жүре береді. Анау-мынау емес, ес біліп қалған бес  жастағы баланы өлтіру, оның үш ай қоқыста жатуы,  мүрдені  далада  ойнап  жүрген  балалардың тауып алуы жүрегі бар адамды бей-жай  қалдыра ма? Ал баланың шешесі мен нағашысында жүрек жоқ па? Бар,  бірақ  қатайып кеткен, адамгершіліктен ада. Жоғарыда жазған құста, айуанда бар мейірімділік бұл екеуінде мүлдем  жоқ. Бар болса бес жасар қызды тұншықтырып өлтіре ме? Айуандығы сол он төрт жыл бұрын туған бауыры қарындасын зорлаған. Туған бауырымен  бірігіп қылмыс жасаған қыздың анасы қазір жиырма жаста, үшінші баласына аяғы ауыр, енді абақтыда жатып сәбиін босанатын болады. Айтуға аузың бармайтын мұндай оқиғалар қазір жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай қаулап кетті. Баласын өлтіріпті, күйеуін өлтіріпті деген суық хабарды күнара еститін болдық.

Алматы  облысының  Іле ауданында 37 жастағы әйел  ұлын пышақтап тастаған. Өтеген батыр кентіндегі балалар ауруханасына бірнеше пышақ жарақатымен 10  жастағы бала жеткізілген. Тексеру барысында баланың анасы  ас  үй  бөлмесінде оған бірнеше рет пышақ жарақатын салғаны анықталған. Күдікті  ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.

«Оған қатысты сот-психиатриялық сараптама тағайындалды, бұлтартпау шарасын таңдау және оны психологиялық диспансерге орналастыру туралы мәселе қарастырылуда» делінген полиция таратқан хабарламада. Жүйке жүйесінде ақауы бар  ма, жоқ  па, оны тағайындалған сараптама нәтижесі анықтай жатар. Дені сау әйел өз баласына он алты жерден пышақ сала ма? Аса ауыр хәлде ауруханаға түскен жеткіншекке шұғыл жағдайда операция жасалған. Ота сәтті өткенімен, баланың жағдайы әлі де ауыр хәлде екенін дәрігерлер айтуда.  Қағынан жеріген құландай, бірі баласын тұншықтырып,  енді  бірі пышақтап тастаса, Маңғыстау  облысында үш жасар баласын анасы  ұрып өлтірген. Ойпырмай, шыбын жанын шырқыратып қалай  ұрып өлтірген, бұл  не деген қатыгездік? Анау-мынау емес, өз анасы, ішін жарып шыққан баласына мейірі түспей ұрып өлтіру дегенің сұмдық қой. Әйел қауымын түгелдей кінәлаудан аулақпыз. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» дегендей,  осындай тасбауыр аналар бүкіл әйел қауымының атына кір келтіріп тұрған жоқ па? Анау мектеп қабырғасында  жүріп  құрбысын жабылып ұрып, бас-көзге қарамай төмпештеп, тепкілеп, шашын жұлып, басын жерге ұрып жатқан бойжеткендерден ертең қандай ана шығады деген ойға қаласың.

Құмырадағы жынды суды сіміре ішіп, әлем желіде «маған похый» деп тұрған ешкі құйрық, еркетотай бас бұзар, әке-шешесінің абыройын ойлап тұрған жоқ. Оларға аналары қандай тәлім берген. Елдің алдына шығарып кешірім сұрағаннан тәртібі түзеліп кете ме? Бірді айтып, тағы бірге кетіп қалғандай болмайық, әйелдің де түбі қыз болғандықтан осындай қатыгездікке барып жүрген әйелдер қыз кезінде қандай тәрбиеде болды екен деген сауал сананың шаңын қағады. Ал, енді Маңғыстаудағы баласын ұрып өлтірген  әйелге сот маусым айында абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыптап,  сотталушы  әйелді 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Бұл ауыр жаза ма,  жеңіл жаза ма, оны оқырман өзі сараптар. Соттың таққан айыбында: «Әйел қызын ұрып-соғып, итеріп жіберген, соның салдарынан қыз үстелдің бұрышына соғылған. Содан кейін әйел жұдырығымен баланың ішінен бірнеше рет соққы жасаған. Содан анасы үйден шығып кеткен, ал сәби екі жарым сағаттан кейін алған жарақатынан қайтыс болды», – делінген хабарламада. Үш бірдей сәбидің өміріне балта шабылды. Екеуінің өмірі қыршыннан қиылды. Біреуінің өмірі қыл үстінде тұр. Үш  тағдыр, үш түрлі оқиға, үш түрлі әйел. Үш сәбидің де аналары перзенттеріне аяусыздық танытқан. Бұл дүниедегі сұрауы сот арқылы шешілгенмен, ақыреттегі сұраулары қалай болады, оны бір Алла біледі. «Кісі ақысын кісіге  жібермейтін құдіреті күшті бір Құдай осы үш ананы да, тозақтың отында шырылдататыны хақ. Күн сайын жас демей, жасамыс демей адам өлтіру құбылысқа айналып барады. Бұл үлкен трагедия.

Балаларын  өлтіріп жүрген әйелдер күйеулерін де пышақтап жүр. Жыл басталмай жатып Талдықорған қаласында  азаматтық некеде тұратын әйел күйеуін өлтірген. Көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде 11-ші қаңтар күні болған. Өздерінің жалға алған пәтерлерінде мерекелік отырыста ішімдік ішіп арты адам өліміне ұласқан. 42 жастағы азаматты әйелі пышақтап тастаған. Бүгінгі таңда аталған факті бойынша ер адамның өліміне азаматтық некеде бірге тұратын 33 жастағы жас әйелі қамауға алынып, жауапқа тартылуда. Адам өлтіру шыбын өлтіргеннен оңай болып кетті. Қылмысты жасап тұрған әйел қауымының бойындағы нәзіктік, мейірімділік сезім қайда кетті. Қылмыс жүйесі бойынша қарасаң әйел ерек деп бөлудің қажеті жоқ. Қылмыстың аты қылмыс оны кім жасаса да, ол жынысқа бөлінбейді. Десекте, әйелге тән инабаттылық, балаға, ерге деген сүйіспеншілік пен махаббат неге машақатқа айналды? «Арақ жүрген жерде әзәзіл жүреді». Азаматтық некедегі күйеуін өлтірген әйел ішімдіктен не істеп, не қойғанын білмеген шығар деп ақтағың келеді. Алайда әйелдің ішімдікке үйір болуына түсіністікпен қарауға бола ма? Тұрмыс тауқыметінің зардабын тартып күйзеліп кетсе де, әйел, әйел болып қалуы керек қой. Солтүстік Қазақстан облысында 31 жастағы учаскелік инспекторды құдай қосқан қосағы өз үйінде өлтірген. Аты шулы оқиға Қызылжардың Береке ықшам ауданында өткен жылы мамыр айында болған. Учаскелік полицей ата-анасы, жары, екі кішкентай баласымен бәрі бірге тұрып жатқан. Туыстарының айтуынша, түңгі үштер шамасында марқұмның қанға тұншығып жатқанын әкесі естіп, бірден жатын бөлмесіне барған. Қан жоса етіп пышақталған баласы мен сілейіп тұрған келінін көріп жан ұшыра айқайлаған.   Бастапқыда әйелі күйеуінің суицид жасағанын айтып ақталған көрінеді. Алайда тергеп-тексеру кезінде кінәсін толық мойындаған.

«Қылмыстық  кодекстің  99 бабы 1 бөлігімен өз күйеуін өлтірген жұбайы сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұдан бөлек айыпталушы жәбірленуші тарапқа 4 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс», – дейді СҚО Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты. Марқұм сол ауылда учаскелік полицей қызметін атқарған. Еңбекқорлығының арқасында өткен жылы Көкшетаудың «Үздік маманы» атаныпты. Әріптестері оның қызметіне адал, тәртіпті отағасы болғанын айтады. Ал сотталған әйелдің төркіні марқұммен көңілдес болған әйел берекелі отбасының шырқын бұзған дейді. «Екі жастың ортасына есі кеткен түседі» дегендей, айыпталушының ата-анасының айтқаны рас болса, бұл қызғаныштан туындаған қылмыс. Бұл қылмысты да жасаған әйел. Сабырлыққа  жүгініп, заң аясында әрекет еткенде мұндай қатыгездікке бармаған болар еді. Енді дәм-тұзы абақтыдан бұйырған жас келіншектің екі бірдей баласы ата-енесінің қарауында қалды. Қылмыстық жазасын өтеп қайтар, ес кіргенде балалары: «Әкемізді неге өлтірдің, теріс қылығын білсең ажырасып кетпедің бе» деп аналарын жек көріп кетпей ме? «Әйел бүлінсе әлем бүлінеді» деген тәмсіл шындыққа айналып келеді. Құдай ақырын берсін деңіз…

 А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ