Ұлттық экономика қажет

0
516

Мақсат Әбілахатұлы ХАЛЫҚ, жеке кәсіпкер: – Үгіт-насихат жұмысы басталғалы бері көпшілік қойған сұрақтардың ішінде: «Кімсің, қайдан шықтың?» деген сауалдар жиі қойыла бастады. Әрбір сұраққа үлкен жауапкершілікпен қарап, туған жерімді, өскен ортамды, ата-анамның кім болғанын тәптіштеп түсіндірген соң ғана кездесуге келушілер тарапынан жақын тарту байқалады. Сайлау басталардың алдында туып-өскен үйіме барып, анашымның көңілін аулап: «Уайымдамаңыз бәрі жақсы болады!» – деп аптыққан көңіліне басу айттым. Себебі, Ана жүрегі деген бала үшін тулап кететіні белгілі. Одан соң анамды ертіп, нағашы атам мен апамның батасын алдым. Әкем 45 жасында  ерте дүние салғанда менің жасым 13-те еді. Артымда 1 інім, 2 қарындасым қалды. Басына түскен қиындыққа мойымаған анамыз бәрімізді бағып-қағып, аман-есен осы қалетке жеткізді. Халқымыз «батамен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» дейді. Ата-әжем мен анамның батасын алған соң үгіт-насихат жұмысын Алаштың арда азаматтары Ілияс Жансүгіров пен Мұхамеджан Тынышбаев мұражайларында бастадым. Кездесу барысында сайлауалды бағдарламам «кедейшілікпен күрес, халықтың табысын арттыру, өңірлерді дамыту, заң халық үшін» деген негізгі үш тұғырға негізделгенін жеткізіп, түсіндірдім. Осы үшеу негізді қосқанда ұлттық экономикамыздың моделін қалыптастыруға болады. Өткен 30 жылдың ішінде ұлттық экономикамызды құра алмадық, жазылған бағдарламалар жәй сөз жүзінде қалды. Қазіргі бағдарламалар бүгінгі халықтың нақты әл-ауқатын сипаттай алмайды, сондықтан біз Алаш идеясына негізделген ұлттық экономикамызды құруымыз қажет. Белгілі Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлы: «Қай ел болмасын шаруасы өркендемей, ғылымы мен пән өнері марқаймай, терезесі тең ел болмайды», – дегенді бекер айтпаса керек.

Талдықорған қаласында, Балпық би ауылында халықты толғандырған негізгі мәселелерді тыңдап, сайлауға қатысты үгіт насихат жұмыстарын жүргіздік


ПІКІР ЖАЗУ