Жақсылық көруі керек

0
573

Саят Нұрмұхамедұлы НҮСІПОВ, жеке кәсіпкер: – Сайлау алдындағы үгіт-насихат басталғалы бері Жетісу жеріне қарайтын аудан, қалаларды аралап жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Сайлауалды бағдарламамызда қамтылған мәселелерді түсіндіріп, елімізді сапалы интернетпен қамтамасыз ету, инновациялық технологияны қолданысқа енгізу сынды бағыттар басты назарда екенін айтып өттік.

 Атап айтқанда, Ақсу ауданы, Қапал ауылының ақсақалдарына, Талдықорған қаласындағы орталық базардың саудагерлеріне, Ақсу ауданы Көкөзек ауылындағы Терібаев атындағы орта мектептің еңбек ұжымына, Ақсу ауданының орталығы Жансүгір ауылының тұрғындарына, Панфилов ауданы Жаркент қаласының халқына өзімнің сайлауалды бағдарламамды таныстырып, көпшілікті толғандырған мәселелерді сұрап білдім. Өңірлерде қордаланған мәселе көп. Жұмыссыздық, ескірген жол, таза ауызсу, жайылымдық жер сынды аса өзекті мәселелер барлық жерге тән шешімін таппаған сауал. Шыны керек, өткен 30 жылдың ішінде жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуынан бөлек рухани, мәдени бағыттағы өсуіне көңіл бөлінбегені анық байқалады. Ауылдардағы мәдениет үйлері мен көркем фильм көрсететін кинотеатрлардың жоқтығы өскелең ұрпақтың санасына елеулі әсер еткен. Тұмса табиғаты кез келген шетелдікті қызықтыратын өңірлерді туризмнің орталығына айналдыруға мүмкіндік болғанымен жергілікті кәсіпкерлердің қызығушылығы бәсең. Себебі, еліміздің барлық өңірін сауда-саттық жайлап алғаны соншалық отандық тауар өндіру ұғымы алынбас қамалдай көрінеді.

 Бекер обалы не, халықтың ықылас-пейілі жақсы, ақсақалды қариясы батасын беріп, шынайы тілегін арнап шығарып салды.

 Халықтың басым бөлігінде күнделікті тамақ тауып жеуге ғана жағдайы жетеді. Мұндайға жол жоқ. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беру керек.


ПІКІР ЖАЗУ