Ықылас ерекше, тілек көп

0
459

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын: – Жетісу облысынан өзін-өзі ұсыну тәртібімен Мәжіліс депутаттығына тіркелген кандидат ретінде Алакөл мен Жаркентке дейінгі алқапты алып жатқан өңірдің жұртшылығымен кездесу өткізіп, көптеген еңбек ұжымының талап-тілегін тыңдадық. Алғашында аздаған түсініспеушіліктің болғаны рас. Онда да тұрғындармен кездесуге белгіленген орындар жиі ауысып, қарапайым халықты аздаған әбігерге түсірді. Онсыз қызық бола ма?

Соған қарамастан кездесуге келушілердің қарасы азаймай, өз ұсыныс-тілектерін жеткізушілердің қатары сиремеді. Халықтың осындай ықылас-пейілінің арқасында Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында, Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде, Көксу ауданының орталығы Балпық би кентінде жергілікті жұртшылықпен кездесіп, көпшілікті толғандырған мәселелерді сұрап білдік. Биік-биік мінберлерден айтылуы тиіс тақырыптардың қатарында айтылған таза ауызсу, сапалы жол, жұмыссыздық, қандастарға қолдау сынды өзекті мәселелердің қатарында жайылымдық жердің жетіспеуі ерекше көтерілді. Жер көлемі бойынша әлемде алдыңғы орыннан көрінетін Қазақстан Республикасы үшін бұл масқара жағдай. Ондайға жеткізген пенделік ашкөздік, тойымсыздық дер едім. Себебі, қолында мүмкіндігі барлар иеленіп алған жерлер гектармен есептелсе, қарапайым ауыл тұрғыны егістік егетін 5-6 сотық жерге мұқтаж. Қазақта ғасырлар бойы айтылып келе жатқан жесір дауы мен жер дауы ешқашан жақсылыққа апармағанын ескерсек, ендігінің адамы жер үшін соғысуға баруы мүмкін екенін көреміз. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жер мәселесіне мұқият қарауды Үкіметке тапсырып, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды міндеттеген болатын. Соған қарамастан ауқымды жерлерді иеленіп, жергілікті жұртшылықтың мал жаюына тыйым салып тайраңдағандар әлі бар. Олар тіпті, жергілікті биліктің айтқанына пысқырмағаны былай тұрсын, кеусен тарату, сабантой беру сынды халқымыздың ұлттық дәстүрін мүлде елемейді. Осыдан келіп әлеуметтік теңсіздік туындайды.

Халықтың талап-тілегін жоғарғы билікке бұлжытпай жеткізу маған сын, қолдап, дауыс беру саған сын!


ПІКІР ЖАЗУ