Жұрт сенімін ақтаймын
Қажет Андас, журналист: – Саяси дода қыза түскелі де 10 күннен аса уақыт өтті. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, әр үміткер өзінің таңдап алған жолымен, бағытымен ел көңілінен шығып, жұрт қалауына жағу үшін тырысып бағуда. Сол қатарда біз де келеміз. Парламент мәжілісі және әр деңгейдегі мәслихат депутаттарын бірмандаттық округ бойынша сайлау алғаш рет ұйымдастырылғандықтан өзін-өзі ұсыну тәртібімен бәсекеге бәс тіккен үміткерлердің бәрінде қобалжудың болғаны анық. Сондай көңіл-күй менде де болды. Ойласа келе, үгіт-насихат жұмысын өзімнің сайлауалды бағдарламамда көрсетілген бағыттар бойынша рет-ретімен ұйымдастыруды жөн көрдім. Алғашқы кездесуім облыстағы «Жетісу» және «Вестник Жетісу» газеттерінің ұжымымен басталды. Сосын руханият саласында еңбек ететін ұжымдарды аралап, ойлаған ойым мен көздеген мақсатымды көпке түсіндіре бастадым. Ең бастысы, жүрегімде жүрген, ойымда тұншыққан жоспарымды көпшілікке бүкпесіз жеткізуге мүмкіндік болды. Түрлі кездесу аясында кітапханашылар, музей қызметкерлері, архившілер, тарихи-мәдени мұраны қорғаумен айналысып жүрген әріптестерім жақын тартып, жақсы тілектерін жеткізіп, жебеп келеді.
Мамандығым журналист болған соң әлеуметтік желілерге жақындығым болғандықтан сайлауалды бағдарламаны, кездесулерді әлеуметтік желі арқылы жұртқа таратып отырдым. Жақсы тілегін айтып, қолдағандар көп болса, қарсы пікір білдіргендер кездеспеді. Демек, жұрт алдында қадірімнің бар екендігін осыдан сезіндім. Мен аудан, қаладан штап құрған жоқпын, сабылтып сенімді өкіл тіркеп, дуылдатып ел-жұртты араламадым. Басқалармен тартысып, намысына тиген жоқпын. Бейтарап күйде өз жұмысымды жоспар бойынша атқарып келемін. Бірақ, қайда барсам да әлпештеген халықты көрдім. Екі туып, бір қалғаным болмаса да, мен үшін жанын беріп, қадірімді ел білсін деп шыр-пыр болып жүрген азаматтарға басымды иемін. Демек, халық мен жақта. «Көп түкірсе көл толады» ғой, көптің қолдайтынына сенімім кәміл. Ал «Ер мойнында қыл арқан шірімейді» дегендей, жұрттың сенімін жолда қалдырмайтыныма да уәде беремін.