Журналистерге шабыт сыйлаған семинар

0
324

Белгілі   қаламгер,   публицист   Қайнар   Олжай   Жетісу  өңірінде   журналистерге   арнап  шеберлік   сабағын   өткізді. Семинарда  журналистің жазу  стилі мен оны қалыптастыру жолдары, мақаланың формасы  жөнінде  сөз  қозғалды.

Бірінші  күні  «дайындық», «жазу», «тақырып табу», «редакциялау», «жариядан соң» деген бес бөлімнен тұратын «Жазу және редакциялау технологиясы» атты дәріс оқылды. Спикер мақаланың құрылымына назар аудару, сөйлем тақырыптарды мейілінше аз қолдану, жазу үшін форма таңдау, типтік қателер, мақаланың өзегін табу, материалды бұқараның тілімен жазбай, кәсіби сөзбен жазу  сынды   тақырыптарда  өзінің тәжірибесімен бөлісті.

–  Мен  өзімнің Қайнар Олжай деген жазу стилімді қалыптастырғанда, көп іздендім. Шерхан  Мұртазадан – батылдықты, Әбіш Кекілбаевтан – тереңдікті,   Сейдахмет Бердіқұловтан – ұлтшылдықты, Нұрмахан Оразбектен – қайтпас қайсарлықты, Қалтай Мұхамеджановтан қиындықты әзілмен жеңе білуді үйреніп, осылардың әрқайсысынан алған бір-бір өнегемен журналист болып қалыптастым. Бүгінгі жас  журналистерге де  көп оқып, көп ізденіңдер  дегім  келеді.  Мақала  жазбас  бұрын  ең  алдымен  журналист  жұмысының  ретін  білуі керек. Кез келген іске аса ұқыптылықпен, үлкен дайындықпен кірісесің. Сол сияқты мақала жазу үшін де ақпарат жинайсың, форманы ойластырасың, жазу реттілігін жүйелейсің. Ақылға қонған жоспар қағаз бен қалам алғанда төгіліп түсуі қажет. Материалдың үш сөйлемінен-ақ оқырман журналистің қолтаңбасын көруі керек. Одан кейін редакциялау, оқу. Мақала жазуда журналист шапшаң, ойындағы ақпаратты бір арнаға тоғыстыруы тиіс. Жиылып келіп, құйылып түсетін көксілдей алғырлық – журналистке ең керек қасиет. Өз жазғанынан ләззат алмаған журналистің мақаласынан оқырман да ештеңе таппайды. Қалам ұстаған жан – өз жазғанын ерінбей он қайтара оқып, редакциялай білуі керек. Бастысы, тілші жазып отырған материалының тақырыбын ашу үшін соның ішкі әлеміне енуі қажет,  –  деген Қайнар Олжай  журналистика  саласын  таңдаған  адам   жатпай -тұрмай  кітап  оқуды  дағдыға  айналдыруы  керектігін  айтты.

«Жазу және редакциялау технологиясы» тақырыбында өткен үш күндік семинар ШЖҚ «Жетісу медиа» МКК-нің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр.  Жалпы,  журналистика  жампозы өткізген семинар тілшілік тіршілікте үздік болсам дейтін жас журналистерге  шабыт сыйлады.

 А. СМАҒҰЛ.

Суретті  түсірген С. ҚАНТАЕВ.


ПІКІР ЖАЗУ