Сауатсыз мұғалім, сапасыз оқулық…

0
435

Бүгінгі қоғамда қылмыс атаулының бәрі мектепте болып жатыр. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған кім – оқушы, мектеп қабырғасында жүкті болып қалған кім –  оқушы, мектептегі ұлдар мен қыздардың төбелесі,   мұғалімге бағынбау,  әлділері әлсіздерін жүндеп, видеоға түсіріп,  ақша  бопсалау, ата-аналардың балаларын қызғыштай қоруы, мұғалімді сотқа беру, осының барлығының астарында идеологиялық тәлім-тәрбиенің құлдырап кеткенін көруге болады.

«Алты Алаш  түгел жиналса,  төрдегі орын мұғалімдікі» деп айтқан Мағжан Жұмабаевтың ұлағатты сөзі бүгін әдіре қалған. Ащы айтты деп сөксеңіздер өздеріңіз білесіздер. Ақиқаты осы. Өйткені мұғалімнің қадірі қашты. Кешегі кеңестік кезеңде көшеде мұғалімді көріп қалса, айналып  қашатын шәкіртті бүгін итпен іздеп таппайсың. Керісінше мұғаліммен жағаласқан, қол көтерген, мұғалімнің өзін сыныптан бездіріп жіберетін жабайы көріністерді көгілдір экраннан, интернет желілерінен көзіміз шалады. Сонда «Мұғалімнің қадірін қашырған кім?» деген сауал  сананың шаңын қағады. Бұған білім саласына 30 жылдай жасалған жүйесіз реформалар мен мұғалімді отқа да, суға да салған билік кінәлі. Сапалы білім жүйесін қалыптастырмай, идеологиялық тәлім-тәрбие қадағалаусыз қалды. Қоғамда бай баласы кедей баласы деген екі топ қалыптасты. Жағдайлары аса жоғары емес топтағы балалардың білім алуы күрделенді. Бұған қоса  мемлекеттік мектептегі сабақ беретін мұғалімдердің білім деңгейлері сарапқа салынбады. Жалған диплом сатып алып  сабақ берген, олардың арасында бұрын  сотты болған мұғалімдер сабақ бергенін және жалған категория сатып алғандардың санын прокуратура органдары әшкерелеп берді. Осыдан кейін білім сапасы төмендемегенде,  сауатсыздық белең алмағанда қайтеді? Дүниежүзілік банктің сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік мектептерінде оқитын балалардың 64,2 пайызы функционалдық сауатсыз деген  ақпараты әлем желілеріне тарады. Бұл жүргізілген сараптама қорытындысы бойынша  анықталған факті. Демек, мектептегі білім беріп жатқан ұстаздардың білім деңгейін сұрыптайтын уақыт әлдеқашан жетті деген сөз.  Бұл бағытта сарапшылар:«Қазақстан: инклюзивті және төзімді өсімге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны күшейту» ДБ жаңа есебінде банк сарапшылары Қазақстандағы білім сапасы туралы  дабыл қағуда. Олардың айтуынша:НЗМ оқушыларының функционалдық сауатсыздық деңгейі (алты пайыз) экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы орташа көрсеткіштен (22,6 пайыз)  төмен болса,  Қазақстанның мемлекеттік мектептеріндегі балалардың 64,2 пайызы – функционалдық сауатсыз  екенін айтады.  Жеке басқа табынып, экс президент Нұрсұлтан Назарбаев атында жеке мектеп,  жоғары оқу орындарын ашып жарыстық. Онда  анау-мынау бала оқи алмайды. Мәселен, 6 сыныптан бастап сынақтан сүрінбей өткен бала, 7 сыныптан бастап – 12 жыл оқиды. Мұнда да ақылы оқу бар. Қалтасы көтерген ата-аналар балаларын оқытады. Олар да сынақ тапсырады. Жағдайлары аса жоғары емес әлеуеттің балалары жақсы оқып, НЗМ-де  білім алғасы келсе, сынақтан бір екі балл төмен алған жағдайда, ол ақы төлеп оқи алмайды.  Бірақ мұнда оқитын оқушыларды қабылдау прогрессивті емес екенін дүниежүзілік банктың сарапшылары дәлелдеп отыр.  Жалпы НЗМ мен экс президент атындағы жоғарғы оқу  орны жайлы парламент мәжілісіндегі отырыста депутаттар да мәселе көтерген болатын. Бұл мектепте білім алатын балалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарапайым мектептердегі балаларға қарағанда жақсы.  Бұл жайлы  дүние жүзілік банктің есебінде айтылған.  Мемлекеттік мектептердегі сауатсыздықты жою мақсатында  сарапшылар ұсынылған есеп жүйе әділ болуы үшін жаңадан енгізілген қаржыландыру формуласына әділеттілік компонентін қосу қажет дейді. Дүниежүзілік банктің мәлімдеуінше, бұл жағдайы аса жоғары емес топтағы оқушыларды, қосымша ресурстар мен педагогикалық қолдауды қажет ететіндерді оқытуды қаржылай қолдау үшін керек болып тұр.  Сарапшылардың берген мәліметі бойынша, 2000-2018 жылдары Қазақстанның білім беру шығындары ЖІӨ-нің 2,3-3,9 пайызына жеткен. Бұл табыс деңгейі орташадан жоғары елдерге қарағанда төмен екенін айтуда. Сондай-ақ, 2018 жылы Қазақстан Назарбаев зияткерлік мектептеріне (НЗМ) төрт есе көп қаржы жұмсалыпты.  Ал олар барлық орта мектеп оқушыларының 0,4 пайызына ғана тең болғанын мәлімдеуде. Қай ата-ана бала-шағасының сапалы білім алғанын қаламайды дейсіз. Кім баласын  НЗМ-не және озық үлгідегі  мұғалімдері іріктеліп алынған мектепте оқытқысы келмейді. Жағдайлары аса жоғары емес әулеттердің мұндай мектептерге ақы төлеп оқытуға қалтасы көтермейді. Қарызданып, қауғаланып, баласының болашақ тағдыры үшін несие алып оқытып жүрген отбасылар да бар. 8-9 сыныптан бастап, баларын қосымша дайындайтын ақылы оқу курстарына  жаппай беріп жатқан ата-аналардың баларының бәрі бірдей жоғары оқу орнына  түсіп кетіп жатқан жоқ. Кешегі кеңестік кезеңде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері, энергетикалық,  су ресурстары мен экологиялық бағыттағы оқу орындарына бүгінгі жас түлектердің көбі бара бермейді. Оның түп қалыбы мектептердегі балаларды еңбекке баулу үрдісінің сабақтастығы жойылған. Жекешелену процесіндегі басты олқылықтардың бірі осы. Аграрлық саладағы маман тапшылығы сезілгенде дабыл қағылып, баяғы «токарь»,  «слесарь», «дәнекерлеуші», құрылыс  мамандары мен электр   және кран  айдаушы  газ жүйесіндегі мамандарын  даярлайтын  колледждер қайта жабдықталды. Мақаланың ауданы сауатсыздық төңірегінде болғандықтан, дүниежүзілік банктың сарапшылары берген ақпарат бойынша « Қазіргі уақытта оқушылардың шамамен үштен екісі  әлемде сәтті жұмыс істеуге дайын емес. Атырауда оқушылар НЗМ-де, құрдастарынан орта есеппен төрт жылға артта қалып отыр», – деп хабарлайды. Демек, сауатсыздықтың түп төркінін білім алып жатқан баладан емес, балаға білім беретін мұғалімнен іздеген жөн. Жекешелендіру дәуірі басталып,  қоғамда жаппай жұмыссыздық белең алғанда, әсіресе елді мекендердегі жұмыс көзі тек мектеп саласы болып қалды. Тамыр-таныстық, сыбайластық білім жүйесіне  сол кезден бастау алды. Көзін тапқандардың бәрі мектепке жүгірді. Тым құрығанда еден жуушы, күзетші, диплом сатып алғандар мұғалім болып орнықты. Сапалы білім беру жолда қалып, сауатсыздық төрге шықты. Мұның бас жағында білімге жауапты министрлер тұрақтамады.  Ең көп  министр ауыстырған да  білім жүйесі болды десек , қателеспейміз. Әр министр өз реформасын тықпалады. Одан бөлек, оқулықтардағы қамқа тонға сіркелеген биттей, қаптаған қателіктер оқушы түгілі  мұғалімдердің өзін шатастырды. Бұл айғай шуға Парламент депутаттары қосылып «министр мырза,  әліппені кері қайтарыңыз» деп  өңеш жырта айғайлап, оқулықтардағы қателіктерді жіпке тізген моншақтай санап берді. Бүкіл мектеп саласы сабақты жиып қойып, ҰБТ-мен айналысып кеткен кезеңдер болды. Өйкені білім саласы ҰБТ-көрсеткішімен бағаланды. Мектепті алтынға бітіретін  түлектер көбейді. Олардың көбі сынақ кезінде алтынын қорғай алмай, жоғары оқу орнына түсетін кезде ата-аналар мен мұғалімдер түлектердің қас-қабағын бағумен болды. ҰБТ-ның сұрақтарынан сүрініп шыққан оқушылар «Абылайдың атының аузындағы тісі қанша» деген сұрақ келді деп жылады. Яғни,  қайта-қайта реформа жасаған министрлердің қателігінен мектептегі білім сапасы жақсармады.

 Керісінше мектептерде сауатсыз мұғалімдер сабақ берді. Оқушылар мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсті. Идеологиялық тәлім-тәрбие тасада қалды. Ата-ана бар жауапкершілікті мектепке жүктеп, өздерінің күн көріс қамымен базарлап кеткенін, бала тәрбиесін шетке  ысырып қойғанның әсері өз жемісін берді. «Қазақтың бақпасаң мал кетеді, қарамасаң бала кетеді» деген тәмсілі айна қатесіз келді.  Жалған диплом сатып алған  сауатсыз мұғалім балаға қайтіп сабақ береді?  Мектептегі мұғалімдердің білім берудегі сапасы сұрыпталмады. Күні бүгінге дейін прокуратура органдары жалған диплом.  жалған серификат сатып алушыларды әшкерелеп келеді. Мұғалімдердің білім деңгейін көтеру категорияға қатысты болды.  Оның арты білімін дәлелдей алмаған мұғалімдер сынақтан өте алмасын білген соң, тамыр-таныстық пен сыбайластыққа жол іздеді. Оған  жол берген де білім саласына қатысты  тестілеуге жауапты мамандар болып шықты. Осындай сауатсыз мұғалімдердің кесірінен қанша баланың болшағына балта шабылды екен. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген осы.  Мұндай мұғалімдер мектептің ғана емес,  қалың елдің ертеңгі болашағының тамырына балта шапты… Ал  осындай сауатсыз мұғалімді жұмысқа алған, оның әр өткізген дәрісіне бақылау жасамаған мектеп басшысы да  білім саласынан қуылуы тиіс. Мектепте  білім сапасын жаңғыртудың  орнына   комиссия келе жатыр десе  мұғалімдерден ақша жинау, қыл аяғы үйіндегі жұмысына мектептің шаруашылықтағы жұмысшыларын жегіп қойған  талай мектеп басшылары туралы көгілдір экраннан  көрсетті ғой. Әсіресе, Түркістан облысындағы және басқа өңірлерде мұғалімдердің мектеп басшылығына қарсы ереуілдері елдің жағасын ұстатты. Мұндай келеңсіздік Жетісу облысында да  болды. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық. Олар да адам баласы ет пен сүйектен жаралған пенде. Шыны керек,  байырғы мектепте ұзақ жыл мұғалімдік қызмет атқарған ардагер мұғалімдер мен сөйлессен білім саласындағы жүйесіздікті айтып бастарын шайқайды және олардың артында қорғаштап тұрған адамдарда анау-мынау емес дейді.

Иә, нағыз маман, өз ісінің  білгірі. Жаны қалап,  таңдап алған мамандығының ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген мұғалімдер жетерлік. Олар әрдайым білімдерін жетілдіріп отырады. Алдына келген оқушының мінез-құлқына зер салып, ыңғайын тауып, білімді болуына күш-жігерін жұмсайды. Ондай ұстаздарды мектеп түлектері де құрметтейді. Тіпті, есейіп білім ұяларынан қанаттанып кетсе де ауыздарынан тастамай,  «апайымыз», «ағайымыз» деп мақтанышпен айтып жүреді. Әр  пән мұғалімнің өзіне тән жұмыс істеу қағидасы бар. Мейлі ол математик, физик, не әдебиетші болсын, өз саласының бес-аспап маманы болуы тиіс.  Баланың бағын ашатын да  сорына қалатын да мұғалім.  Бағын ашқан ол –  білікті, білімді ұстаз. Сорына қалған өзі сауатсыз  мұғалімнің атын жамылып, мектептің атына кір келтіретін мұғалімдер білім ошақтарынан толық аластатылмай, мектеп басшыларының «бір беті ақ, бір беті қара» болып жүреді. Қазір қоғамда жекеменшік және мемлекеттік оқу орындары  бар. Жекеменшік оқу орындары мұғалімдерді өздері үшін сұрыптап алады. Ал, мемлекеттік оқу орындарында сұрыптау бір деңгейде жүріп жатқан жоқ. Оған құқық-қорғау органдарының  фактілері айғақ бола алады.

Тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде білім жүйесіндегі үстірт жасалған реформалар мұғалімдерді танауын тасқа соққан балықтай сансыратты. Ұстаздардың үнжырғасын  түсіріп, шауып кел, барып кел дейтін қолбалаға айналдырды. Тіпті жазушылар жазған кітаптарын өткізу үшін мектептерге тартты, қыл аяқ концерт қойып келген әншілердің билетін өткізу мектептерге жүктелді. Ол онсыз да сансырап жүрген мұғалімдердің қалтасына соқты. газет-журналдарға жазылу науқаны мұғалімдердің қыл-көпірден өткенімен бірдей болды. Одан бөлек сайлау басталса көше аралау, әкімдіктердің түрлі шараларына мұғалімдер мен оқушыларды тарту үрдіске айналды. Ақыр аяғы бұл үлкен дауға айналып, білім министрлігін экс министр Асхат Аймағамбетов басқарғанда бұл келеңсіздіктерге тоқтау салынды. Ал,оқулықтардағы сауатсыздықта мұғалімнің қадір-қасиетіне кері әсерін тигізбей қоймады. Баспадан басылып шыққан оқулықтардағы сауатсыздық бастауыш сыныптан бастап жоғарғы сынып, одан қалса,ҰБТ-дағы сынақ сұрақтары, мектеп түлегі тұрмақ  білім берген мұғалімдердің миы ашыды. Бұл қателіктер әліде толық жойылып кеткен жоқ, жылма-жыл баспадан басылып шығатын оқулықтардан көруге болады.  Қадірі қашқан мұғалімді оқушылар да басынып алған. Жандары күйіп,  күйзеліп кеткен мұғалімдер қол көтергені үшін жұмыстан қуылды. «Балам,  мұғалімге сый-құрметпен қара» дейтін ата-ана да баласын жазалаған үшін мұғалімді сотқа сүйреді. Оқушы мұғалімнен емес, мұғалім оқушыдан қорқатын дәрежеге жетті. Тіпті мектеп ауласынан бөлек жасалған ағаттыққа да  мұғалімді мектеп әкімшілігін жауапқа тартатын болды. Бұдан бөлек,  бала писихологиясына кері әсер беретін ұялы телефондағы жабайы көріністер бала жүйесіне әсер етпей қоймады. Мағжан айтқан төрдегі орын мұғалімге тимеді. Мұғалімнің қадір-қасиеті есікке сырғанап түсті. Оған  сауатсыз мұғалімдер мен сапасыз отыз жылдың ішінде басылған сапасыз кітаптар өз үлесін қосты. Дүниежүзілік банктің сарапшылары анықтаған бұл фактілер  оқу орындарындағы сыздап тұрған  қан-соқта жараның жарылуына тұспа-тұс келді.  Мұғалім сауатсыз, оқулық сапасыз болса,  мектептердегі оқушылар  да   сауатсыз болмағанда қайтеді…

                                                                                 Айтақын МҰХАМАДИ

 

 


ПІКІР ЖАЗУ