Нұрмолда Алдабергеновке ескерткіш қойылды

0
499

Талдықорған қаласында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері Нұрмолда Алдабергеновтің ескерткіш бюсті ашылды.

Бюст қаланың 6-шы шағын ауданында орналасып, маңайы сквер ретінде абаттандырылды. Бұл  туралы  Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен ескерткіштің шымылдығы түріліп, бюст алдына гүл шоқтары қойылды. Жиналған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгінгі қоғамда еңбек құндылығын арттырудың маңызына тоқталса,  Социалистік Еңбек Ерінің қызы Раушан Алдабергенова да тілегін білдірді.

Жиналған жұртшылық ескерткіштің қос қапталына қойылған  көрмемен танысты.  Онда Нұрмолда Алдабергеновтің тұтынған жеке заттары, Еңбек Ері туралы жазылған кітаптар, қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы ақпараттық банерлер көпшілік назарына ұсынылды.

«Жетісу сазы» ансамблі қазақтың күйлерін төгілтіп, әншілер рухты әндерімен мерекенің шырайын кіргізді.

Атап өтсек, ескерткіш бюстінің авторлары – сәулетші Қаби Баулықов пен мүсінші Нұрғалым Исабаев. Ескерткіштің биіктігі – 1,4 метр, тұғырының биіктігі – 2,9 метр. Бюсті қоладан құйылып, тұғыры граниттен қойылған. Ескерткіштің маңайын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 115 млн. теңге бөлініп, свер жасалды. Мұнда 80-дей жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар  отырғызылып, 16 орындық қойылған. Газон төселіп, 42 жарық шамы орнатылған. Автосуару жүйесі жұмыс істейді.

Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов, Кербұлақ ауданында туған. Қазақстанда колхоз ұйымдастыру ісіне белсене қатысқан, колхозды басқарған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1948, 1958). Ұлы Отан соғысына қатысқан, қоғам қайраткері. Даңқты еңбек адамы туралы Сәбит Мұқанов «Алдабергенов туралы аңыз» атты поэма жазған, жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Ұзақбай Доспанбетов, Құттыбек Баяндин деректі кітаптар жазған. Қазір Ескелді ауданындағы Шұбар ауылына Алдабергеновтің есімі берілді. Ауылда сол елді мекеннен шыққан 20 Социалистік Еңбек Еріне қоладан ескерткіштері қойылған свер бар, свердің ортасында 21-ші ескерткіш – Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні тұр.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 


ПІКІР ЖАЗУ