МҰСАБЕК АУЫЛЫ көгілдір отынға қол жеткізді

0
319

Көксу ауданының елді мекендерін газдандыру қарқынды жүргізіліп келеді. Күні кеше Мұсабек ауылында көгілдір отын пайдалануға берілді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көксу аудандық әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін Балпық би, Теректі, Мұқыры, Еңбекші, Бесқайнар, Жамбыл, Мәмбет ауылдарына газ құбыры тартылып, 5 мыңнан астам абонент газға қосылуға мүмкіндік алса, соның 2700-ден астамы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Бүгінде Көксу ауданында газға қосылуға жататын 12 ауыл бар, олар жоспар бойынша келесі жылдың соңына дейін толық қосылып бітуі тиіс.
Ал, Мұсабек ауылында газ тарату желілері мен жеткізуші газ құбырын тартуға 523 миллион 827 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын мердігер «Алматы Production Construction & Invest» ЖШС атқарған. Газ құбырының ұзындығы 46,7 шақырым, соның 15,5 шақырымы жоғарғы қысымды, 31,2 шақырымы төменгі қысымды. Сол сияқты 4 дана шкафтық типтегі газ тарату стансысы орнатылды. Жалпы бұл ауылда 1806 тұрғын бар, абонент саны – 178.
Газ алауын жағу салтанатты рәсіміне қатысқан ауыл тұрғындары атқарылған іске ризашылықтарын білдірді. Солардың бірі «Күміс алқа» иегері Алтыншаш Мұташева. «Осы ауылдың байырғы тұрғынымын. Мұнда 1969 жылдан бері тұрамын. Алты балам бар. Жылқы бақтық, қой бақтық, ұзақ жыл малда болдық. Ауылға түбегейлі тұрақтағанымызға он жылдай болды. Қазір жасым 73-те. От жағып, күл шығарған оңай емес. Газ келгеніне қуанып жатырмыз. Құрылыс жұмыстарында ер азаматтар күннің ыстығына да, суығына да қарамай жұмыс істеді. Үйіме газдың нүктесін, есептегіш құралын мердігер компания тегін орнатып берді. Азаматтардың бәріне де көп рахмет айтамын» – деп ағынан жарылды көп балалы ана.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ