«ТЕАТР КӨБЕЙСЕ, ТҮРМЕ АЗАЯДЫ»

0
2196

27 наурыз – Халықаралық театр күні. Атаулы датаға орай Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп, театрдың тыныс-тіршілігі жайлы баян етті.

Театрдың көркемдік жетекшісі Данияр Жоламанұлының сөзінше, театрға келушілер мен құрметтеушілер уақыт өткен сайын көбеюде.
«Қазір рухани жағынан театрда мәдени жарылыс болып жатыр десек артық емес. Біздің тараптан бір жарым ай ішінде көрермен назарына 3 спектакль ұсынылды. Әр спектакль өзінің көрерменін тапты. Әрине барлығының көңілінен шығу мүмкін емес, бірақ 90 пайыз өнерсүйер қауым театрға ағылуда. Сондықтан мұны үлкен бір жетістігіміз деп білемін.
Театрдың жетістігі – өңірдің жетістігі. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алдағы уақытта да үлкен жоспарларды жүзеге асыру ойда бар. Оған өздеріңіз де куә бола жатарсыздар», – деді ол.
Іргесі 1975 жылдан қаланған өнер ордасында елуге жуық әртіс қызмет етеді. Оның ішінде театр тыныстай бастаған сәттен бері еңбек етіп келетін жандар да бар. Солардың бірі – ҚР Мәдениет қайраткері, «Дара» медалінің иегері – Мәкен Нұрмұхамбетова. Театрмен бірге жасасып келетін өнер иесі де баспасөз мәслихатында қонақ болып, өзінің жүрекжарды сөзімен бөлісті.
«Кез келген ұлттың руханиятын сілкінтіп, мәдениетін қалыптастыратын ең ұлы өнер ордасы – театр сахнасы. Ал осы киелі өнердің жолында тер төгіп жүрген әртістердің қызметі – сауапты әрі жауапты. Ал театр күні бүкіл дүниежүзі тойлайтын мереке. 1961 жылдан бері тойланып келетін мейрамды 100-ден астам мемлекет атап өтеді», – деді Мәкен Дүбекқызы.
Заманымыздың заңғар жазушысы Ш. Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзі бар. Расында да театр адамды эстетикаға, сұлулыққа, өнерге, жақсылыққа жетелейді. Ал ұлт құндылықтарын насихаттап, рухани жаңғыру жолында тарихтың бет-бедерінен тағылымы мол дүниелерді көрермен назарына ұсыну – ұлтымыздың рухани темірқазығын сақтаумен тең. Осы орайда ұлы істерге дара да сара жол салып келетін театр ұжымын мерекелерімен құттықтаймыз!

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ