ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ БҰЗЫЛМАСЫН

0
253

«Отан отбасынан басталады» деген тәмсілді біз жиі айтамыз. Алайда сол отбасының тәлім-тәрбиесі, демографиялық ахуалы бүгінгі қоғамда үлкен рөл атқаруда. Ұрпақтың өсіп-өнуі, көбеюі дербес мемлекет үшін зор мақтаныш. Себебі, отанды оның шекарасын көздің қарашығындай қорғайтын сарбаз, сақшы, қауіпсіздік құрылымдар, өзге де салалардың барлығында адам факторынан құралады. Демек, халық көбеймесе Отан да жоқ. Халық көбейсе Отан да қорғалады. Сондықтан ұрпақты көбейтіп, өсіретін кім? Әрине ер мен әйел.

«Ердің қабырғасынан жаралған» әйелге қандай құрмет көрсетсең де артық етпейді. Себебі, ұрпағы үшін түн ұйқысын төрт бөліп, тас емшегін жібіткен аналардың зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтыны туралы қоғамда резонанс туғызды. Сол себепті мемлекет әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының құрамын жасақтап, оны жүзеге асыруды жергілікті билікпен бірлесіп, комиссия құрып, ережесін жасап, жұмыс жоспарын бекітіп жүзеге асыруда.
Көксу ауданы бойынша көпбалалы аналарымыздың саны 1 358-ге жеткен. Олардың ішінде «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерінің саны жылдан жылға артып келеді. Ардақты аналар тек қана ұрпақ қамымен ғана айналысып қоймайды. Олардың отбасынан бөлек, қоғамның қай саласына барсаңызда ерлермен иық тірестіріп қызмет жасап жүргенін көресіз. Тарихтың «тар жол тайғақ кешуіндегі» кезеңдерге көз салсаңыз қолдарына қару алып, жауға атойлай шапқанда осы – арулар, аналар болатын. Тылда да, майданда да әйелдер жасаған ерлік аз емес. Кешегі кеңестік кезеңнің өзінде техниканың тізгініне жармасып, төрт түлік бағып, ел басқарған нәзік жандылардың есімін ел ұмытпайды. Ауданға қарасты Еңбекші ауылының экономикасын өрлетіп, ауылдың ажарлануына үлес қосқан «Еңбек Ері» Зылиха Тамшыбаеваның есімін кезінде он бес одақ түгел таныған болатын. Бүгінде ауданда өзге құрылымдарды айтпағанда, 900-ден астам кәсіпкер әйел кәсіптерін дөңгелетуде. Анаға деген құрметті қасиетті кітап Құраннан да оқи аласыз. Әлем бойынша Халықаралық әйелдер мерекесі тойланады.
Қазақстанда алғаш рет тойланып жатқан «Аналар күні» мерекесіне орай Көксу ауданы, Мұсабек ауылдық округінде «Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен» атты ұйымдастырылған мерекелік іс-шара өтті. Мұнда белсенділігімен көзге түскен он округтің аналар кеңесінің мүшелері жас ұрпаққа тәлім-тәрбиелерімен бөлісіп, отбасылық құндылықтар туралы ойларын ортаға салды. Мұндай тағылымды пікірлер, әсіресе, жас отбасыларға үлкен сабақ болды. Бүгін қосылып ертесі ажырасып жататын жанұяларға қол ұстасып, өмірдің бұралаң жолдарынан сүрінбей өтуге, қиындықтарға мойымай, морт сынып кетпей, өмірге әкелген ұрпақты тірі жетім жасамай, саналы тәрбие, білім беруде ана мен әкенің арқалайтын жүгі жеңіл еместігін айтты. Отбасының ұйытқысына айналған аналар құрметіне мәдениет үйінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары жалынды музыкалық сәлемдерін жолдады. Аудан әкімі Дәулет Халеловтың сөзінше, өңір бойынша әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды талқылау мақсатында аудан әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық аналар кеңесінің мүшелерімен дөңгелек үстел өткізіліп тұрады. Осы жиынның кезекті отырысында әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң нормалары бойынша тиісті мекеме басшылары баяндама жасап, жан-жақты талқыланыпты. Жалпы отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты дүниелер күн тәртібіндегі өзекті мәселе екені белгілі. Бұдан өзге отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, қарттардың бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы да мәселелер жиі талқыланатынын да тілге тиек етті аудан басшысы.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар туралы айтар болсақ, неке және отбасы құндылықтарын сақтау бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етуге болады. Оған ауданның полиция бөлімі, жергілікті полиция бөлімшесі биылғы жылдың наурыз айында ҚР ІІМ 2015 жылғы 25 желтоқсанындағы № 1097 бұйрығының 8-тармағына сәйкес, Көксу ауданының ПБ-нің ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының штаттық саны – 1 бірлікті (инспектор) құрайды. Әйелдерге қатысты тіркелген қылмыстардың жай-күйіне келсек, ағымдағы жыл басынан аудан аумағында барлығы 14 (2023ж.-24) қылмыстық іс тіркелген.
Аудан әкімі Дәулет Кенжеханұлының айтуынша, ауданда әйелдерге қатысты әрбір қылмыс дерегі бойынша күн сайын талдау жүргізіліп, әрбір қылмыс дерегінің себебі анықталып, профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған резонанстық жарияланымдар бойынша жан-жақты тексеріліп, тиісті ақпарат ПД ЖПҚБ-на ұсынылады. Заңмен бекітілген, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңын жүзеге асыруда ағымдағы жылдың басынан жалпы 36 (2023ж. – 36) құқық бұзушыларға (яғни, заңды күйеулеріне және азаматтық некедегі күйеулеріне), оның ішінде ӘЗЗҚТ инспекторымен 2 (2022ж. – 2 ) қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, ал 2 (2023ж. – 2) құқық бұзушыға қатысты ерекше талап орнатылды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында жасалған құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБТК-нің 73 бабымен барлығы 64, оның ішінде әйелдерге қатысты жасалған 43 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған (заңды некедегімен – 22, бұрынғы ерлі – зайыптылар – 3, азаматтық некедегімен – 3, басқа туыстар – 15).
Аудан әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа зер салсақ, анықтама бойынша ӘҚБК 73 бабымен (Отбасы тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекет) – 32. ӘҚБК 73 – 1 бабы (денсаулыққа жеңіл дәрежелі дене жарақатын келтіру) – 6. ӘҚБК 73 – 2 бабы (ұрып-соғу) – 5 тіркелген. Ауданда әйелдер арасында жыл басынан есеп беру мерзімінде өз-өзіне қол салу дерегі тіркелмеген. Сондай-ақ, ай сайын ПБ-нің Криминалдық полиция бөлімінің іздестіру бөлімшесімен із-түссіз жоғалып кеткен әйелдерге салыстыру жүргізіліп отырады. Бұл бағытта өткен жылы да, биыл да іс-түссіз жоғалу дерегі тілкелмеген, алайда ӘЗЗҚТ-на 45 әйел жүгініп, оларға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген. ӘЗЗҚТ-ның инспекторымен 1 құқық бұзушыға (яғни, заңсыз және заңды күйеуі) қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған. Дағдарыс орталығына 4 балалы ана орналастырылып, оған құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген. Қандай іс-шара атқарылса да соның барлығы ақпарат құралдарына жарияланады. Мәселен, биыл «police_koksu» және учаскелік полиция пунктерінің ақпараттық агенттіктеріне 21 ақпарат (2023ж – 19) жарияланған. Зорлық-зомбылық бұл қылмыс әрі отбасылық үлкен трагедия.
Экс министр Қуандық Бишімбаевтың азаматтық некедегі жұбайы Салтанатқа жасаған зорлығының аяғы кісі өліміне әкелді. Бүкіл әлем тікелей эфирден сот барысын бақылап отырды. Қылмыскерге үкім кесіліп, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл – жанұялы болған жандарға үлкен ой салды. Сондықтан отбасындағы зорлық-зобылыққа жол жоқ. Бұл арада әйел қауымы да ойлануы тиіс. Отбасының берекесі – ерлі зайыптыларға ортақ мүдде.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ