ӘЛИ АҒАНЫҢ ӘЛЕМІ немесе баспа ісінің алға басуына мұрындық болған қаламгер

0
408

ГАЗЕТ жұмысын сөз еткенде көбіне журналистердің еселі еңбегі айтылып, баспасөздің ажырамас бөлігі саналатын баспахана қызметі қағажу қалып қойып жатады. Бұл саладағылардың атқаратын бейнетін осы жерде еңбек еткен жан, баспа ісінің алға басуына мұрындық болған, кейінгі ұрпаққа рухани азық боларлық туындылар жазып, еңбекқорлығымен, ұлағатты ісімен танылған қаламгер Әли Әпекұлы жақсы біледі. Қашан көрсеңіз тік жүріп, тазалықты жаны сүйген, өз пікірін ашық айтып, басшымен де, қосшымен де сөзі жарасқан ардагер аға бүгінде 85 жаста.

Сексен бес жасты еңсерген қаламгер Алматы облысының Іле өзені Балқаш көліне тақау сағасындағы Құйған ауылында дүниеге келді. Жастайынан жетім қалып, әжесінің қолында тәрбиеленді. Өмірдің тауқыметін көп көріп, белі қатпай еңбекке ерте араласты. Тапшылықтың тақсыретін тартқан кезеңін өзінің мына бір өлең жолдарында былайша баяндапты.
«Қамыс күрке қалқайтып ықтасынға,
Көзді уқалап, сүйеніп жүк қасына,
Шәугім асып мосыға телміргенмін,
Қиындықты ұғынар ұқпасыңда».
Оның балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Дей тұрғанмен жетімдіктің қиындығына мойымай, ілгеріге ұмтылған Әли ағамыз Құйған ауылындағы Бозжанов атындағы орта мектепті бітіріп, сол тұстағы «Жиделі» совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Мектепте жүрген кезінен мақала жазып, Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінің редакциясына қызметке шақырылды. Әуелде әдеби қызметкер, одан кейін бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы міндеттерін атқарды. 1966 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін ойдағыдай бітірді.
Бүгінде ағалық жастан аталық жасқа жетіп, ақсақалдық биікке көтерілген Әли Ысқабай еңбек жолында Қаратал, Көксу аудандарында газет редакторы, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» кейін «Жерұйық» деп аталған газетте редактордың орынбасары міндетін де табан аудармай жиырма жылға жуық істеді. Бұдан кейін Талдықорған облыстық Полиграфия өндірістік бірлестігінің бас директоры болып қызмет етті. Осы салада атқарған еңбек жолы жайында ақсақал былайша тебіренді.
«Полиграфия» өндірістік бірлестігін басқару жөнінен облыс әкімі ұсыныс жасағанда, бұрын етене араласпаған саланың өзіндік бүгесі мен шігесінің, құпиясы мен құз-қиясының, қалтарыстары мен бұлтарыстарының барлығын ескеріп, ойланыңқырап қалдым. Салмақ салып, сенім жүгін арқалатқалы отырған шақта бәлсінгім де келмеді. Ондағы ой – бұл саланы зоотехниктің де басқарғаны маған мәлім. Оған қарағанда істеген қызметім полиграфия мен баспахана өндірісінің жұмысына қатысты болған соң, көзтаныс үйреншікті кәсіп қой деген оймен, шын мәнінде сенім көрсетілсе, тапсырылған сала қызметін қолымнан келгенінше адал атқаруға бар күш-жігерімді, қабілетім мен біліктілігімді неге жұмсамасқа. Жауапкершілік жүгін иықпен көтеруден қалайша қаймығайын. Осылай жаңа сала өндірісінің орындығына отырдым.
Жаңа жұмысқа жайғасқан соң ісін бірден кадрлармен танысудан бастайды. Алайда өндірістік бірлестіктің бас есепшісі Ю. Константиновнаның: «Сіз жылы орыннан қозғалып, бекер-ақ келісім бергенсіз. Бұл бірлестік жуық шамада тарап кетуі де ғажап емес. Өзін-өзі сақтайтын қаражат табу қиындап барады» деген сөзіне кәдуілгідей ойланып, уайымдап қалады. Әркімнен бір сұрастыра келе бірлестік аппаратының қызметкерлері екі-үш айдан бері мандырымсыз еңбекақысының өзін уақытылы ала алмай, іркіліс ілгегіне ілініп, ырғақтан ауытқып, шетке ысырылғалы тұрғанын, жағдайдың қиындығын, полиграфиялық жабдықтар мен техникалардың, оның ішінде газеттерді басатын үлгіні түсіретін пластинаның жоқтығын, бұрынғыларын қайта өндеп, қалт-құлт күн көріп отырғандығын біледі.
Баспаханалардың қолдағы бар қоры таусылған, қағаз жоқ. «Офсет» баспаханасынан шығатын аудандық газеттер уақытылы басылмайды. Есеп-қисап жұмысының бланкілері мен басқа да заказдарды жасайтын цех үш айда 20 мың сомның жұмысын ғана істеген. Жұмыс жоқтықтан қаңтарылған машиналарды шаң басқан, бұзылған, тетіктері жетіспейді, күтімсіздік жайлаған. Істі ширатуды «Офсет» баспаханасындағы бланкі цехынан бастадық. Екі «Ромайор» машинасы жөнделініп, майланды, іске қосылды. Бір айда 40 мың сомның тапсырысын басып шығаруды талап еттік. Әбден жайбарақаттық пен жайбасарлыққа бойы үйренген цех мастері: «Сіз айтқан нысанаға қол жеткізу мүмкін емес, үш айда 20 мың сомның заказын әзер жасағанда, бір айда ол көрсеткішті үш есе арттыра орында деу зорлық» деп іске енжарлау кірісті. Бақылау күшейтілді. Тапсырма орындалды. Басқа да игілік көздері іске қосылды. Табыс молайды. Берілмей келген еңбекақылар төленді. Сыйлықтармен марапатталды. Тарифтік ставкалардың мөлшері көбейтілді. Еңбекке деген ынта артып, әркім өзі үшін қимылдай бастады, – деген ол әңгіме желісінде сол кездердегі Қапал, Гвардия, Кербұлақ аудандарының баспаханалары жабылып, олардағы бар мүліктер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, жұрнағы да қалмағанын тілге тиек етсе, Алакөл, Бөрлітөбе, Үйгентас, Ақсу аудандарындағы баспаханалар таратылып, Сарқан аудандық біріккен баспаханасының филиалы ретінде қалдырылып, әркім өз тірлігін өзі қамдаған күй кешкенін де айтты.
Баспахана тірлігіндегі сүреңсіз күндерден сыр шерткен Әли аға : – Бұлай қалдырсақ іс алға баспасы анық. Содан соң аудан әкімдерімен келісе отырып, әр ауданда дербес баспахана құрып, өзін-өзі басқаруға мүмкіндік бердік, – деп әңгімесін жалғады.
Көксу аудандық баспаханасы Талдықорған сілтілі аккумулятор зауытына, Жаркент баспаханасы осы өңірдегі «Сералы» қожа шаруашылығына сатылып жіберіліпті. Бір жақсысы Жаркент баспаханасын қабылдап алу жөніндегі алыс-беріс актісі жасалмаған екен, соңына бір ай түсіп жүріп, әзер дегенде қайтарып алдық. Осы жерде Панфилов ауданының әкімі болған Әділшайық Ыбыраймолдаевтың баспаханаға оң көзқараспен қарап, демеушілік көмек көрсетіп, жаңа жобалы үш қабатты мекенжайдың бірінші қабатына қоныстануға тікелей қамқорлық жасағанын үлкен кісілік, әрі ізгілік белгісі болды», – дейді ол.
Ағамыздың айтуынша, 1992 жылдың екінші жар-тысында облыстағы аудандық баспаханалар жүйесі соңғы он жылда алмаған полиграфиялық жабдықтар мен машиналарды зауыттардың өздеріне тікелей шығу арқылы қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, Санк-Петербургтағы Ленинград полиграфиялық машиналар зауытынан КСМ маркалы тоғыз машина, осы машиналарға қажетті бес жүз мың сомның қосалқы бөлшектерін, Дағыстандағы «Қызылқұрт» зауытынан төрт баспа машинасын, Алматыдан үш осындай машина, барлығы жеті баспа машинасын, Мәскеу түбіндегі Дмитров зауытынан газет үлгісін көшіретін үш тонна дозакл пластинасын, үш тигль аппаратын, үш қағаз кесетін машина, үш компьютер сатып алынып, іске қосқан. Ескі құрал-жабдықтарды қосалқы бөлшектермен жаңартып, олардың да тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалау да күн тәртібіне қойылыпты. Нәтижесінде еңбек өнімділігі артқан. Мәселен, 1992 жылдың бірінші тоқсанында өндірістік бірлестігіне қарасты «Офсет» баспаханасы 220 мың сомның өнімін таратса, одан кейінгі жылдың бірінші тоқсанында көрсеткіш бірнеше есе өсіп, 568 мың теңгеге жеткен.
1992-1999 жылдар аралығында «Алатау» баспа полиграфиялық корпорациясы кәсіпорнының Талдықорған облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің бас директоры болған тұстағы еңбек жолы туралы әңгімелеген аға өндірістегі еңбек өнімін еселеп арттыру баспахана жұмысшылары белсенділігінің нәтижесі екенін де баса айтты.

* * *

Жаны әділдік пен адалдықты сүйетін, жалғандықты, жалалы сөз айтқанды жақтырмайтын кейіпкеріміз қол астында жұмыс істеген жұмысшыларға қамқорлық танытуда да еш аянып қалмапты. Өндірісте жұмыс істеген 16 жұмысшыға бірлестіктің таза пайдасы есебінен ешқандай да проценттік өсімсіз несие ақша бөлініп, біріне үй, екіншісіне пәтер сатып беріпті. Осылай бір жылда алты отбасы баспаналы болып, оларға 176 мың теңге таза табыс есебінен несие берілген. Осы бір қуаныштың иесі болған аға-апайлар өткен күндерін еске алып, аса бір ыждағаттылықпен әңгімелеп берді.

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы: «Өткен ғасырдың сексенінші жылының басында өз туған өлкем, сол кездегі Талдықорған облысы жайында тарихи-танымдық бір кітап жазғым келді. Өйткені, шығыстағы үлкен көршіміз үнемі «Балқашқа дейінгі жер ежелгі біздің жер» дегенді айта да беретін, жаза да беретін. Олай емес, ол араның ежелден қазақ жері екенін дәлелмен жазғанды жөн көрдім. Сол кезде Қуаныш Сұлтанов Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі еді, ойымды оған айтып ем, қуана құп көрді де, дереу сол облысты бақылап отыратын азаматқа тапсырды. Соның арқасында Талдықорған облысына қарасты аудан басшылары бірінен кейін бірі мені қолға тигізбей қағып алып отырды. Ал облыстық партия комитеті қасыма облыстық газет бас сарапшының орынбасары болып істейтін Әли ағаны қосты. Біз екеуміз бір-бірімізді оған дейін де білетінбіз, оған дейін де сыйласып жүретінбіз. Бірақ ұзақ уақыт бірге болып, бірге жүріп рахаттанғанымыз осы ғана еді. Өзі бастық, өзі ақын бола тұрып, дәл Әлекеңдей сыпайы жүретін, дәл ондай өз орнын кез келген жерде білетін, артық сөз айтпайтын, өрескел қылық жасамайтын жайсаң адамды сирек кездестірдім. Кейде тіпті, қасыңда бар екенін де білдірмейді. Алайда, сөз кезегі, өз кезегі келгенде, сөзден де, істен де тосылмайды. Асып сөйлеп, астамшылық та жасамайды, тасып сөйлеп, тасырлық та көрсетпейді. Бейне бір мен аға да, ол інім секілді. Қонақ боп көсіліп, есіліп отырғанда да сол қылығынан бір жазбайды. Табиғатына біткен тамаша мінезі екен. О кісі өз жағдайынан бұрын жанындағы адамның жағдайын ойлайтын адам екен. Әркімнің ондай ағасы бар шығар. Бәлкім, көп те шығар. Мен бірақ ағаларымның ішінде Әлекеңді айрықша бөліп, ерекшелеп айтам».

Бақыт САТЫМБАЕВА, «Офсет» баспаханасының кадр бөлімінің меңгерушісі:
1988 жылы Талдықорғандағы қалалық «Офсет» баспаханасына төрт қыз келіп, үш ай тәжірибеден өттік. Үш айдан соң екі қызды жұмысқа алды. Соның бірі – мен. 1992 жылы Талдықорған облыстық «Полиграфия» өндірістік бірлестігінің бас директоры болып Әли Ысқабай тағайындалды. Аудан, қалалардағы баспаханалардың бәрі осы бірлестіктің құрамына кірді. Соның ішінде «Офсет» қалалық баспаханасы да бар. Ал біздің директорымыз Мақсатбек Сандыбаев болды.
Біз төрт қыз болып жалдамалы үйде тұрдық. Үшеуміз баспа өндірісінде еңбек етсек, тағы бір қызымыз балабақшада жұмыс істеді. Жалдамалы үйде заттарымыз жоғала бастады. Бірде аяқ киімнен, тағы бірде далада жайылып тұрған киімдерімізге дейін ұрлайтынды шығарды. Жұмыстан үйге келген сайын бір затымыздан айырылып қала беретін болдық. Бірақ ұрыны қолға түсіре алмадық. Осы жайттан кейін Әли ағаға кіріп, жағдайымызды айтып, жатақхана беруін сұрадық. Зәуре екеуміздің сөзімізге орай ағаның айтқаны әлі күнге дейін жадымда. Біздің жалдамалы үйде тұратынымызды естіп: «Сендер пәтер жалдап тұрасыңдар ма? Бұл жайтты маған басшыларың айтпады ғой. Мен бұдан бейхабармын. Біздің қазақ қыздарының орыстың үйін паналап жүргені несі» дей келе: «Жақсы, сендерге проценттік өсімсіз несие ақша беру арқылы баспаналы болуға көмек беремін. Бірақ бәріңе бірден емес, кезекпен аласыңдар. Үшеуіңнің ішінде қайсыңның еңбек өтілің көбірек, соған үйді бірінші аламыз» деп жабыққан көңілді көтеріп тастады. Осылай шамамен 250 мың сомның айналасында үй іздеуге көштім. Қаладағы орталық «Фиалка» аялдамасы маңында арнайы хабарландыру тақтасы болатын. Сол жерден сатылатын 7 үйдің мекенжайын жазып алып, құрбым Ләтипа екеуміз аяғымыз талғанша барлығына барып, көріп шықтық. Бірақ оған ақшамыз жетіңкіремейтіндік-тен, ең соңғы «Газета Правда» (қазіргі «Рүстембеков») көше-сіндегі үйге бару ғана қалды. Ертеңнен кешке дейін үй таппай сенделген мен құрбыма «шаршадым, болды, қайтайық» дедім. Ол болса: «Соңғы үй ғана қалды ғой. Бара салайық» деп болмай қойды. Сөйтіп барып, көрдік. Шағын ғана үй екен. Құрбым бөлмелерді аралап көріп, алуға болады деді. Сұраған бағасы да 250 мың сом. Әли ағамыз сөзінде тұрып, мен баспаналы болдым.
Менен кейін Зәуре алу керек еді. Бірақ ортасында бізге Монғолиядан отбасымен көшіп келген Бушин атты азаматқа үй алып берді. Содан кейін 1993 жылы Зәуре үй алды. Қысқасы баспаханада жұмыс істеген біраз адамның баспаналы болуына себепкер болды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Әли ағаның бізге жасаған жақсылығын еш уақытта естен шығарған емеспін. Дана Абай атамыз: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» демей ме? Әли ағаның бойынан тура осы үш қасиетті көремін. Өз ортасына сыйлы бола білген аяулы ағамыздың амандығын тілеймін!
Зәуре ТАЧЕНОВА, «Офсет» баспаханасының түптеу цехының түптеушісі:Баспаханаға 1988 жылы жұмысқа тұрдым. Содан бері бір жерде тапжылмай еңбек етіп келемін. Ал Әли ағаның баспахана жұмысшыларына жасаған жақсылығы туралы айтсам… Ол кезеңде баспанаға қол жеткізу әркімнің бір арманы еді. Біз жалдамалы пәтерде, орыстың жер үйінің бір бөлмесінде төрт қыз тұрдық. Әли ағаның арқасында жұмыстан проценттік өсімсіз несие ақша беру арқылы үйге қол жеткіздік. Алдымен Бақытқа үй алып, бір жылдай сол үйде біз тегін тұрдық. 1993 жылдың жазында жұмыстан берілген 1,5 миллион соммаға «Желтоқсан» көшесінен жер үй сатып алдым. Менен кейін Гүлшат, Баршагүл, Зылиха, Айнаш, Ерлан, Мая тағы басқа да жұмысшылар баспаналы болды.
Әли ағаның арқасында алған баспанам құтты болып, бір жылдан соң тұрмысқа шығып, екі баланың анасы атандым. Қазіргі күні сол шаңырақта бала-шағаммен тату-тәтті ғұмыр кешіп, келін түсіріп, немере сүйіп, апа атанып отырған жайым бар.
Өзінің емес, өзгенің жайын ойлаған Әли ағамыздың бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Үндемей жүріп үлкен іс тындыруға бейім ағамызға көрер қуанышыңыз көп болсын деймін. Аман болыңыз, жақсы аға!
Ерлан ШОМБОЛОВ, «Офсет» баспаханасының аға баспагері:Алғашында аккумулятор зауытында жұмыс істедім.1993 жылы баспаханаға қосымша жұмысқа тұрып, Әли ағамен таныстым. Алғашқыда газет ораушысы болып жүрдім. Содан көмекшілікке ауыстым. 1994 жылы қазіргі «Офсет» баспаханасының қазіргі ғимаратына қоныс тептік. Әли Әпекұлының басшылығымен осындағы цехтың ішіне жөндеу жұмысын жүргіздік. «Офсет» баспаханасы үшін кең қағаз сақтайтын қойма, қазіргі баспа машинасы орналасқан кең құрылыс алаңы салынды. Ол кез жұмыстың қобыраған шағы-тын. Қаражат тапшы кез еді. Салынып жатқан құрылысты көрген облыстық Өнеркәсіп орындары қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ораз Құлмағанбетов: «Ел бар құрылысты бұзып талқандап жатқанда, сендер қалайша құрылыс салып жатырсың деп таңданып еді. Мұның бәрі Әли ағаның бастауымен болған шаруа ғой.
Ағамыздың арқасында үйлі болдық. 1997 жылы Әли ағаға баспанамның жоқтығын айтып едім, ол кісі «алдымен үйлен, сол кезде үйіңді де алып береміз» деді. Мен болсам «бірінші үйімді алайын, сосын үйленемін ғой» дедім. «Азаматтық сөзіңде тұрасың ғой» деп менен қайтара жауап алып, үй алып беретін болды. Осылайша қаладағы «Жас талап» көшесінен жеке тұрғын үйге қол жеткіздім. Сол жылдың жазында үйлендім. Әли аға үй ғана алып берген жоқ, үйлену тойымның өтуіне де мұрындық болып, заттай да, ақшалай да көмек берді. Бір сөзбен айтсам, ағамыздың арқасында үйленіп, үй болдық десем болады. Қазірге дейін баспаханада отыз жылдан аса еңбек етіп келемін. Енді осы жерден зейнетке шығу бұйырсын деймін.
Әли Әпекұлының көмегімен баспаханадағы үйсіз жүрген жұмысшылар баспаналы болды. Өмір-жолымда осындай басшының қол астында жұмыс істегеніме ризамын. Бүгінде ақсақалдық жасқа жеткен ағамызға Алла ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін.
Кішілігі мен кісілігі басым Әли Әпекұлының сөзінше, ол кезде газет материалдары линотип арқылы ерітілген қорғасынмен терілген. «Оргтехника атымен жоқтын қасы болды. Сол шақта арнайы компьютер сатып алып, оны үйрену үшін жаңадан мектепті бітірген Айнаш атты бойжеткенді жұмысқа қабылдап, Алматыдан компьютердің тетігін білетін адамды арнайы шақыртып, бір аптадай қызымызға үйретті. Осылайша газет материалдарын компьютермен теруді меңгеріп, кір-қожалақ жұмыстан арылып, тазалыққа бет бұрдық», – дейді қаламгер аға.
Жалпы баспа ісі адамның рухани дүниесін байытатын тасқа басқан тарих десек, артық емес. Осы салада жеті жыл бойы жемісті еңбек еткен Әли Ысқабай көпшіліктің құрметіне бөленіп үлгерді.
Бұдан кейінгі жылдарда Алматы облыстық «Жетісу» газеті редакторының бірінші орынбасары және «Алатау» газетінің бас редакторы міндетін де атқарды. Қаламгер ағаның шығармашылық саладағы жемісті қызметі де ескеріліп, тиісті орындардан лайықты бағасын алды. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының 1989 жылға 24 мамырдағы Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ең-бек сіңірген мәдениет қызметкері» атанып, Алматы облыстық Мәслихатының шешімімен Алматы облысы мен Балқаш ауданының Құрметті азаматы атағының иегері. Есімі «Жетісу элитасы» кітабына енгізілген. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 және 30 жыл», «Қазақстан ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ 2018 жылғы 30 сәуірдегі Жарлығымен Ресей халықтық комитетінің «Польза честь и слава» орденімен, Алматы облысы әкімдігі мен басқа да қоғамдық ұйымдары тарапынан көптеген Құрмет грамотасымен, дипломмен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылары мен Журналистер одақтарының мүшесі. Қазақстанның Құрметті журналисі атағын иеленген қаламгер.
Қарымды қаламгер сөзстан сапарын шарлаумен өткізген алпыс жыл ішінде жиырмаға жуық әдеби кітапты шығарып, оларды оқырмандар жылы қабылдады. Мерзімді басылымдарда істеген жылдары жазған ойлы очерктері мен өмірдің өзекті мәселелерін көтерген көркем сөздерден тұратын «Қаратал қыраны», «Әубәкіровтер әулеті» эсселері, «Қызылжардың қызғалдақтары» атты деректі көркемсөз кітабы жарық көрді. Сонымен бірге екі мәрте Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов туралы «Шынайы шындық» деректі кітабын және «Шаған шапағаты» жинағын құрастырды. Кеңес Одағының батыры жетісулық Мұсабек Сеңгірбаев туралы «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітабын шығарды. Ол көркем әдебиет саласында да табысты еңбек етіп келеді. Проза саласы бойынша жарық көрген «Тайқасқа» («Балауса» баспасы), «Бейтаныс қыз» («Санат» баспасы,) «Жәлменде-Пышан» («Атамұра» баспасы), «Ана алақаны» («Арыс» баспасы), «Жетісу таңы» («Алтал» баспасы), «Уақыт уысында» және «Зейіні зерек зиялылар» кітаптарының, «Тіл мен сөз» («Дәуір» баспасы), «Ойлы сөздің оғашы жоқ» мақал-мәтелдер жинақтары оқырмандарға ұсынылды. Мұнымен қатар балаларға арналған «Менің інім» («Жазушы» баспасы), «Солдат ағаға хат» («Жазушы» баспасы), «Еңбекқор құмырсқа» («Жалын» баспасы), «Бесік жыры» («Атамұра» баспасы), «Айдостың арғымағы» («Дәуір»), «777 жұмбақ» пен «Әліппе-жаңылтпаштар» («Дәуір» баспасы) кітаптары жарық көрді. Автордың мектеп оқушылары тарапынан үлкен сұранысқа ие болған «777 жұмбақ» кітабы алғашқыда «Ана тілі» баспасынан 1994 жылы 38 мың таралыммен басылып шығып, сұраныстардың көптеп түсуіне байланысты осы баспадан 2002 жылы 5 мың таралыммен екінші рет басылып шықты. Бір жылдан кейін, үшінші рет үш мың данамен жарық көрді. Ал 2008 жылы «Дәуір» баспасынан он мың данамен оқырмандарға тағы да ұсынылды. Осы баспадан 2010 жылы балалардың тілін ұштартуға арналған «Әліппе-жаңылтпаштар» кітабы шықты. Сонымен бірге «Жұбайым», «Жетісу таңы» атты кітаптарында қаламгер ақынның сөздеріне жазылған көрнекі және әуесқой сазгерлердің шығарған әндері топтастырылды.
Қаламын өмірлік қаруы еткен қаламгер ағамызға еліңіздің қадірлісі, ұрпағыңыздың ұйытқысы болып аман-есен жүре беріңіз дейміз.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ