АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІНЕ САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

0
465

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Жетісу облысындағы аудан мектептерінің әкімшілігінің өкілдеріне арналған оқыту семинары өтті.

Шара ауыл және қала мектептері арасында білім беру жүйесінде берік байланыс орнатуға, сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған.
Айта кету керек, бүкіл процесс семинарлар, вебинарлар, тағылымдамалар, шеберлік сабақтары түріндегі әдістемелік қолдаумен сүйемелденеді. Әдістемелік көмек 2025 жылға дейін жалғасады.
Бұл жолы аудандық мектеп өкілдері үшін Зияткерлік мектеп мұғалімдері бейіндік пәндер бойынша арнайы бағдарлама әзірлеп, тәжірибе алмасу үшін жағдай жасады. Сонымен қатар, семинар қатысушылары үшін «Басқару және менеджмент» тақырыбында кездесу өткізілді.
«Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» – бұл білім беруді тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің Серіктестік бағдарламасы. Жоба Қазақстанның 17 облысында қолжетімді сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және қала мен ауылдық жерлер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталады.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ