«Ауылдың жаңғырып, жақсаруы — бәрімізге мерей» дейді Жетісу елді мекенінің тұрғындары

0
669

«ГҮЛДЕНСЕ ауыл, гүлденеміз бәріміз». Бұл тәмсілдің ел ішінде айтылып келетініне бір ғасырдан аса уақыт өтсе де күніге дейін еш маңызын жойған жоқ. Ауылдың гүлденуімен осында тұрып жатқан халықтың әл-ауқатын аңғаруға болады. Біз табан тіреген Ескелді ауданына қарасты Жетісу ауылы ажары келіскен елді мекеннің бірі екен.

Төлеңгіт ауылдық округінің орталығы болып табылатын Жетісу ауылында тұратын халық саны 1567 адам. Жалпы округке үш бірдей елді мекен қарайды: Жетісу, Екпінді және Жеңдік ауылдары. Үш елді мекенді қосқандағы халық саны 2226 адамды құрайды.
Ауылдық округ әкімі Алмас Шаихов – Жетісу ауылының тумасы. Әкімдік міндетті атқарғанына үш жылдың жүзі болыпты. Алмас Құдайбергенұлымен тілдесудің орайы келмегенімен, бас маман Армангүл Шолан «әкім орнын ойсыратпай», сұраған мәліметімізге нақты жауап беріп, ауылды аралап көруге, ондағы ел жұртпен тілдесуге де септігін тигізді.Бас маманның сөзінше, әкім Алмас Құдайбергенұлының ұйытқы болуымен ауылда ауыз толтырып айтарлық біраз шаруа жүзеге асқан.
Төлеңгіт ауылдық округі бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар шаш етектен. Нақты айтсақ, Жетісу ауылына 2 млн. 800 мың теңге қаражатқа электр трансформаторы қойылса, Дайыров көшесіне 26 дана, Жамбыл көшесіне 10 дана (жұмсалған қаражат – 16 млн. 800 мың теңге) түнгі жарық шамдары орнатылған. Сонымен қатар, ауылдың 4 бірдей көшесіне күн сәулесінен қуат алатын 36 дана жарық шамы қойылыпты. Ауылдық дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өткізіліп, қазіргі таңда біраз жұмыс бітіп, аяқталуға шақ қалған. Жеңдік ауылында блокты-модульді медициналық пункт салынып, ел игілігіне берілсе, дәл осы ауылда балалар ойын алаңы да бой көтерген. Екпінді мен Жетісу ауылдары арасындағы жол ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Биылғы жыл-дың соңына дейін ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көреді деп күтілуде.
Төлеңгіт ауылдық округі әкімдігінде 5 мемлекеттік қызметкер: әкім, 3 бас маман және 1 жетекші маман; 5 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Округ бойынша ірілі-ұсақты 125 шаруа қожалығы бар екен. Істің қиюын келтіріп, тынымсыз еңбектің арқасында кәсібін дөңгелетіп отыр-ған жандармен жолығып, тілдестік.

Еңбектен тапқан бақытын

Бақыт Сүйінбайұлы, «Түкібаев. БС» шаруа қожалығының төрағасы:
«Тәуелсіздік біздің елімізге көптеген игілікті сыйлады. Осы жылдар бедерінде тұрғындардың өз алдына шаруа қожалығын ашып, дербес тірлік жасауына да мол мүмкіндік туды. Шаруасы шалқыған шаруа қожалықтары Жетісу ауылында да баршылық.
Төлеңгіт ауылдық округінің орталығы болып табылатын Жетісу ауылында туып өсіп, бүгінде ауылымыздың көркейіп, гүлденуіне қал-қадірімізше үлесімізді қосып келеміз. Әке-шешем де осы ауылға еңбегі сіңген жандар. Яғни сонау колхоз болып құрылған кезеңнен әкем – мал шаруашылығында, анам – сауыншы болып еңбек етті. Отбасындағы төрт қыз, төрт ұл-ды тәрбиелеп жеткізіп, балаларын да ерте жастан еңбекке баулып өсірді. Ата-анамыздың салған сара жолымен біз де ауыл шаруашылық саласына үлесімізді қосып, еңбек етіп келеміз. 2012 жылға дейін ауыл шаруашылық саласында жүріп, сол жылдан бастап өзімнің жеке шаруа қожалығымды құрдым. Бүгінде «Түкібаев. БС» шаруа қожалығында азын аулақ жер мен мал шаруашылығын дамытып отырған жайымыз бар. Шаруашылықта екі тракторист, екі малшы бар, жазғы кезде сушыларды жұмысқа аламын. Ұлым – Расул екеуміз бірге шаруашылық жұмысын жандандырудамыз. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып қана қоймай, әр мерекеде көпбалалы отбасыларына көмек көрсетіп тұрамыз. Сонымен қатар, шаруашылық жұмысынан бөлек қоғамдық жұмысқа да белсене араласамын. Ауылдағы мектептің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып табыламын.Ауыл деген руханиятымыздың темірқазығы, береке мен байлық-тың бастауы ғой. Ауылдың таза ауасымен тыныстап, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен азамат ретінде туған топырағымызды барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіспіз. Мен үшін ауылымнан артық жер жоқ және болмайды да. Сондықтан ауылдық округтің әлеуметтік-эко-номикалық дамуына үлесімізді қоса береміз».

Жетісу ауылы – Ескелді ауданындағы ауыл. Төлеңгіт әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Қарабұлақ кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 7 км жерде, Талдықорған-Текелі автомобиль жолы бойында, бетеге, боз, жусан, көде өскен қара топырақты қоңыржай-ылғалды агроклиматтық белдемде орналасқан. Ауыл іргесі 1951 ж. қызылша өсіруге маманданған «Жетісу» ұжымшарын ұйымдастыруға байланысты қаланды. Оның негізінде Жетісуда 1997 жылы шаруа қожалыктары мен өндірістік кооператив ұйымдастырылды. Ауылда орта мектеп, емхана, мешіт, мәдениет үйі, т.б. бар (Мәлімет уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынды)
[/blockquote][/blockquote][/blockquote]

Санат Шахарбекұлы, «Зайтбеков. М» шаруа қожалығының төрағасы: «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, 2004 жылдан бері шаруа қожалығын құрып, жиырма жылдай болды, кәсібімізден нәсібімізді тауып отырмыз. Жермен айналысамыз, азын аулақ малымыз бар. Осыған дейін шаруашылықта 7 адам жұмыс істейтін. Дәл қазіргі уақытта 3 қана адамды жұмыспен қамтып отырмын. Неге десеңіз, жерден табатын табыс көлемі азайды десем болады.
Ауылымыз жылдан жылға жанданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыз суымыз бар, жолымыз да асфальтталып, әр көше жарық шамдармен жарықтандырылды. Сонымен қатар, көгілдір отынмен қамтамасыз етілудеміз. Бұйырса жыл аяғына дейін газ толық тартылып бітуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қалаға жақындап қалдық, шүкір.
Бір ғана мәселе айтқым келеді. Соңғы екі жыл ішінде ауыл шаруашылығы төмен кетіп барады. Оның себептері бар. Дақылдарымыздың өтпей жатқаны қынжылтады. Соя, бұршақ бағасы төмендеп кетті, жүгері туралы ауыз ашпай-ақ қояйын… Алатын жер бар болғанымен, өткізетін жер жоқ. Осы орайда Үкіметтен көмек қажет-ақ. Бұл бір менің ғана басымдағы емес, ауыл шаруашылығында жүрген азаматтардың ортақ мәселесі. Басым бөлігі алған бидайларын үйлерінде сақтап, өтпей жатыр.
Жалпы мал мен ауыл шаруашылығы біте қайнасқан ғой. Мал бордақылаумен шұғылданатын азаматтар еттерін өткізе алмай қиналуда. Осы жағынан айтарым, бұл аудан, облыстың емес, мемлекеттік мәселе болғандықтан Үкіметте отырған азаматтар бір шешім шығаруы тиіс қой. Олар өздеріне көп жүктеме алғысы келмейтіндей ме дейсің. Жанымызда алпауыт Қытай, мына жағымызда Өзбек мемлекеті тұр. Солармен алдын ала шарт жасасып, осындай ауыл шаруашылығы заттарын өткізе аламыз ба деп ұсыныс білдіру керек шығар. Керісінше, олар бұған құлықсыздық танытып отырғандай. Меніңше, бизнес деген трактордың дөңгелегі секілді жүріп тұруы тиіс. Егер дәл осындай жағдай қайталана берсе, ауыл шаруашылығы саласы құлдырауға ұшырайды. Сондықтан осы жағына көңіл бөлінсе деймін. Дей тұрғанмен мемлекеттен берілетін субсидия көмегі көрсетіліп жатыр. Бұл жағын жоққа шығаруға болмас».

«Панаң да ел, данаң да ел»

Болат Ержанұлы, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы: «Әркімнің өз жері мысыр шаһары» деген ғой. Жетісу ауылында туып өсіп, біраз жыл қалада еңбек етіп, 2004 жылы ауылға қоныс тептім. Содан бері туған жеріме қызмет етіп келемін.
Алғаш келген жылы ауыл әкімі Қанат Сатанов елді мекенге арық суын жеткізу бойынша жұмысқа қабылдады. 2019 жылдан бастап ауылға ауыз су берілді. Сол жылдан бастап ауыз суды басқару жұмысына бекітіліп, бүгінгі күнге дейін ауыз және арық суы бойынша жұмыстарға жауапты болып еңбек етіп келемін.
Ауыл туралы айтсақ, таңды-таңға қосып әңгімелеуге болады. Ауданға қарайтын ауылдық округтердің ішінде ауыз толты-рып айтарлық елді мекен деуге болады. Ауылда жұмыс істеген әрбір әкім қал-қадірінше еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосты десем болады. Жаңа тағайындалған аудан әкімі елді мекен халқымен кездесуінде: «Мен сіздерге ананы-мынаны жасаймын деп үйіп-төгіп уәде бермеймін. Барлық дүние өз ретімен жасалады. Аудан бюджетінен ақша бөлінген кезде әрбір іс орнымен орындалып, шешілетін болады», – деген еді. Айтқандай-ақ, жұмыстар рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Атқарылып жатқан шаруа шаш етектен демесек те, ақырындап болса да жасалып жатыр. Асфальт төселінді, ауылдың ішкі көшелерінің 80 пайызы жарық шамдарымен қамтамасыз етілді. Өткен жылы көгілдір отынмен қамту мәселесі де қолға алынды. Биылғы жылдың соңына дейін бұл жұмыс аяқталып, елді мекен газбен толық қамтылады деп отырмыз. Ал атқарылып жатқан жұмыстың бәрі елдің бақылауында.
Төлеңгіт ауылдық округіне Жеңдік, Екпінді және Жетісу ауылы қарайды. Соның ішінде өткен жылы Екпінді ауылы газбен қамтылды. Жуырда ғана осы ауылдан блокты-модульді медициналық пункт ашылып, қолданысқа берілді.
Сондай-ақ, Жетісу ауылында дене сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұйырса жаңа жылға дейін толық аяқталып, қолданысқа берілмекші. Өткен жылы ауылдық дәрігерлік амбулаториясына пунктке күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Алайда, кейбір жұмыс толық аяқталмағандықтан қабылдаудан әлі өткен жоқ. Дегенмен, ауыл халқына медициналық көмектерін көрсетіп келеді.
Ауылға көрік беріп тұрған мекеме – 90 орынға арналған «Балдырған» балабақшасы. Соңғы жылдарда мектеп жасына дейінгі бала санының көбеюімен орын жетіспеушілігі туындап тұр. Алайда, бұл мәселе де ретке келеді деген ойдамыз. Сонымен қатар, жақын арада блокты-модульді ветеринарлық пункт қолданысқа беріледі деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлігі, ауылда әкімдіктің ғимараты жоқ. Бұрынғы колхоздың ескі ғимараты болғанымен, оған күрделі жөндеу жұмысы қажет. Бұл ғимарат аудан балансында тұрғанымен, оны жөндеуге қаражат мәселесі шешімін таба алмай келеді. Ауылдық округ болғандықтан бір әкімдіктің болғаны жөн ғой. Қазіргі таңда әкімдік Мәдениет үйіндегі бір бөлмені жалға алып отыр. Қол-байлау болып отырған мәселе де осы.
Ауылымызда еңбегімен елге танылған азаматтар да баршылық. Солардың бірі – Есенгелді аға. Бұл кісі сонау колхоз кезінен еңбек етіп келетін нағыз еңбекқор жан. Зейнет жасында болса да өзінің бау-бақшасын жайнатып отыр. Бау бақшаны баласы басқарғанымен үнемі басы-қасында жүреді. Осындай қазыналы қарияларымыз барда ауыл еңсесі биік, түтіні де түзу шыға берері сөзсіз.
Ауыл әкімі – осы ауылдың тумасы. 2021 жылға дейін Қанат Сатанов басқарды. Үш жылдай болды Алмас Шаихов тағайындалды. Әкімнің әр ісінен хабардар болып отырамыз. Жасалатын жұмыстардың бәріне күн-түн демей жүгі-ріп, үнемі елдің үніне құлақ түріп, еңбек етіп келеді.
Қырық жылға жуық ел басқарған қазақ халқының аса көрнекті қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың: «Билікке көтерілдім, бірақ халықтан аласа екенімді ұмытпадым, қайтып ашар есігімді қатты жаппадым. Түптің түбінде оралар ортақ – ел іші, ағайын ортасы. Басар жерім де, барар жерім де – қара жер. Қастерлей білсем қадірімнің кетпесін білдім. Панаң да ел, данаң да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім»,– деген сөзі бар емес пе. Сол айтқандай, Төлеңгіт ауылдық округінің әкімі Алмас Құдайбергенұлын туған жерін қадірлейтін, қарапайымдылық пен кішіпейілділікті бойына жинаған қараша халықтың жанашыры ғана емес, нағыз ұлтжанды патриоттың өзі деп айтар едім».
Ауыл тынысымен танысуда бас маман Армангүл Шолан ауылдық дәрігерлік амбулатория туралы да аз-кем мәлімет беріп өтті. Айтуынша, іргесі 1978 жылы қаланған амбу-латорияда 1 – дәрігер, 3 – медбике, 2 – фельдшер, 1 – акушер, 1 – зертханашы (лаборант), 3 – кезекші және 1 – жүргізуші еңбек етеді. Биыл жаңадан жедел жәрдем көлігі беріліпті.
«Диспансерлік тексеруде тұра-тын науқастарға диагнозына сай тегін дәрілер беріліп тұрады» деген ол жыл сайын тұмауға қарсы екпе де салынатынын тілге тиек етті.

Ауылдың «Айболиті»

Қимақас Үмбетәліқызы, ауыл тұрғыны: «Ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бір бөлмесін жалға алып, дәріханалық пункт ашқанбыз. Амбулаторияға күрделі жөндеу жұмысы жүргеннен кейін әлі арендасын төлегенім жоқ. Ең алдымен осы мәселені айтсам.
Қазір дәріханалық пункттерді жабамыз деп жатыр екен. Барлық ауылда медициналық пункт ашып жатқанда, дәріханалық пункт не үшін жабылу керек, осы жағын түсіне алмадым. Бұл дәріхана емес, жай ғана пункт болса да ауыл тұрғындары үшін қолайлы болып тұр. Сіздердің газет арқылы ішкі үнімді жеткізсем, естір құлақ болса…
Жолдасым фармацевтикалық салада, өзім балалар дәрігері болып еңбек еттім. Қазір екеуміз де зейнеткерміз. Құр жатпайық деп ауылдан осындай дәріханалық пункт аштық. Ауыл халқы ауданға сабылмай, керек дәрісін сатып алады, қарызға да береміз. Ауыл іші болғандықтан бір-бірімізді жақсы танимыз ғой.
Өзім осы ауылдың тумасымын. 2001 жылдан бастап Жетісу ауылдық амбулаториясына меңгеруші болып келдім. Содан тапжылмай он алты жылдай еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққан соң да алты жыл жұмыс істедім.
Ауылға алғаш келгенде жағдайымыз өте қиын болды. Амбулаторияда үш кабинетте ғана отыратын едік. Өзіміз пеш жақтық. Ол кездері дәрігер жетіспегендіктен екі ауылға бірдей жұмыс істедік. Аптаның әр сәрсенбісі күні таңғы жетіден тұрып Сырымбет ауылына зертханашы (лаборант) екеуміз жаяу қатынап баратынбыз. Үнемі иығымнан дәрігерлік сөмкем түскен емес. Сөмкені асынып алып жүретін мені көрген балалар «доктор Айболит келе жатыр» деп күледі екен.
2006 жылы амбулаториямызға күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, есімізді жидық. Сол жылдан бастап медицинаның жағдайы да жақсара бастады. 2014 жылы жедел жәрдем көлігі берілді. Дәрігерлік мамандық үлкен жауапкершлікті талап ететіндіктен сенбі, жексенбі, мейрам күндерге де қарамай жұмыс жасадық. Науқастан хабар келді ме үйдегі қонаққа да қарамай, зыр жүгіріп кете беретінбіз. Осылай жүріп медицина саласында қырық жылға жуық еңбек етіппін.
Рас, бір кездері ауылдың да күйі мәз емес еді. Дегенмен, соңғы он бес жылда ауылымыз жанданып шыға келді. Көшелер жарықтандырылды, жолдарға асфальт төселді. Ауыз су мәселесі де оңынан шешімін тапты. Тұрғындардың 80-90 пайызы үйлеріне су кіргізіп алған. Енді, міне, газ жүргізіліп жатыр. Ауылдағы халықтың жағдайы қаладан артық болмаса, кем емес дер едім.Әкіміміз де осы ауылдың тумасы. Елмен етене жұмыс жасай білетін білікті азамат. Бүгінде халқы үшін қалтқысыз еңбек етіп, туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандар саусақпен санарлық десек, солардың қатарына біздің әкімнің де есімін қосар едім».

Мектеп – білім бұлағы

Әлия Исабаева, Екпінді бастауыш мектебі бар Жетісу орта мектебі директорының міндетін атқарушы: «Биылғы шілде айының 31-інен бастап директордың міндетін атқарушы ретінде қызметке кірісіп, қазіргі таңда осы міндетті атқарып келемін. Алты ай өткен соң директорлық қызмет бойынша арнайы конкурс жарияланады. Конкурстан өткен адам, басшылық қызметке тағайындалады. Өзім тарих пәнінің мұғалімімін. Осы жерде еңбек еткелі 25 жылдың жүзі болды.
Мектебімізде 403 оқушы білім алады. Үш елді мекеннен балалар қатынап оқиды (Өрқұрсақ, Екпінді және Жеңдік). Жетісу ауылы мен Жеңдіктің арасы 7 шақырым. Яғни үш ауылдан 100-ден аса бала автобуспен тасымалданады. Оның ішінде Екіпінді ауылынан 61 бала, 13 бала – Жеңдіктен, Өрқұрсақтан 64 бала қатынап оқиды. Күнделікті автобусқа арнайы кезекші мұғалім жүктеледі. Ол бірге барып балаларды жинап келеді. Жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 82 бала, одан кейін 1-4 сынып арасындағы 113 бала тегін тамақтанады (барлығы 195 бала). Күнделікті тамақ пен ас мәзірін және оның берілуін мектеп медбикесі және әлеуметтік педагог қадағалайды.
Балаларымыз екі ауысымда оқиды. Түстен кейін оқитын балалар үшін де ыстық тамақ беріледі. Түстен кейін оқитындардың сабағы кешкі 19:30 аяқталады. Осыған орай сағаттың да ауысуы қисынсыз болып тұр. Кешкісін ата-аналары алдынан шығып, қарсы алып алады.2022-2023 жылғы оқу жылында 14 бала 11-сыныпты бітірсе, 2024-2025 жылы 31 бала бітіреді деп күтілуде. Оның 3-еуі Алтын белгіге, 3 түлек Үздік аттестатқа үміткер.
Ұжымда 50 мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде 7-еуі бастауыш мұғалімі және 3 жас маманымыз бар. Қазақ, орыс және ағылшын тілінен сабақ беретін оларға арнайы тәлімгерлер де бекітіліп қойған.
Мектеп іргесі 1967 жылы қаланған. 2008 жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Одан бері 16 жыл өтті. Негізі ағымдағы жөндеуден өтіп тұрады.Оқушыларымыз аудан, облыс көлемінде өтетін байқауларда жүлделі орын алып жүр. Ауданға қарасты 11 ауылдық округтегі білім ошақтары арасында мектебіміз алтыншы орында. ҰБТ-ға мектеп мұғалімдері қыркүйек айынан бастап оқушыларды дайындауды қолға алады. Сонымен қатар, кейбір балалар өз қалаулары бойынша қаражатын төлеп, онлайн курс алып жүр. Өткен жылы бітірген 14 баланың 6-уы ҰБТ-ға қатысып, 4-еуі грант иегері атанды.

Дина Ғалымқызы, жас маман: «Осы ауылдың келіні боламын. Биылғы күзден бастап мектепке орыс тілі мен әдебиет пәнінен мұғалім болып орнықтым. Өзім – Алакөл ауданының тумасымын. 2015 жылы бастауыш мамандығы бойынша оқып бітірдім. Ал 2021-2023 жылдар аралығында орыс тілі мен әдебиет пәні бойынша қосымша білім алып, бүгінде осы пән бойынша жұмысқа тұрдым. Ұстаздықтан бөлек сынып жетекшілік қызметін атқарамын.Мұғалім болу бала кезден бергі арманым еді. Бүгінде сол арманға қол жеткізіп, ұстаздық жолдағы алғашқы қадамды бастадым. Өз пәнімнің білікті маманы болуы үшін арнайы тәлімгер Гүлнар Жұмановадан да үйренерім көп».
Мадина Маратқызы, жас маман: «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде қазақ тілі мен әдебиет бойынша білім алдым. 2018 жылы мектепті бітірген соң аталмыш университетке оқуға түсіп, биыл диплом алып, еңбек жолымды өзім оқыған мектебімде бастап отырмын.
Оқушы кезімнен қазақ тілі пәнінен сабақ берген Рушан Зайтбекова апайыма қатты қызығып, сол кісідей мұғалім болсам деуші едім. Мектепті бітірген соң арманыма қанат бітіріп, ұстаздық жолды таңдадым. Қазіргі таңда 6 және 8 сынып оқушыларына сабақ беремін. Жас маман болғандықтан тәлімгер ретінде бекітілген Әсел Әбдікәрімовадан талай нәрсені үйреніп, бойыма сіңіріп жатырмын.
Жалпы ұстаздан дәріс алмаған адам жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан-Жак Руссоның «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзін жаныма жалау етіп ұстаймын. Бұл жолда аянбай еңбек етуге бар күшімді саламын».
Жетісулықтармен тілдесуде олардың әрқайсысы ауыл жайы туралы тебіреніп: «Ауыл деген алтын ұямыз. Қастерлі қара шаңырақ. Оның өркениет легінен шет қалмай, жаңғырып, жақсаруы – бәрімізге мерей» дейді. Расында ауыл деген алтын тамыр ғой. Олай болса, алтын тамырымыздан қол үзбейік.

Сарби ӘЙТЕНОВА
ТАЛДЫҚОРҒАН – ЖЕТІСУ


ПІКІР ЖАЗУ