АСПАН ӘЛЕМІН БАҒЫНДЫРҒАН АЙДЫН АЙЫМБЕТОВ

12 сәуір — адамзат тарихында алтын әріптермен жазылған күн. 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында алғаш рет Ю. А. Гагарин «Восток» кемесімен ғарышқа ұшты. Бұл оқиға бүкіл адамзат үшін жаңа дәуірдің бастамасы болды. Ал Қазақстан үшін бұл күннің маңызы ерекше. Себебі адамзаттың алғашқы ғарыш сапары дәл біздің жеріміздегі Байқоңыр ғарыш айлағынан бастау алған. 1991 жылдың 2 қазанында Байқоңыр айлағынан тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен ғарышқа көтерілді. 1994-1998 жылдары Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 2 рет болды. Ал 2015 жылдың 2 қыркүйегінде үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов Байқоңырдан көкке көтерілді.
Жетісулық жерлесіміз Айдын Айымбетов 2015 жылы «Союз ТМА-18М» кемесімен халықаралық ғарыш станциясына сапар шегіп, 10 күнге жуық уақытын ғарыш кеңістігінде өткізді. Өзімен бірге қазақтың қасиетті топырағын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жалауды алып шыққан.
Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, космосқа ұшқан әлемнің 545-ші ғарышкері, Қазақстан Халық Батыры, Қазақстан ӘӘК (ВВС) полковнигі, «Бәйтерек» БК» АҚ басшысы. 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылында дүниеге келген. Талдықорған қаласындағы №14 орта мектепте оқыған. Мектеп кезінен оқуға алғыр, үздік оқушы болған. Бүгінде оқу ғимаратының бір кабинеті ғарышкерімізге арналған екен. Кабинет түгелдей ғарыш кеңістігінің элементтерімен безендірілген. Арнайы бұрыш орнатылып, газет-журналдарға жарияланған материалдары, мектепке келгенде оқушылармен түскен, жұмыс орнында және елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің қолынан марапат алып жатқан сәтінен фото-суреттері ілінген екен. Білім ордасынан Айдын Айымбетовтің көзін көрген жандар болса, тілдескіміз келген еді. Алайда таба алмадық. Тек мектеппен танысып кетуге ғана мүмкіндігіміз болды.
Мектептен бөлек, 14 жасынан 17 жасына дейін «Жас техниктер станциясы» орталығында үйірмеге қатысқан екен. Үйірме 1957 жылы ашылып, әлі күнге дейін жұмыс жасап келе жатыр. Қаламыздағы Оқушылар сарайының 3-қабатында орналасқан осы орталыққа келгенде, Айдын Айымбетовтің ұстазы, жетекшісі Серік Адаев мырзамен тікелей сұхбаттасу бақыты бұйырды.
Ұстазымыздың айтуы бойынша, Айдын Ақанұлы бала кезінен өте табанды болғанын және осы жетістіктерге жетуіне сол мінезінің себепші болғанын айтады. Адам алдына үлкен арман, мақсатын қоя білуі керек. Мейлі сен ғарышкер болмасаң да басқа саланы таңда, егер ол сенің жүрегіңнен шыққан үн болмаса, ол дүниені аяғына жеткізуің екі талай дейді.
– Айдын бала кезінде қолынан жасаған ұшақ, зымырандарын әрдайым терезеден ұшыратын. Оның ең әуелгі арманы — әуе кемелерін құрастыру болды. Одан кейін ұшқыш болғысы келді, ақыр аяғында әуе кеңістігінде еркін самғайтын ғарышкер болып шықты. Менде оқыған одан бөлек шәкірттерім де осы сала төңірегінде инженер, технолог болып жүр. Шәкірттерімнің жан-жақты болғанын тек бір саланы ғана игеріп қалғанын қаламайтынмын. Сондықтан әрдайым шығармашылық еркіндік беріп отыратынбыз. Мен бұл кеңесімді қазіргі ата-аналарға да, өскелең ұрпаққа да айтар едім. Егер ата-ана болсаңыз балаңызбен жастайынан сөйлесіңіз, нені қалайтынын сұраңыз. Балаларыңыз сізге еркін жауап қата алатындай адам болыңыз. Айдынның ата-анасы да әрдайым жанында жүретінін, сен өз арманыңа жетесің деп айтатынын жиі еститінмін. Бәлкім бұл сөздер де баланың қиялына қанат бітірген болар деп ойлаймын.Орталықпен толықтай таныстық, жұлдызды аспанды жақыннан танимын, үйренемін деген жанға толықтай жағдай жасалған екен. Үйірме кабинетінде балалардың жұмыс жасауы үшін жасалған көптеген аппараттар бар. Өзіміз де жұмыс жасап көрдік, үлкен шыдамдылық пен ұқыптылықты талап ететін жұмыс екен. Одан бөлек обсерваториямен де таныстық, ол екі бөліктен тұрады екен. Бірінші бөлігінде акт залы мен доғал экран орналасқан. Бұл экран арқылы оқушылар адамзат ғарыш кеңістігін қалай игергенін, қандай зерттеулер жүргізгенін, алғаш ұшқан ғарышкерлердің басынан өткерген қиындығы мен қызығын 3D экраннан толық тамашалай алады. Ал екінші бөлігі аспан денелерінің макетінен, ай мен күннің жерді қозғалыс әрекеттерін зерттеуге арналған құрылғылардан және жұлдыздарды бақылауға арналған үлкен телескоптан тұрады. Ересек болсам да маған үлкен әсер сыйлады, әрі қызық болды. Ал балалар үшін, олардың танымдық қабілеттерін шыңдау үшін таптырмас дүние деп ойлаймын.
Айдын ғарышкердің қызмет жолы
Мектеп бітірген соң, авиацияның бас маршалы П.С. Кутахов атындағы АРМАВИР жоғары авиация училищесіне түсіп, оны 1993 жылы бітіреді. «Командалық, тактикалық жою авиациясы» мамандығы бойынша білім алып, ұшқыш-инженер мамандығын алып шығады. 1993 жылдың мамыр айынан бері ҚР Әскери-әуе күштерінде әртүрлі қызметте жасаған. 1993 жылы ғана ғарышкерлер қатарына қабылдау туралы өтінішін ұсынған. Ол уақытқа дейін, туған жері Талдықорғанда әуе базасындағы әуе желісінің командирі болып қызмет етті. Ол 470 сағат әуеде ұшып парашютпен 360 рет секірген. 2002 жылдың 9-қарашасында ҚР-ның ғарышкерлерінің қатарына қосылады.Ал, 2009 жылдың 15 желтоқсанында А. Айымбетов Мемлекеттік ант қабылдап, «Қазғарыш» басшысының кеңесшісі болады. Содан кейінгі жылдары осы Агенттікте бөлім басшысы, департамент басшысы сияқты бірқатар лауазымды қызметтерді атқарған. 2014 жылы оған ҚР Әскери-әуе күштерінің полковнигі атағы берілді. Бүгінде 52 жастағы Айдын Айымбетов «Байқоңыр» айлағынан ғарышқа ұшып, Қазақстанның үшінші ғарышкері атанып отыр. Айдын Айымбетов ғарышқа «Союз ТМА-16М» кемесімен 2 қыркүйек күні аттанып, 4 қыркүйек күні «Союз» Халықаралық ғарыш станциясына автоматты режимде сәтті түйісіп, ғарышқа сапары он күнге созылған еді. Қыркүйектің 2–12 дейін он күнге созылған сапар барысында ол бірқатар физикалық-ғарыштық эксприменттер мен Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына мониторинг жүргізіп шаңды дауылды зерттеген. Жалпы алғанда, Айдын Ақанұлының қызмет жолы тұтастай тек әуе және ғарыш қызметімен байланысты, яғни ол осы салаға кездейсоқ келген адам емес, өз ісінің маманы болған адам.
Айдын Ақанұлының отбасы жайлы да тереңірек тоқталғым келді, алайда жерлестеріміздің арасынан толық ақпарат айтатын ешкімді таба алмадым. Қазіргі таңда Айдын Ақанұлының отбасында жұбайы Лилия, 2 қызы Диана мен Даяна және ұлы Әмір бар. Әкесінің ізбасары да сол жолды жалғап, бүгінде ұшқыш атанған.Әкелері ғарышқа ұшқанында қатты уайымдағандарын, әрдайым байланыста болып отырғандарын және әкелерімен мақтанатындарын әлеуметтік желіде жарияланған сұхбаттарында бөліскен еді.
Талшын ИЕМБЕРДИЕВА