ҚАЗАНШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ ҚАЙДАН ҚҰЛАҚ ШЫҒАРСА…

0
69

Жолдың көктем түсе салысымен жөнделе бастайтыны қай қалада болмасын уақыт талабы. Талдықорғанда да солай. Күннің жылуын күткен жол жөндеу жұмыстары қаланың әр учаскесінде жоспарға сай басталып жатыр. Қабанбай батыр көшесінің Абай — Абылайхан — Балпық би көшелерімен қиылысындағы бөлігіне жол жөндеу жұмыстарының басталып кеткеніне Екі аптаға жуық уақыт болды.

Осыған байланысты жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус қатынасы да бұзылды. Анығын айтсақ, Қабанбай батыр көшесімен жүретін нөмірлері 5, 8, 18, 23, 24, 25, 2 автобустары маршруттарын өзгертіп, жол жабылған белгілер қойылған соң Қарағаш базарынан алған бағыттарын Тәуелсіздік көшесіне қарай бұрып әкететін болды. Ал Қабанбай батыр мен Абай көшесінің қиылысындағы «Мектеп», ары қарай облыстық мекемелер орналасқан Қабанбай батыр мен Абылайхан – Балпық көшелері қиылысындағы «Қаракөз» аялдамаларынан түсетін жолаушылар сенделіп қалды.


Өйткені автобус маршруттарының өзгеретіні туралы хабарланған жоқ. Тіпті сол айтылған маршруттың жүргізушілері де жолаушыларға автобустың қай жолмен жүретінін ескертпеді. Ал айтылған аялдамалардан көптеген мекеме қызметкерлері, атап айқанда сот мекемесі, жекеменшік мектептер мен колледждер, баспахана мен басқа да мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің автобуспен қатынайтыны белгілі. «Мектеп» аялдамасынан автобус күтіп тұрған балалар мен басқа да жолаушылар автобустың қалай жүретінін білмей әлек. Автобустар болса біреулері Қабанбай батыр көшесімен жүрсе, екіншілері парктің ар жағындағы Тәуелсіздікпен ызғытады.
Ал жолдың жөнделу уақыты, болжауымызша, әлі де аяқтала қоймайтын тәрізді. Ол дегеніміз жолаушылар әлі де сенделеді деген сөз. Нақты себебі – ол автобустардың жүргізушілерінің қалай жүргісі келсе – солай бұрылатыны. Тәуелсіздікпен жүргісі келеме, жолы тегістелмеген Қабанбай батыр көшесімен жүре ме – өз еркі. Тура мақалдағы қазаншы сияқты. Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса деген осы шығар.
Алысқа бармай-ақ қояйын. Нөмірі 23 автобуста 19 мамыр күнгі тайталастың куәсі болдым. Қаланың орталығына Үйтас жақтан автобуспен келе жатқан жасы келген кісі №23 автобус Тәуелсіздік көшесімен жүргенде орталық парктің тұсынан түсетінін, қалалық сотқа баратынын айтқанда, жүргізуші оны «бұл жерде аялдама жоқ» — деп, Қарағашқа дейін апарды. – Аялдама жоқ болса айтпадың ба, Қазпоштадан түсіңдер, автобус Қарағаштан бірақ тоқтайды – деп ренжіген жолаушының сөзін қаперіне де ілмеген жүргізуші өзінікін жөн санады. Ал жолаушының баратын жері Қабанбай батыр мен Абылай хан көшесінің қиылысындағы қалалық сот екен. Ол енді Қарағаштан түсіп кері қарай қалай жүрерін білмей қалды. Аяқ болса ауру. Автобусқа мінейін десе – оның қалай жүретінін білмейді — кейбір автобустар Тәуелсіздік көшесімен, ал кейбіреуі Қабанбай батыр көшесімен жүреді. Бұл біз көзімізбен көрген жалғыз ғана мысал. Бұдан туатын шешім қандай?


Қала әкімінің қала ішіндегі автобустар мен жолаушылар қатынасын реттейтін мекемесі бар емес пе? Солар неге алдын ала хабарлама жасамайды автобустар маршрутының өзгеретінін және қалай өзгеретінін жүргізушілерге неге шегелеп бермейді? Жүргізушілер қазаншы құсап ойларына келген көшемен ызғыта бермей, жолаушыларға қызмет көрсету сапасына неге көңіл бөлмейді? Халыққа қызмет көрсету жағына көңіл бөлінетін уақыт бола ма қала әкімінде? Әлде жақсы жағын ғана жарнамалап, мынадай мысалдарды ұсақ-түйек санап жүре бере ме? Жалпы, жүргізушілердің жолаушыларға қызмет көрсету сапасы төмен екенін айта кеткеніміз де жөн. Бірақ ол басқа тақырып. Әзірше оқушылар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, яғни, жолаушылар қай аялдамада тұрарын білмей екіұдай күйде… Жол жөндеу мерзіміндегі аялдама парктің ар жағы ма, жоқ бер жағы ма? — деген сұраққа кім жауап берер екен?

Баян Таңатарова


ПІКІР ЖАЗУ