ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖЕКЕ ДЕРЕГІ ҚАЙДА?
16 маусымда 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке деректері интернетте жарияланды деген жаңалық ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Тараған мәліметтер қатарында азаматтардың аты-жөні, ЖСН, туған күні, жынысы, азаматтығы, мекенжайы және телефон нөмірі бар. Бұл ақпаратты кибершабуылды талдау және тергеу орталығы растады.
Цифрлық даму министрлігі жағдайды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Ресми дерекке сүйенсек, бұл жолы мемлекеттік жүйелерге шабуыл жасалмаған. Мәліметтер жеке компаниялар, микроқаржы ұйымдары немесе басқа да мекемелердің базаларынан алынуы мүмкін деген болжам бар. Сонымен қатар, бұл бұрын тараған ескі деректер болуы да ықтимал. Азаматтар үшін бұл тек ақпарат емес, тікелей қауіп көзіне айналуы мүмкін. Себебі мұндай мәліметтерді алаяқтар банк шоттарын бұзу, электронды әмияндарға кіру немесе жалған келісімшарттар жасау үшін пайдалана алады. Халық үшін бұл оқиға – цифрлық қауіпсіздікке деген сенімді жоғалтуға бір қадам.
Көпшіліктің көкейінде тұрған сұрақ: 20 миллион халықтың ішінен неге тек 16 миллионының дерегі тарады? Ал қалған 4 миллион адамның мәліметтері қалай сақталып қалды? Бұл сұраққа нақты жауап берілген жоқ. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау саласының өкілдері немесе тіркелмеген азаматтар болуы мүмкін бе?
Министрліктің хабарлауынша, жеке деректері тараған азаматтарға eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарлама жолданады. Алайда, көп адам мұндай ескерту алмағанын айтып отыр. Бұл жүйенің толық тексерілмегенін немесе баяу жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.
Қазір халықты мазалап тұрған басты сұрақ – қандай шаралар қолданылып жатыр? Себебі алаяқтар тарапынан жасалатын қоңыраулар, қаржылық шабуылдар, банк карталарын бұзу қаупі күн сайын артып келеді. Сондықтан халық уақытша барлық карталарды бұғаттау немесе деректердің толық қорғалуын талап етуде.
Жеке деректердің таралуы – жай ғана техникалық қате емес, бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мемлекет бұл жағдайға бей-жай қарамай, нақты және ашық тергеу жүргізіп, жүйені жаңартуы тиіс. Ең бастысы – халықтың қауіпсіздігі мен сенімін сақтау.
Зарина МАНАРБЕКҚЫЗЫ