ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛМІЗ

0
100

Қарттар күні – Халықаралық мереке ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясында 1990 жылдың 14–інші желтоқсанында ресми бекітіліп, Халықаралық қарттар мерекесі ретінде 1991 жылдан бері 1 қазанДА тойланып келеді. Жалпы «қарт» деп біздің қоғамда зейнетке шыққан адамдарды атайтыны белгілі. Кей жағдайда оларды «ардагер» деп те атаймыз. Өйткені қай зейнеткер болмасын белгілі бір салада еңбектеніп, ардагер деген атқа лайық болып келетіні анық.

Міне, сол Қарттар күні мерекесі аталар алдында біз Талдықорған қалалық Ардагерлер ұйымында болып, олардың қоғамдық ұйым ретінде атқарып жатқан тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.
Осы күндері елімізде 2,5 миллионға жуық қарт бар деп есептелсе, соның 28 мыңға жуығы біздің Талдықорған қаласының ардагер-зейнеткерлері болып табылады. Осы топтағы ардагерлер мен қалалық ардагерлер ұйымы қандай жұмыстар атқарады деген сұрағымызға 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын алдымызға тартқан қалалық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Мұратбек Қожабеков тізімге тізілген көңілге қонымды шараларды алға тартты.
Онда Жетісу өңірі ғана емес, республикадағы есімдері танымал тұлғалардың мерей жасына байланысты шаралармен қатар, мемлекеттік маңызы бар «Рәміздер» туралы, ата-баба дәстүрін жас ұрпаққа кеңінен тарату шаралары, отбасылық сыйластықты дәріптейтін «Ене мен келін» байқауы, ұлттық қолөнерді дәріптеу мақсатындағы байқау, ардагер әншілер байқауы, батагөйлер байқауы, терме, жазба ардагер-ақындар байқаулары сияқты қызықты да тартысты шаралармен қатар, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, бильярд жарыстары өткізілген екен. Алда атқарылар өзге де шаралар жоспарланған. Ұзын саны 20-дан асатын мағыналы да маңызды іс-шаралар ұйымның жұмысын жандандырып-ақ тұр. Осыншама қоғамға пайдалы жұмыс атқарып, қала қарттарының басын қосып отырған Талдықорған қалалық Ардагерлер ұйымының жұмысына тек сәттілік тілейміз. Алдағы сәрсенбідегі Қарттар мерекесі құтты болсын дейміз! Біз сіздердің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбектеріңізді құрметтейміз.

Құрметпен «Алатау» газеті