ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ КІТАПХАНАШЫСЫ ҮЗДІК АТАНДЫ

Ескелді ауданының Көкжазық ауылында жұмыс істейтін Айжан Нүсіп Қазақстанда өткен үздік жас кітапханашы байқауында жеңімпаз атанды.
Жетісу облысының мақтанышы Айжан бұл салада жеті жылдан астам еңбек етіп, ауыл кітапханасын нағыз білім мен мәдениет орталығына айналдырған. Айжан Нүсіп республикалық деңгейде өз жобасын ұсынып, ауыл кітапханасын заманға сай етіп жаңғырту идеясымен үздік деп танылды. Оның «Кітапхана – рухани орталық» жобасы қазылар алқасын таңғалдырды.
Айжан ауылдағы кітапхананы тек оқырмандар үшін емес, жастар мен қарттар арасындағы байланысты нығайтуға арналған кеңістік ретінде қалыптастырып келеді. Бүгінде Көкжазық аулыдық кітапханасында 15 мыңнан астам кітап бар, тұрақты оқырмандар саны 918 адамға жеткен. Кітапхана мен оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Айжанға облыс әкімі мен мәдениет басқармасы алғысын білдірді.
Облыс кітапханалары бүгінде заманауи технологиялармен жабдықталып, түрлі мәдени іс-шаралар мен әдеби кездесулер ұйымдастырып, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға жұмыс істеп келеді. Айжан Нүсіптің жеңісі Жетісу облысындағы кітапхана саласының жұмыс сапасын айқындап берді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ