1 ТЕҢГЕ АЙНАЛЫМДА БАР АҚША МА?

0
12

Біздегі айналымдағы ақшалардың ішінде 1 теңге айналымнан қалғалы қашан! Сенбесеңіз ақша салатын әмияныңызды ақтарып көріңіз! Таппайсыз.

Ал тиын ше? Тиын деген аты болмаса, айналымда ол тиынның заты да жоқ. Тиын деген саны жазылып тұрғанмен, төлем ақшасы ретінде пайдаланылмайды. Өйткені сізге тиыны жазылып тұрған төлем түбіртегінде тиынды теңгеге толықтырып төлетеді, тиын-тебен қайтарылмайды.
Мысалы, пайдаланған жарық, газ, су үшін тарифтерде түбіртекте 5 мың 958 тиын деп көрсетілгенімен, сізден олар тура 6 мың алады. «Сдача» деген жоқ, өйткені айналымда тиын жоқ. Айналымда болмаған соң, сіз де «сдачаңызды» тастап кете бересіз. Керемет байсыз ғой… немесе «ой қойшы, сол тиын-тебенге бола», – деп қолды бір сілтеп жүре бересіз.
Жақында қытай заттарын сататын дүкенде дастархан сүртетін жеңіл салфеткаларды 299 теңгеде сатып жатыр екен. Сапасы да, түрі де жақсы. Сатушы қызға 300 теңге бердім. Алып ақшаны кассалық қапшығына салды. Мен не істер екен деп күтіп тұрдым. Сөйтсем маған: «Неғып тұрсыз кетпей?» – дейді. Мен: «Сдачаны күтіп тұрмын!» – деймін. Сөйтсем қыз: «Сдача жоқ, болды, бара беріңіз!» – деді. Мен: «Неге жоқ, 299 теңгенің орнына 300 теңге бердім, 1 теңгемді қайтармайсың ба?» – десем, маған қарап әбден күлді: «Бізде ондай сдача қайтарылмайды» – дейді. «Онда неге 299 теңге деп жазасың, 300 теңге десең болмай ма?» – десем, «Бұл маркетингтік тәсіл ғой!» – дейді. Сонда ол заттың ақшасынан 1 теңгеден өз қалтасына қанша салатынын есептеп көріңіз! Заңдастырылған маркетинг, яғни, тұтынушының теңгесін жеу тәсілі ме сонда?
Бірде автобусқа мінген әйел жүргізушіге 1 тиыннан құралған 120 теңге ұсынып еді жүргізуші оны алмай, ашу шақырды: «Мен қайтемін ол 1 тиындарды, менен кассир қабылдамайды оны» – деп азар-безер болды.
Бірінші сұрақ: Тиынды ақшаға дөңгелентіп теңгемен есептеу дұрыс па?
Дұрыс емес болса оған кім жауапты? Айналымда тиындар неге жоқ? Жоқ болса неге алынып тасталмайды?
Екінші сұрақ: Ірі қағаз ақшаларды неліктен қайта-қайта дизайны өзгертіліп,айналымнан алынып жатыр?
«Алатау» газетінің оқырмандары осы сұрақтарына жауап күтеді.

 Баян ТАҢАТАРОВА