Еңбекқорлығы ұрпаққа үлгі
Қазақта әуеден жаудыр, жерден өндір» деп берілетін бата, тілейтін тілек бар. Кейбір өсімдіктер жауын суынан нәр алса, кейбірі жаңбыр кешіксе, өледі. Сондықтан да, өсімдіктерге су жеткізу мәселесінде су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі зор. Су шару шылығы – су ресурстарын басқару, қорғау, суару жүйелерін жүргізу және гидротехникалық құрылыстарды жобалаумен айналысатын сұранысқа ие мамандық. Бұл мамандық иелері (инженер-гидротехниктер, гидрологтар мен мелиораторлар) су шығынын есептеп, шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етеді.
Серік Наурызбекұлы Мұсанов – осы мамандықты меңгерген жандардың бірі. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде математикаға өте жүйрік болды. Онжылдықты бітіргенде мектеп директоры математика пәнінің мұғалімі болуға көп үгіттеді. Жасынан механикаға әуестігі бар Серік, «бұл – ер адамның жасайтын қызметі емес» деген болу керек, мұғалімдіктен ат-тонын ала қашты.
«Механикаға әуестігі бар» дегеннен шығады, сегізінші сыныпқа көшкен жылы жазда, атасының еркесі болған Серік, трактор тізгіндеген болатын. Тракторын дарылдатып, көше басынан кіргеннен-ақ, ауыл аналары шашуды жаудырды дейсің. Апасы «шала той» жасады. Қызметке берілген әке-шеше кешке үйге келгенде думанның үстінен шығады ғой, бес қыздың ортасындағы жалғыз ұлдың (үлкен ұл – атасының баласы), өз бетінше барып, тракторға отырғанына «ат жалын тартып мінгені»-нен ары қуанған еді.
Содан, Мұсанов оқуды кейінге сырып қойып, Совет Армиясы қатарында ел алдындағы борышын Германияда өтеуге кетті. Алты ай хат жазбай қалғаны бар. Ол уақытта әскерге кеткен бала «ұрылды-соғылды» немесе «қайтыс болыпты» деген әңгіме көп естіле бермейтін. Сонда да болса, ата-анасы қатты уайымдады. Кейін бөлімше бастығынан ата-анасына «жақсы азамат тәрбиелегені үшін» алғыс айтқан хат келгенде анасының елге сүйіншілегені бар. Шіркін, ауыл адамдары қандай ауызбірлікті еді, қуанышта да, қайғыда да бірге болатын.
Серік солдаттан келген соң (осылай деуші еді бұрын), Жамбыл гидро-мелиораторлық институтқа оқуға түсті. Зерек жігіт мұнда да жақсы оқып, ұстаздар көзіне түсті. Институтта Кәсіподақ ұйымының басшысы, Студсовет председателі болды. Оқуын оқи жүріп, мектептегі спортқа әуестігін жалғастырды. Институт намысын қорғап түрлі жарыстарға қатысып, Дзю-До-дан «СССР спорт мастерінің кандидаты» және қазақша күрестен «Каз.ССР спорт мастері» атағын да алды. Институт жолдамасы бойынша, Талдықорған облысы, Гвардия ауданы, РАЗВИЛЬНОЕ (бұрын жер, су аттары орыс тілінде аталатын) совхозына инженер-гидротехник болып орналасты, осыннан диплом жұмысын жасады. Ол кезде әкесі Наурызбек Гвардия аудандық «Қой ұрықтандыру басқармасы»-ның инспекторы, анасы Сара май заводының қойма меңгерушісі еді. Онда 2 жыл еңбек еткен соң, туған ауылы Алғабасқа келіп, бастауыш комсомол ұйымын басқарды. Аудан башылығының ұйғарымымен, 1985 жылы Көксу ауданы «23-ші партсъезд» совхозына кәсіподақ комитетінің бастығы болып сайланды. 1989-2005 жылдар аралығында Көксу ауданы «Көгалдандыру басқармасында» инженер-гидротехник болып еңбек етті. 2005 жылдан 2010 жылға дейін облыстық су басқармасында бас маман болды. 2010 жылдан «Дем-Мей» ЖШС-де шаруашылық басшысы қызметін атқарды.
Серік Наурызбекұлы 2018 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ескелді, Көксу аудандарының су жүйелерін күрделі жөндеуден өткізуге қатысты. Бүгінгі таңда жетпістен асты, бірақ еңбектен әлі қол үзген жоқ. Қазіргі таңда, түрік фирмасының жобалау жұмысымен айналысып, егістіктерге су жеткізетін бетон тоған құрылысын жүргізуге көмектесіп жүр.
– Неге түріктер? – деген сұрағыма,
– Өзіміздің Қазақстандағы түріктер Астанадан тендер ұтып алған. Көксу ауданының су жүйесін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. 100 шақырым жерге ЛР-6, ЛР-80 және 65 шақырымға Г-15 лоток орнатылып жатыр, мен соған көмектесемін. Олар 300 данадан аса су бөлетін «водовыпуск» салды. Тағы ұсақ жұмыстар бар. Бұл – бірінші этап, екінші этаптағы жұмыстарды жергілікті су шаруашылығы қызметкерлері атқарады, – деп түсіндірді Серік.
Ол қызмет атқара жүріп, Мұқыры ауылының тумасы, еңбек сүйгіштігімен танылған Тоқтамысова Ләззатпен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсірді. Ләззат өздерінің «Азамат» шаруа қожалығының жұмысын жүргізді. Үлкен қызы Айгүл мен күйеубалалары Тоқтар әкесімен бірге еңбек етеді, Махаббат – аспаз. Ұлы Азамат пен келіні Гүлназ аудан орталығында ұстаздық етеді. Немерелері мен жиендері – жұмыстан шаршап келгенде күш-қуат беретін «энергетиктер». Солардың бірі – Қанағат облыстық фудбол командасының ойыншысы. Атасына, ағасына тартқан спортшы баланың бөлмесін әртүрлі дәрежедегі «Мақтау қағаз» бен кубоктар, алтын, күміс, қола медальдар көмкеріп тұр. Жасынан әнге де әуестігі бар жан биыл оныншы сыныпқа көшті. Одан қалыс қалмайтын Нарынбек екеуі бір сыныпта оқиды. Дарын бірінші сыныпты бітірді. Алимансұр, Азиз, Береке әлі мектеп табалдырығына жете қойған жоқ. Атасы мен апасының көзқуаныштары аман болсын!
Құралай Нарынбаева
Көксу ауданы









