Су — өмір нәрі

0
23

 

Қазақстанда «Су шаруашылығы қызметкерлері» күні жыл сайын 9 шілдеде атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке су ресурстарын қорғап, елімізді сумен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ ирригация жүйелерін дамытуға үлес қосып жүрген сала мамандарының құрметіне арналған. Осы орайда, «Қазсушар» РМК Жетісу филиалы Ескелді өндірістік учаскесі бастығының орынбасары Мұхатов Шыңғыспен әңгімелескен едік.

 

—  Шыңғыс Мұқатұлы, кәсіптік мерекелеріңіз құтты болсын! Жылда, «бірінші апта немесе соңғы аптаның жексенбісі» демей, нақты шілденің 9-ы күні тойланатын мереке күні өз қызметіңіз туралы айтсаңыз
– Қазсушар РМК Жетісу филиалы Ескелді өндірістік учаскесінің негізгі міндеті – Ескелді ауданы, Талдықорған қаласы және төңірегіндегі ауылдық округтерге қарасты суармалы жер алқаптарында орналасқан шаруа қожалықтарын суармалы сумен қамтамасыз ету. Ескелді ауданының және Талдықорған қаласының негізгі су көзі – Қаратал өзені болып табылатыны белгілі.Қазіргі таңда өндірістік учаскесі мен шаруа-қожалық арасында келісім-шарт рәсімделіп, магистралды, таратушы арналар арқылы егістік алқаптарға суармалы су жеткізілуде.
Қазіргі таңда «су тапшылығы әлемдік проблемаға айналып барады» деп жатыр. Біздің Жетісу облысында су тапшылығы сезіле қоймайтын сияқты ма, қалай?
— Иә, рас. Жылдан-жылға табиғи өзгерістердің әсерінен, атап айтсақ ғаламдық жылыну салдарынан жауын-шашын азаюда, таулы аймақтарда қар жамылғысы жұқарды. Ғаламдық жылыну – Жер атмосферасы мен дүниежүзілік мұхиттың орташа температурасының ұзақ мерзімді көтерілу процесі. Ол негізінен, көмірқышқылы газы сияқты зиянды газдардың бөлінуінен туындайды, жылыжай әсерінен де артуы мүмкін. Бұл климаттың өзгеруіне, мұздықтардың еруіне және теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеледі. Бізде де осының салдарынан Қаратал өзенінің тартылуы орын алып, су деңгейінің төмендеуі байқалады.
Суды үнемдеу жағы қалай?
— Суды пайдалану тиімділігіне келетін болсақ, прогрессивті суландыру әдістеріне – «тамшылатып суландыру», «жаңбырлатып суару», «сифонды суару» әдістеріне көшу арқылы су тапшылығы мәселесін шешеміз деп ойлаймын. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.
Жастарда осы мамандыққа қызығушылық бар ма? Өйткені естуімізше, су шаруашылығында кадр тапшылығы соңғы жылдарда қатты байқалуда деген хабар естіп жатырмыз…
— Су шаруашылығы мамандарының жетіспеуіне байланысты айтар болсақ, жасыратыны жоқ, ол проблема бар. Тек біздің облыс қана емес, бүкіл елімізде бар проблема. Бұл сала техникалық білімді қажет ететін өте жауапты сала болғандықтан адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол себепті, «Су ресурстары және ирригация» министрлігінің тапсырмасы бойынша жастар арасында үгіт-насихат жүргізіліп, су ресурстарын тиімді пайдалану және шаруашылықты басқару бойынша орта арнайы және жоғары оқу орындарына барып оқуға жастарға бағыт-бағдар берілуде. Жастар арасында бұл мамандыққа қызығушылық танытатындар аз емес. Сонымен қатар, өндірістік қызметкерлер де осы оқу орындарында дуалды әдістемемен білімдерін жетілдіріп отырады.
Біз жылда кәсіби мерекені атап өтуге тырысамыз. Биыл да Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай салтанатты жиын өткізіліп, Мұхатов Ш., Сейлбекова Н., Тукиманов О., Шелбаева С. — Талдықорған қаласы әкімінің марапатына ие болса, Сейтбеков Е., Жунисов Ш., Майкожанов Б., Тоғызбаева Ә., Каримжанов Б. сияқты қызметкерлеріміз Ескелді ауданы әкімінің марапатына ие болды. Аталған жандардың атқарған қызметтері бұл марапатқа лайық деп ойлаймын. Еңбегің еленгенге не жетсін!
Автордан: Еңбектеріңіз жандана берсін! Жақында су мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтаған президент Қасымжомарт Тоқаев ауқымды реформалар қолға алынып, жаңа Су кодексі қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ, «Ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып,су нысандарын салуға және қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінгенін,шетелден инвестиция тартылып жатқанын,осы салада 30 мыңға жуық адам жұмыс істеп, қала мен ауылды, өндірістер мен егіс алқаптарын сумен қамтамасыз етіп жатқанын айта келіп, су шаруашлығы саласының қызметкерлері үшін жалақы көтерілетінін хабарлады.» Айта кетейік, осы жылдың ортасынан бастап, су саласында қызмет ететін мамандардың жалақысы 50 %-ға артады.

Альмаза Бейдан
«Алатау»