СЕНІМДІ АБЫРОЙМЕН АҚТАДЫ

0
32

 

            Алматы қаласында шілденің 12-19 аралығында жекпе жек шеберлері арасында Азия чемпионаты өтті. Сары құрылықтың бұл байрақты бәсекесіне 25 мемлекеттің спортшылары қатысып, чемпиондық атақты сарапқа салды. Сүйсінерлігі сол, бұл біріншілікте Жетісу өңірінің өкілдері тамаша табысқа жетіп, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Мәселен, білікті де білімгер бапкер Жандос Жангелдіұлы Хабдулин джиу-джитсу жекпе-жегінің қыры мен сырына баулып жүрген Сарқан ауданының қос бозбаласы алтыннан алқа тағынса, қос қызы жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтеріліп, қола жүлдегер атанды. Атап айтсақ, Жолдасқан Дастан. 56 кг салмақ дәрежесінде жекпе- жекке шыққан Дастан Жолдасқан қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырының ең жоғары сатысына жайғасса, оның досы Жантуар Есболат 52 келі салмақта қарсыластарының бәрін қапы қалдырып, жеңімпаз атанды. Сөйтіп, қос ұлымыз да «Азия чемпионы»деген құрметті атақты жеңіп алды.
Бұрымды балуандарымыз да дүбірлі додада шыңдалған шеберлік пен тактикалық дайындық таныта білді. Соның арқасында, 52 кг салмақ дәрежесінде Салтанат Сабыржан және 57 кг салмақ дәрежесінде Дарина Жұмаш кілең мықтылар жиналған салмақ дәрежелері бойынша, жекпе-жекке түсіп, жеңіске деген жігер танытып, үздік үштікті түйіндеуге қол жеткізді. Сөйтіп, сарқандық спортшылар ел қоржынына екі алтын, екі қола медаль салып, құрама сапында күресуге көрсетілген сенімді абыроймен ақтады. Біз спортшыларымызды және бапкерін бұл тамаша табыстарымен шын жүректен құттықтаймыз және алдағы уақытта да жеңіс жалғасты болсын дейміз!
Тағы бір жайдарман жаңалықты қуана хабарлаймыз. Сарқанның тағы бір түлегі Қазақстан құрама командасының сапында баскетболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері болып оралды. Сарқан ауданының тумасы, талантты баскетболшы Арай Нұрболатқызы қыздар арасындағы U18 Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетіп, ел қоржынына күміс жүлде салды. Халықаралық додада жоғары шеберлік пен табандылық танытқан Арай еліміздің намысын абыроймен қорғап, Қазақстан құрамасының тарихи жетістікке жетуіне өз үлесін қосты.
Орайы келгенде, Арай Нұрболатқызын және Қазақстан ұлттық құрамасын жарқын жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алда толағай жеңістер мен биік белестер тілейміз!
Аталған жетістіктер тек біздің спортшылармыздың жеңісі ғана емес, бұл бүкіл Сарқан ауданының да мақтанышы. Жерлесіміздің жетістігі өскелең ұрпаққа үлгі болып, жас спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға жігер беретіні сөзсіз.
Айнұр БАЙҒОЖА, Сарқан ауданының ішкі саясат,
мәдениет, тілдерді дамыту және
спорт бөлімінің басшысы.