Қ.К.Тоқаев ұлттық құраманы жеңісімен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлттық құрамасын VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында табысты өнер көрсетуімен құттықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media Ақордаға сілтеме жасап
Президент спортшылардың жоғары нәтижеге тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында жеткенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және барша мамандарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мұндай ерен жетістіктер Қазақстанның ұлттық спорт түрлері дамыған ел ретінде халықаралық беделін одан әрі асқақтата түседі.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың алдағы ең беделді сайыстарда да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.
Айта кету керек, Қазақстан Көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте топжарды. Ойындар қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар 74 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Спорт және туризм министрлігі мәлім етті. Оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қырғызстан екінші орынға, жеті алтын жүлдесі бар Ресей үшінші орынға тұрақтады.
Қырғызстан VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасын Татарстанға тапсырды. Эстафетаны табыстау рәсімі VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Чолпон-Ата қаласында өткен жабылу салтанатында өтті.
Жетісу облысы
