Балалар көз дәрігеріне шілде айынан бері кіре алмай жүрмін. Неге?

0
158

         Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқар Маратұлы Садықовтың назарына!           

 Редакциямызға келіп шағымданған көпбалалы ана (аты-жөні редакцияда), шілде айынан бері Талдықорған балалар емханасындағы көз дәрігеріне екі көзінде де қитарлық бар баласын көрсете алмай жүргенін айтты. Әңгіме төркінін бағдарлағанда түсінгеніміз, баланың көз кемістігін шілде айының басында туысқандарына қонаққа барған кезде Алматының окулистеріне көрсеткен. Олар тұрғылықты жердегі балалардың окулист дәрігеріне қаралуға кеңес берген. Ол жерде қитарлықты түзейтін аппарат бар, жергілікті дәрігер көмектеседі дегенді айтқан. Міне, содан бері Талдықорғандағы Шевченко мен Гаухар ана көшелері қиылысында орналасқан балалар емханасындағы балалар көз дәрігеріне қаралу мұң болды, – дейді ана.

Балалар окулисі   отпускіде екен…

Шілде айының ортасында Талдықорған қалалық балалар емханасына барып тіркеу бөлімінен балалар окулисіне қабылдау ережесі қандай, қабылдауына қалай кіреміз – алдын ала жазыламыз ба әлде талон аламыз ба немесе кезекпен кіреміз бе көз дәрігеріне? – деген сұрақтарға алған жауабым: Балалар көз дәрігері қазір отпускіде, бір айдан кейін келеді, мына телефондар арқылы көз дәрігерінің жұмысқа шыққан-шықпағанын анықтап білген соң келесіз қабылдауға. Ешқандай жазылу жоқ алдын ала, кезекпен кіре бересіз, – деп тілдей қағазға тіркеу бөлімінің екі телефон номерін жазып берді. «Рахмет!» – деп қағазын алып, тамыз айының ортасында звондасам: — Көз дәрігері әлі жұмысқа шыққан жоқ, ол екі ай демалады екен, өйткені отпуск алмаған екі жылдың күндерін пайдалануда, енді қыркүйек айында хабарласыңыз, — деді тіркеу бөліміндегі қыздар.
Оған не деймін, «жарайды, күтелік, мектепке дейін баланың көзін қаратып алайын деген ойым орындалмады» — деп, енді қыркүйекті күтуге тура келді.
Екі айдың ішінде — шілде мен тамызда «Көксумед» деген көз ауруларын емдейтін ақылы клиника бар екен, соған да барып жолымыз болмады. Біресе анаусы жоқ, біресе «кешігіп қалдыңыз, қабылдау уақыты аяқталды, келесі аптада келіңіз» — деп берген талоны бойынша барсақ, ол жерде де естігеніміз қырық сылтау болды. Ақша төлеп талон алсаң да сылтауы көп екен. Бас дәрігерімен де жолығудың сәті түспеді, операцияда екен.

Қыркүйекте балалар окулисі жұмысқа шықты…

Бірақ, «урааа» деуге әлі ертерек екен. 1-ші қыркүйекте оқу басталатыны белгілі, қитар балам сабаққа барып жүр … Алматылық көз дәрігері «балаңызға секіруге болмайды, көзінің ақаулығы себебінен. Мектепте денешынықтыру сабағынан босатылады жергілікті окулисттің дерегі бойынша. Учаскелік терапевт денешынықтыру сабағынан босататын анықтама жазып береді» – деп еді… Қайдағы!? Учаскелік дәрігердің анықтамасы көз дәрігерінің берген нұсқауы негізінде жазылу керек болса, не дейсіз? Денешынықтыруға барып жүрміз… Ал балалар көз дәрігерінің қабылдауына деген жаңа әурешіліктер басталды…
Екі жасқа толған кіші баламды профилактикалық тексеруден өткізу үшін учаскелік дәрігерімізге қаралуға барғанда көз дәрігеріне қаралу тәртібін сұрап, егер учаскелік дәрігер арқылы қаралу керек болса көз дәрігеріне жолдайсыз ба, әлде кезекпен кіре береміз бе ?- деп жаздайғы басымнан өткенді айтып бердім.
Учаскелік дәрігерім: — Жоқ, қазір талон системасы қайтадан орнап жатыр, сондықтан тек учаскелік дәрігер берген талонмен ғана кіресіз көз дәрігеріне. Қазір окулист жұмысқа шықты, бір учаскеден бір аптада тек 2-ақ адамға талон береміз, ол талондар беріліп кетті, сіз келесі аптада келіңіз талонға, көз дәрігері графикпен жұмыс істеп, талонмен қабылдайды. Адам кезегі көп талонға, қарап көрейік, – деді.
Мен ойланып қалдым. Ашуландым. «Ауру көп болса, әр учаскелік дәрігер әр аптаға екі-ақ талон беріп отыратын болса, учаскелердің саны қанша екен? 15-тен кем болмаса бір ауысымда ең кемі 20-30 бала қабылдайтын шығар окулист дәрігер. Мен қашан жетем ол талонға? Екі жарым ай күткенім бекер болғаны ма? Көзінің ақауы бар ауруды окулистке неге учаскелік терапевт дәрігер жіберуі керек? Окулистке неге кезекпен кірмейміз?» Менің эмоциямның көтеріліп кеткені соншалық учаскелік дәрігерім балалардың окулист дәрігеріне балалар емханасының меңгерушісі арқылы кіргізетініне сендірді…

Редакциядан: Білуімізше, тамыз айының басында Қазақстанда емханалардың жұмыс істеу ережелері жаңартылды. Мысалы, енді бейінді мамандарға учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз-ақ баруға болады деген пікірлерді естідік, оқыдық. Әлеуметтік желілерде жалпы практикалық дәрігерге (ЖПД — учаскелік дәрігер) бармай-ақ, бейінді маманға бара алатыны туралы айтылып жатыр. Сол тізімнің ішіндегі бірнеше түрлі аурулар арасында офтальмологиялық және отоларингологиялық жарақаттар, шұғыл және жоспарлы стоматологиялық жағдайлар көрсетілген Tengri Health сайтында (18 тамыз 2026 жыл.) Соған қарамастан аурулар бейінді мамандардың қабылдауына тікелей жазыла алмай келеді. Бұл жағдай бізде – балалар емханасында өзгере ме, жоқ па, қалай?

«Алатау»-ақпарат»