Әлеуметтік желімен жаһанданамыз ба, әлде шектелеміз бе?
Қазір әр оқушының, әр мектепке дейінгі баланың қолында бір-бір смартфон бар десем өтірік айтпаспын. Жаһандану белгісінің бір көрінісіне айналған бұл қалта телефоны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Әрине, пайдасы емес, зияндығы туралы. Пайдасы бар шығар. Алайда зиянды жағы таразы табағын басып тұр. Зиянына келер болсақ біріншіден оқушылар арасында, екіншіден мектепке дейінгі балалар арасында көздің нашар көруі көбеюде. Алысқа бармай-ақ қояйық, ұлттық статистиканың деректерін де алға қоймай-ақ айтайын, 1-ші класқа барған бір ғана кластағы 25 оқушының алтауы көзәйнекпен жүр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бұрнағы жылдары көзәйнекті баланың бір кластағы саны 1-2 ғана бала болатын. Ал қазір ше? Көбеймесе азаятын себепті көрмедім.
Үкіметке ұсыныс
Ә/ж үлкендер үшін пайдалы шығар. Ал балаларға ше? Қорқытып үркітетін желілер ше? Несиеге де аямай сатылып жатқан бір дүние, әйтеуір. Онлайн қызметтің бәрін қол телефонына тәуелді етіп қойды. Сауда-саттығыңа да, жол жүрейін дегенде билетке тапсырыс беру де, шетелге путевка сатып алу да, дәрігерге жазылу да, Е-өтінішің де, қысқасы қызметтің бәрі қолыңдағы смартфоныңа кіргізілді. Бір отбасында алты адам, оның төртеуі мектепке баратын – 14-тен 7 жасқа дейінгі оқушы болса, үйдегілердің бәрінің қолында бір-бір смартфон. Яғни барлығы шаңырақта алты телефон. Оның заңды тіркелгені де алтау, 16 жасқа толмаған оқушылардың телефондарын да ата-анасы өз аттарына екі-екіден тіркетіп алған.
Ал енді, Құрылтайдағы «Әділет» партиясының депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша ЮНИСЕФ дерегінше, Қазақстанда 9–10 жастағы балалардың 60%-ында, ал 11–12 жастағылардың 66%-ында желіде аккаунт бар. Балалардың 88%-ы жеке смартфон ұстайды.
Бекер обалы не керек, Жанарбек Әшімжан 16 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік желіден шектеу технологиясын Үкімет қарастырсын дегенді айтты. Қалай қарастырады, егер алты телефонның бәрі ата-анасының атына тіркелсе? Ал әр адам біздегі талап бойынша он телефонға дейін тіркеуге құқылы. Телефонға тәуелділік жыл сайын артып отыр. Дегенмен, Жанарбек Әшімжан Үкіметке нақты қандай ұсыныс айтты?
Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 жасқа толмағандардың тіркелуіне заң жүзінде тыйым салу бастамасын қолдай отырып, «Мәселе баланың әлеуметтік желіде отыруында ғана емес, оның уақыты мен жадын жоғалтуында. Әлеуметтік желіге шамадан тыс әуестік баланың кітап оқуына, спортпен айналысуына, отбасымен қарым-қатынасына және сабаққа дайындалуына бөлінетін уақытты қысқартады. Соның салдарынан зейін қою, ақпаратты терең қабылдау және өздігінен ойлау дағдылары түбегейлі әлсірейді», — деп атап өтті.
Әңгіме әлеуметтік желіні күні –түні пайдаланатын балаларды шектеу ғана емес, интернет арқылы кибербуллингке ұшырау санының 25 пайызға өсуі де алаңдатушылық туғызуда.
Қазақпараттың (19.07.2026.) көрсетуінше, әрбір алтыншы бала интернетте қорлауға немесе кемсітуге тап болған. Көріп отырғанымыздай, бұған дейін негізгі мәселе кибербуллинг пен зиянды контент болса, бүгінде оған онлайн-груминг, интим материал арқылы бопсалау, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейктер қосылып отыр. Мәселен, UNICEF, ECPAT және INTERPOL жүргізген зерттеу 11 елдегі кемінде 1,2 миллион баланың соңғы бір жыл ішінде AI арқылы жасалған сексуалдық сипаттағы жалған бейнелердің құрбаны болғанын немесе осындай қауіпке тап болғанын көрсеткен. Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Мәселен, UNICEF пен Оқу-ағарту министрлігі 2023 жылы жүргізген Kazakhstan Kids Online зерттеуіне сәйкес, елдегі балалардың 15,3%-ы интернетте күн сайын жағымсыз немесе зиянды контентке тап болатыны белгілі болған. Ал әрбір бесінші бала (21%) кибербуллингке ұшырағанын айтқан. Сонымен қатар балалардың 10%-ы бұрын кездеспеген адамдарды достар қатарына қосса, 11%-ы бейтаныс адамдарға фото немесе видео жіберген. Бұл үш жыл бұрынғы дерек екенін ескерсек, қазір жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін.
«Бейтаныс адамдарға сурет жібереді» демекші, немеремнің сондай іспен айналысып, үй ішін, үйдің айналасын түсіріп, үйдің адресін біреулерге жазып жіберіп жатқанын көріп қалдым.Үйде кім бар екенін түгел көрсетіп беріп жатыр екен. Ал енді осыдан кейін ойланбай көр…Түнде жатарда көрпенің астында телефон ұстап жатады, таңертең ояна салып телефонға жармасады… Тамақ ішіп отырып бір көзі аста, бір көзі телефонда отырады.Әке-шешесі оған үндемейді… Осыдан барып шулаймыз. Айтайын дегенім, әке-шешесінің қолдарынан да смартфондары түспейді. Бұл деген бір пәле болды», — дейді бізбен сөйлескен әжелердің бірі.
Австралия, Бразилия және Индонезия сияқты 25-тен астам ел 15-16 жас аралығында желіге тіркелуді шектеу ретінде қарастырып отыр – деп атай отырып, «Әділет» фракциясының депутаттары Үкіметтен мынадай нақты шараларды талап етті:
1. 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін шектеу тетігін нақтылау;
2. Балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
3. Мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауат сабақтарын жүйелі түрде оқыту;
4. Әлеуметтік желінің бала денсаулығы мен оқу үлгеріміне әсерін бағалайтын ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.
Мұндай шектеулер
балаларды шынымен қорғай ала ма?
Астана — Казинформның хабарлауынша (19.07.2026) UNICEF мәліметінше, бүгінде цифрлық қауіптердің сипаты өзгеріп, жағдай барған сайын ушығып барады. Сондықтан көптеген ел әлеуметтік желілерді реттеудің жаңа тетіктерін іздеп жатыр.
Солардың ішінде ең қатаң шешімдердің бірін Аустралия қабылдады. Елде 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 16 жасқа толмаған балаларға TikTok, Instagram, Facebook, YouTube және басқа да әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Заң талабын орындамаған платформаларға 49,5 миллион аустралия долларына дейін айыппұл салынуы мүмкін. Жасты тексеру міндеті балаларға емес, ӘЖ компанияларының өзіне жүктелген.
Алайда алғашқы зерттеулер заңды орындау оңай емес екенін көрсетіп отыр. Сарапшылардың мәліметінше, көптеген платформа пайдаланушылардың жасын нақты тексермейді. Cондықтан балалардың басым бөлігі ӘЖ бұрынғыдай пайдаланып келеді.
Еуропада әзірге әлеуметтік желіге қатысты бірыңғай жас шектеуі жоқ. Дегенмен көптеген мемлекет ұлттық заңнамасын қатаңдатып жатыр. Норвегия, Польша және Аустрия 14–16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануды шектейтін заң жобаларын әзірлеп жатыр. Португалия, Германия, Франция және Италияда жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына ата-анасының келісімі талап етіледі немесе осындай талапты енгізу қарастырылып жатыр.
Азияда да осыған ұқсас үрдіс байқалады. Индонезия балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына кезең-кезеңімен шектеу енгізіп жатыр. Малайзия 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салатынын жарияласа, БАӘ әлеуметтік желіні пайдаланудың ең төменгі жасын 15 жас деп белгіледі.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Анар Мұқатаева «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленгенін атап өтті. Оның сөзінше, құжат қазір Үкіметтің қарауында.
– Қазіргі таңда халықаралық тәжірибе зерделеніп, мемлекет-тік органдар мен онлайн-платформалардың қатысуымен жаңа талаптарды іске асырудың техникалық және ұйымдастырушылық тетіктері пысықталып жатыр, — деді ол.
Анар Мұқатаеваның мәліме-тінше, заң жобасында 16 жасқа дейінгі пайдаланушылардың онлайн-платформаларда тіркелу тәртібін реттейтін жаңа бап енгізу ұсынылған. Оған сәйкес, жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі балаларды онлайн-платформаларда тіркеуге тыйым салу көзделген.
Министрліктің түсіндіруінше, бұл шара балаларды жасына сәйкес келмейтін контенттен, кибербуллингтен және әлеуметтік желіге тәуелділік қаупінен қорғауға бағытталған. Сонымен қатар айта кету керек, бұл заң жобасы білім беру және басқа да цифрлық ресурстарға қолжетімділікті шектемейді.
Психолог әлеуметтік желінің кері әсерлері туралы
Психолог Ғайни Ықыластың айтуынша, гаджетті бақылаусыз пайдаланудың салдары тәжірибеде қазірдің өзінде байқалып отыр.– Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отыру баланың мазасыздығы мен депрессиясының күшеюіне, өзін өзгелермен салыстыруына, өзін-өзі бағалауының төмендеуіне және ұйқысының бұзылуына әсер етеді. Соның салдарынан оқу үлгерімі төмендеп, зейіні шашырайды. Мәселен, жақында бізге 10 жастағы бала келді. Оқу үлгерімі өте төмен, қарапайым оқу, жазу, қосу, азайту сияқты дағдыларды меңгермеген. Тексеру барысында денсаулығында да, ми дамуында да органикалық бұзылыс анықталған жоқ. Кейін белгілі болғандай, бала кішкентай кезінен гаджетпен өскен, ата-анасы жеткілікті көңіл бөлмеген. Арнайы психиатриялық тексеруден кейін оған диагноз қойылды. Бұл гаджетті бақылаусыз пайдаланудың сау баланың дамуына да кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр, — деді писхолог. — Мәселен, 14–15 жастағы жасөспірім әлеуметтік желіні ешқандай шектеусіз пайдаланудың салдарынан өте агрессивті болып кеткен. Ата-анасына қол көтеріп, үйдегі заттарды сындырған, ешқандай ескерту қабылдамайтын жағдайға жеткен. Мұндай кезде психологтың көмегі ғана жеткіліксіз. Кей жағдайда психиатрдың араласуы мен дәрі-дәрмекпен емдеу қажет. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездесіп тұрады, – дейді Ғайни Ықылас.
ӘЖ пайдаланушыларының жасын тексеру мүмкін бе?
Ендігі ең үлкен сұрақ – баланың жасын қалай анықтайды? Заң жобаларының ең күрделі тұсы да — осы. Егер Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізілсе, платформа қолданушының нақты жасын қалай анықтайды? Alliance QazTech ақпараттық қауіпсіздік комитетінің тең төрағасы Евгений Питолиннің айтуынша, пайдаланушының жасын техникалық тұрғыдан анықтауға болады. Алайда әзірге мінсіз тәсіл жоқ.
– Жасты тексеруге болады. Бірақ барлық әдістің өз кемшілігі бар. Қазір әлемде бірнеше тәсіл қолданылып жүр. Қазақстанда жасты eGov арқылы тексеру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.– Бұл – ең қолайлы тәсілдердің бірі. Өйткені eGov көпшіліктің телефонында бар. Егер әлеуметтік желіге тіркелуді мемлекеттік деректер базасымен байланыстыру мүмкін болса, қосымша жеке мәлімет жинамай-ақ жасты растауға болады. Бірақ мұның нақты қалай іске асатыны әзірге анықталған жоқ, — дейді Евгений Питолин. Қазір жасты тексеру механизмі іс жүзінде жоқ деуге болады. Сондықтан бес жасар бала да әлеуметтік желіде аккаунт аша алады, — дейді ол.
Евгений Питолиннің пікірінше, мұндай талап енгізілсе, ең алдымен үш мәселені шешуге тура келеді. Олар – жасты тексерудің тиімді тәсілін таңдау, қауіпсіздікті күшейте отырып, пайдаланушыға қолайсыздық туғызбау және жүйені eGov платформасымен біріктіру.Сарапшының айтуынша, жасты тексеру жеке деректерді өңдеумен тікелей байланысты. Сондықтан ең басты талап — балалардың жеке мәліметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ең бастысы – пайдаланушы туралы мүмкіндігінше аз мәлімет жиналуы керек. Қорытындылай келе, балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын реттеу – тек жас шектеуін енгізумен шешілетін мәселе емес. Ең тиімді нәтиже заңнамалық талаптар, платформалардың жауапкершілігі, ата-ананың бақылауы және балалардың цифрлық сауаттылығын қатар күшейткенде ғана мүмкін екенін байқап отырмыз.Айта кетейік, Ұлыбритания үкіметі 16–17 жастағы жасөспірімдер үшін әлеуметтік желілерді пайдалануға қатысты ерікті түнгі шектеулер енгізетінін мәлімде
Баян Таңатарова
«Алатау»
