қысқа да нұсқа

0
20

БҰҰ: әлемде 1,2 млрд.адам кедейлікте өмір сүреді

Әлемде кедейшілікте өмір сүріп жатқан адам саны 1 млрд. 200 млн-ға жетті. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа баяндамасында айтылған, деп хабарлайды 24KZ.
Бір жыл ішінде олардың қатары 51 млн. адамға көбейді. Бұған халық санының артуы, экономикалық дағдарыстар мен қарулы қақтығыстар себеп. Жоқшылықта өмір сүретіндердің жартысынан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Алайда 15 жылдың ішінде өмір сүру деңгейін айтарлықтай көтерген елдер де бар. Баяндама ақпаратына сүйенсек, 89 мемлекеттің 30-ы кедейлік деңгейін екі есе төмендеткен. Мұндай мемлекеттердің қатарында Мысыр, Непал, Вьетнам және Қытай бар.

Қазақстанда түйе сүтіне арналған стандарт әзірленді

Қазақстанда пастерленген түйе сүтіне арналған ұлттық стандарт бекітілді. Стандарт өнімге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеп, отандық кәсіпорындардың өнім түрлерін кеңейтуіне және экспортты дамытуына бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Құжат 2026 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. «Пастерленген түйе сүті. Техникалық шарттар» деп аталатын ҚР СТ 4050-2026 стандарты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2026 жылғы 11 қыркүйектегі № 41-НҚ бұйрығымен бекітілді. Соңғы 15–20 жылда тұйе сүтіне деген әлемдік қызығушылық артып, одан өндірілетін өнім түрлері көбейді. Түйе сүтінен балмұздақ пен конфитюр өндіріледі. Сондай-ақ ол кофеге қосылады. Стандартты қолдану өндірушілерге ішкі және сыртқы нарықтарға арналған өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Экспортты дамытудың перспективалы бағыттары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері, Қытай және Таяу Шығыс мемлекеттері қарастырылып отыр.

Бюджеттік шығындар қысқартылды

Мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру аясында 2027 жылға арналған бюджет жобасындағы шығындар 6,7 трлн теңгеге қысқартылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарын салуға жарияланған мораторий жалғасып жатыр. Бұл шығынды көп қажет ететін бағыттардың бірі. Сонымен қатар Үкімет 2026 жылы бюджетке түзетулер енгізу арқылы шығыстарды 360 млрд теңгеге қысқартып, қаражатты басым бағыттарға қайта бөлді. Осылайша мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алдағы кезеңге арналған бюджетті әзірлеу барысында бізге 36,9 трлн. теңгеге өтінім түсті. Алайда, 2027 жылға арналған шығыстар 30,2 трлн. теңге көлемінде бекітілді. Яғни, бюджетті қарау барысында шығыстарды 6,7 трлн. теңгеге қысқарттық,— деді Олжас Бектенов.

Ауқатты адамдар мемлекет көмегіне сүйенбеуі керек

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі өзгереді. Енді көмек отбасының материалдық жағдайы мен табысын ескере отырып беріледі, деп хабарлайды «24KZ»
Құрылтай отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік көмекті тағайындау тәртібін түсіндірді. «Көпбалалы отбасылардың табысы жоғары немесе төмен екеніне қарамастан, олардың барлығы мемлекеттен бірдей қолдау алып отыр. Біздің ойымызша, бұл – әділетті емес. Өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар ауқатты азаматтар мемлекет көмегіне сүйенбей, өз күшіне сенуі керек. Мемлекет тек өмірлік жағдайына байланысты өз күнін өзі қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға қолдау көрсетеді және алдағы уақытта да қолдайды», — деді Премьер-министр. Үкімет басшысының сөзінше, жаңа тәсіл 2027 жылы бюджет қаражатының 700 млрд. теңгесін, ал үш жылда шамамен 2,5 трлн .теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаражатты басқа маңызды бағыттарға жұмсау жоспарланып отыр.

Елімізде жаңа наградалар пайда болады

Құрылтай депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, үшінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды «24KZ».
Заңда отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытудағы жемісті қызметі және ерекше еңбегі үшін азаматтарды марапаттауға арналған «Шәмші Қалдаяқов» медалін тағайындау қарастырылған. Сонымен бірге бейнелеу өнеріндегі үздік туындыларымен ерекшеленген және отандық көркем мәдениетті дамытуға ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы енгізіледі.

Қазақстандағы БАҚ саны 5,5 мыңға жуықтады

Қазір еліміздегі БАҚ саны 5,5 мыңға жуықтап, интернет пайдаланушылардың үлесі 98%-ға жетті. Халықтың ақпарат алу дағдысы да өзгерген. Қазір қазақстандықтар жаңалықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден оқиды. Басты өзгерістер – медианың цифрлық кеңістікке көшуі және жасанды интеллект құралдарының кеңінен қолданыла бастауы. Telegram, Instagram, YouTube және TikTok ақпарат таратудың маңызды арналарына айналған. Блогерлер мен әлеуметтік желілердегі танымал қолданушылар дәстүрлі БАҚ-пен бәсекелесіп, қоғамдық пікірге ықпал етіп отыр. Сонымен қатар жасанды интеллектінің мүмкіндіктерімен бірге қауіптері де бар. Вице-министрдің мәліметінше, биыл Үкімет мүшелерінің, әкімдердің және танымал журналистердің бейнесі қолданылған жалған видеолар тараған. Олар саяси арандату және алаяқтық мақсатында пайдаланылған. Осыған байланысты Қанат Ысқақов халықтың медиасауатын арттыру, ақпарат көздерінің құпиясын сақтау және жеке деректерді қорғау маңызды екенін атап өтті.

(Ақпарат ашық дереккөзден алынды)