Айгүлдің «Адал дәмі»

0
34

  Елу адам шақырылған үйде қонақта болған едім. Жайнаған дастархандағы тағамның түр-түрін, олардың неше түрлі етіп әсемделгенін көріп-ақ көңілің жадырап сала береді екен. Тіпті, бұзуға қимайсың. «Ой, Алла, үйде де дастарханды мейрамханадағыдай жасаған екен» деп жанымдағы әйелмен пікір бөлістім. Ол: «Қазір сондай бизнес бар, қонаққа деген дастарханның бар салат-тағамын, тамағына шейін дайындап, дастарханды сәндеп жасап береді. Бұл кісілерге «Адал дәм» кәсіпкері Айгүл жанындағы көмекшілерімен жасап берген екен», — деді. Содан Айгүлді тауып, жолығып, жұмысымен танысып қайттым.

           Айгүл Мұратқызының бизнесі бұрыннан жүргізіліп келе жатқан көрінеді. Екінші ұлы Өмірсерік Айдынұлы тоғызыншы сыныпты бітірісімен колледжден тамақ өндірісінің технигі мамандығын алып, әжесінің және ата-анасының көмегімен магазин салып, астынан торт, басқа да тәтті өнімдер шығаратын цех ашқан. Анасы Жандарбекова Айгүл негізгі жоғары білімді заңгерлігін, жоғары білімді балабақша тәрбиешілігін тастап, осында жұмыс істеуге келеді. Кейіннен тәтті тоқаш, торттардан бөлек тамақ түрлерін көбейтіп, самса, жартылай фабрикаттар дайындап, сатылымға шығарады. Кәдімгі бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған шағын кәсіпорынға айналды.
Айгүл Мұратқызы: «Біз осында келгелі өнімдерін арзан шығынмен өткізу үшін жасалып жатқан неше түрлі заңсыздықтарды көріп, шошыдық. Сондықтан да ісімізді адал жүргізуге бекінген едік. Ол үшін әріптестерден «сөгіс» те алғанбыз.
Ісіміз таза, тағамдарымыз дәмді болғаннан болар, білетіндер арнайы тапсырыс беріп, өнімдеріміз өтіп жатыр. Керемет табысқа кенелмесек те бағаны тұрақты ұстап, асымызды адалынан ұсынуды дұрыс көріп отырмыз. Таза ас ішкісі келетін жандардың обалына қалғымыз келмейді. Өзіміздің тұрақты тұтынушыларымыз бар.
Алматыдан да жартылай дайындалған өнімге, тортқа тапсырыс алып, таксимен жібереміз. Нан өнімдерін сатудан да адал табысымызды тауып отырған жайымыз бар», — дейді.
Айгүлден торт пісірудің қыр-сырын үйреніп жатқандар да бар көрінеді. Тойларға үлкен торт дайындауды да үйреніп, шет аудандардағы тойларға да тапсырыс алатын болған. Анасы жасаса, баласы керек-жарағын жеткізіп беріп тұрады. Басқа кәсіпкерлерге де аздаған тиын-тебенмен көмек қолын созады Өмірсерік.
Біздің қазақ тойшыл халық. Әмісе, тойымыздан айыра көрмесін Алла! Аз ғана қонақ шақырылатын «Тұсау кесер», «Тіл ашар» сияқты тойлардың өзін ресторан, кафелерді жалдап жасаушы еді.
Әсіресе, «Есік көрсету» сияқты дәстүрде құдаларды босағаға жеткізбей мейрамханаларға бұрып әкететін.
Енді, міне, бизнестің жаңа түрі пайда болғалы шақырылған қонаққа жайылатын дастархан мәзірін арнайы маман иелеріне табыстап, құдаларға есік көрсетуді өз төрімізде күтетін жағдайға жеттік. Айгүл мен ұлы Өмірсерік осыны да меңгеріп, бұрынғы кәсіптеріне қосымша, жақсылықтың дастарханына дәмді ас мәзірін әсемдеп ұсынумен айналысуды жөн көріпті. Жанында көмекші қыздары бар. Бұл «Дастархан под плюс» бизнестері «Адал дәм» деп аталады.
Бесбаева Гүлназ, кондитер: «Мен 26 жыл мейрамханада жұмыс жасадым. Кейін денсаулығыма байланысты ол жұмысты тастадым. Содан, Айгүлдің шақыруымен осында жұмыс істеуге келдім. Жағдайыма қарайды, істі де тез үйреніп алдым. Жартылай фабрикаттар жасағанға етті уайымдайды, таза ет алуға тырысады. Ол мәселе шешілді — менің жолдасым етпен айналысады, өзіміздің мал шаруашылығымыз бар. Мұнда мен келгелі ыстық тамақ жасауды да қостық, таза еттен «қабырға», басқа да етпен жасалатын тамақтар ұсынамыз. Магазиннің бір шетіне стол қойдық. Астың бәрін таңертең ерте келіп, жаңадан жасап ұсынамыз. Жарнама бердік, өз клиенттеріміз бар, тапсырыс берушілер көбейді. Түрлі салаттар жасайтын болдық. Асқа, тойға самса, печеньенің түр-түрін, торт, салаттар дайындап береміз. Содан барып, жеке адамдардың қонақ дастарханын дайындап беруге ұсыныс түсті. Жұмыс арасында осы шаруамен шығып тұратын болдық. Ол «Дастархан под плюсь» деп аталады. Асымызды ыдыстарға әдемілеп, сәндеп салғандарымыз ұнап жатыр елге. Әдемі ыдыстары болмаса, өзіміз ыдыстарымызды апарамыз. Тамақты дайындап апарамыз, кейде өздерінде дайындаймыз, безендіреміз.
Бұл отбасының еңбекқорлығына тәнтімін. Арасында аналары, Бағила апа келіп, ақыл-кеңесін беріп тұрады. Ол кісінің ұлы да қолқабысын аямайды. Кішкене Кәусәрдің өзі тәп-тәуір көмекші бізге – торт қағазын салады, қораптарын жинайды. Осындай еңбек адамдарымен бірге жұмыс жасау да, қарым-қатынас жасау да жеңіл. Шүкір етемін!»
Райгүл Жазабекқызы, үйренуші: «Менің жасым елу төрттен асып кетті. Сонда да болса өзімнен әлдеқайда кіші Айгүлден торт жасаудың қыр-сырын үйреніп жатырмын. Өзім өмір бақи тамақ өнімімен айналысамын, аспаз да болдық. Балаларға торт жасап беретінмін, бірақ кәсіби тұрғыда қарамағам. Жазда жарнамадан көрдім ба, біреуден естідім ба, есімде жоқ, келіп Айгүлге бір айдай «оқушы» болдым. Кейде үйренгенімді жасай бермегендіктен ба, ұмытып қаламын. Сондықтан тәжірибе алу үшін қолым боста қолқабыс етіп кетемін. Бүгін қолым бос еді, сіздерге жолығып отырмын. Ойымды айтайын – осы Айгүлмен жолыққаныма өте қуаныштымын. Ешнәрсені бүкпейді, қызғаныш қылмайды, бәрін таза продукциядан жасайды. Кейбір білгенімен бөліскісі келмейтіндер болады, олар сияқты емес. Осында жасалған өнімдерді өзім істеп жүрген асханаға да апарып сатып, азын-аулақ пайда көремін»
Автордан: Осындай еңбек адамдарымен жолыққаныма, «жақсыны көрмекке» деп барып көргеніме мен де риза болдым. Қазағымның тойы бітпесін! Еңбектеріңіз еселене берсін! Тағам жасай білу де өнер. Олай болса өнерлеріңіз өрге бассын! Отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау болсын!

Құралай Нарынбай