«Агропарк Талдықорған» шаруаларға көмектеседі

0
2562

   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытудағы ортақ мақсат еңбек өнімділігі мен экспортты 2,5 есе арттыруды көздейтінін атап айтқан еді. Қазақстанның аграрлық әлеуеті аса зор, бұл алдағы бесжылдықта ауыл шаруашылығында нақты серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Ол үшін бірінші кезекте ауылшаруашылық саласына инвестициялар тарту жұмыстарын жолға қою қажет. Ел Үкіметі ауыл шаруашылығы саясатының қысқа мерзімді нақты басымдықтарын әзірлеу және қолдау құралдарын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.

Қазақстанда егін шаруашылығы  XX ғасырдың бас кезінен жақсы дамып, егіс көлемі күрт көбейді. Үш дақыл бойынша Қазақстанда өнімділіктің дүние жүзілік рекорды тіркелді. Шығанақ Берсиев тарының әр гектарынан (тәжірибелік телімде) 125ц өнім алса, Ыбырай Жақаев та күріш өнімділігі бір гектарына 174 ц-ге жеткен. Ал, Ольга Гонаженко қызылшаның бір гектарынан алғашқы 1515 ц- ден өнім алған. 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді жаппай игеру басталды. Бес-алты жылдың ішінде елімізде 25 миллион гектар тың жер игерілді. Оның 17 миллион гектары солтүстікте  (Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар) орналасқан.

Қазір Қазақстанның онтүстігіндегі егіншілер көктемгі егістік жұмыстарын наурыз айынан бастаған болатын. Барлығы (Жамбыл облысы, Түркістан облысы, Алматы облысы, Қызылорда) 22,5 миллион га алқапқа ауылшаруашылық дақылдары егілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 238 мың га-ға көбірек. Сонымен қатар егістік алқаптарын әр тараптандыру аясында дәнді және дәнді – бұршақты дақылдар алаңы 15,2 миллион га-ды (былтырғы жылға қарағанда 193 мың га аз) құрайды, соның ішінде бидай – 11,4 миллион га (4 мың га аз).

Алматы облысында да ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Жыл сайын егін шаруашылығымен айналысып келетін егістік алқаптары қатарына  Өтенай ауылдық округіндегі «Agropark Taldykorgan егістік алқабы қосылды. Егістікке рапс, жүгері, соя, қант қызылшасы сияқты дәнді дақылдар егілген. Былтырғы жылдың басында құрылған «Agropark Taldykorgan» өңірлік зерттеу орталығының жұмысы жайында «ҚазНИИЗиР» ЖШС бас директоры Андрей Агеенко түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, орталық мамандары негізінен  қант қызылшасы, жүгері,  соя секілді дәні-дақылдар өсіру үшін  мамандандырылған. Қазір егістіктегі 17 га алқапта  қант қызылшасының 14 түрлі гибриді себілген. Өнімділікті арттыру мақсатында гибрид себу барысында жаңа технологиялар жұмылдырылған.

«Ғылымда фермерлердің бұйрығы болады, яғни енді ғалымдар ауылшаруашылық қызметі барысында фермерлердің алдында тұрған мәселелерді шешеді және бұл жұмыстың әр кезеңін оңтайландыруға,  өнім сапасын арттыруға көмектеседі,  –дейді  Андрей Агеенко.

«Талдықорған өңірінде күздік рапсты өсіру» тақырыбында  өткен жиынжайда  сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев егін шаруашылығының еліміз үшін маңыздылығын атап өтті. Ал, «ҚазНИИЗиР» ЖШС  бас директоры, Phd докторы Андрей Агеенко биылғы жылы егін егу барысында кездескен қиындықтар турал тілге тиек етті.   Мұнымен қоса егістіктен алынатын өнім көлемімен де  таныстырды. Биылғы жылы еліміздегі қиыншылықтар егін шаруашылығын да айналып өтпеген көрінеді. Карантиндік шараларға байланысты жұмыс барысында біраз қиындық  туған, сонымен қоса арықтар құрғап бос тұрғандықтан, су жетіспеушілігі де алқымнан алғанға ұқсайды. Дегенмен қазіргі технологияның қарыштап дамыған заманында  егістіктер  тамшылатып суару жүйесі  көмегімен суғарылыпты.

Сонымен қатар  шарада Ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Керімкүл Қонысбек, бұршақты дақылдар бөлімінің меңгерушісі Светлана Дидоренко  және жемшөп, майлы дақылдар, жүгері бөлімінің меңгерушісі, Ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты Серік Абаев   «ҚазНИИЗиР» ЖШС Талдықорған филиалында қолданылатын технологиялармен таныстырды.

                                      Мадина МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

Кілтсөздер:АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ


ПІКІР ЖАЗУ