«Ашынған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады»

0
1604

Осы аталы сөзді жазушы, қоғам қайраткері, марқұм Шерхан Мұртаза Елбасының қабылдауында болғанда айтып еді. Жанарынан от шашып, оқты көздерімен қадалып,  Елбасыға халықты қалтарыста қалдырмауды  ескерткен. «Өзін-өзі үш рет атты»  деген марқұм Заманбек Нұрқаділов:  «Елбасының ең жақын серігі ретінде, оған күйеу балалары мен қыздарын билікке жолатпау туралы айттым, хат та жаздым» деген еді. Сын айтса, шын айтатын, мінесе мірдің оғындай қадалатын тау тұлғалы азамат ақиқат айтамын деп ажал құшты. 

Отыз жыл Елбасының маңайында жүрген саясаткерлердің көпшілігі және зиялы қауым өкілдері Назарбаевты мадақтаумен болды. Ара-тұра Дулат Исабеков пен Сұмағұл Елубаев Президентке айтылуы тиіс елдік мәселелерді бұғып қалмай, айтып жүрді.  Мемлекет басшысына ода жазып, мақтаудан аса алмаған зиялыларымыз  қаңтардағы қанды қырғында ереуілге шыққан  елге тоқтау айтуға жарамады. 1916-шы жылғы Ұлт азаттық көтерілісінде  «бала өлгенше, шал өлсін» деп басын оққа байлаған  Ұзақ батыр бастаған ақсақалдардың сарқыны да қалмапты. Амал нешік!…  Қан төгіліп, ереуіл басылып, бүлікшілер мен арандатушылар тұтылғанда, алты ай ұйықтап, апанынан шыққан аюдай, көздерін тырналап ашып, жарыса үн қатып жатыр. Батыстан басталған бейбіт ереуіл неге қанды қырғынға ұласты? Бар гәп осында. «Асқынған ауру, алмай қоймайды» дегенді үкімет ертерек ескермеді. Керісінше  «құм жиналып тау болмас» деген ұстаныммен алаңдағы елдің назын елемеді. Тіпті,  2011 жылы желтоқсанда Маңғыстау мұнайшылары айлап алаңда жатып, қарсылық білдіргенде, сыздаған жараның соқтасын шығарып, емдеудің орнына,  билік қару қолданып атты, үркітті, қуғын-сүргінге салды, соттады. Бұл әрекет бейбіт халықтың ішіне шемен болып қатты. Бойларына жиналған кек, сыздауықтай сыздады. Нарықтық жүйені сылтауратқан олигархтар, ат төбеліндей бай-манаптар, қымбатшылықты қолдан жасады. Қарапайым халықпен санаспады. Буырқанған ереуіл тағыда батыстан басталды. Оның жалыны жалпы республиканы шарпыды.

Бейбіт шерудің арасына бүлікшілер,   арандатушылар кірді. Елде мемлекеттік төңкеріс болуға шақ қалды.  Бейбіт күнде, берекеміз қашып,  қан төгілді.  Отан отқа орана жаздады.  Қарапайым тұрғындар оққа ұшты. 1986 –  барыс жылғы көтеріліс араға 36 жыл салып 2022-нің  барысында  қайталанды.

Әлемге мәшһүр ел болдық па, Мәшһүр айтқан ел болдық па?

 Отыз жыл  елді  ертегіге сендіріп келген билік теңіз толқыса көбіктің жағаға шығатынын өздері де сезбей қалды. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, ел ішінде, кландар арасындағы саяси тартыс, бақталас пен тақ таласы жайлы «гу-гу» әңгіме қамысқа тиген өрттей қаулады. Интернет желісінде  сопылардың соңғы ұрпағы Мәшһүр Жүсіптің (1858-1931) қайтыс болардан  он жыл бұрын жасаған болжамдары жарияланды. Онда, Мәшһүр Жүсіп 1921 жылы туыстарын жинап, бір жерді көрсетіп, «менің мазарым осы жерде болсын» депті. «Жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үштен асқанда балғамен ұрсаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беру, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер» – деп 1931 жылы басталған ашаршылықты күні-бұрын болжаған. Жұт келетінін, қалың қазақтың  қырылатынын, аман қалғандар жетпіс жыл құдайсыз өмір сүретінін, одан кейін, отыз жыл ұры-қарылар ел билейтін кез болатынын айтқан. Осының бәрінен  өткен  соң   ғана,  қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болатынын болжапты, мыс.

Жемқорлық жайлаған ел

Жаңаөзендегі жанкешті халықтың бейбіт шеруі, республиканың өзге өңірлерінде де бейбіт түрде басталған. Дауылдың алдын алып, шерушілерді диалогқа шақырып, арнайы комиссия құрып, олардың талап-тілегін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орындаған болатын. Алайда, Алматыда жалғасқан ереуілге тұтқиылдан кіріскен арам пиғылды арандатушылар, кірмелер, лаңкестер,  бейбіт шеруді қанды қырғынға ұластырды.  Ғимараттар мен мемлекеттік органдарға, күштік құрылымдарға, банкоматтарға қырғидай тиді. Атты, шапты, өртеді. Жолында кездескенді шөптей жапырды. Бұл қырғын республиканың Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарымен, Шымкент, Алматы  қаласында  өршіді. «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» дегеннің кері келді. Іле-шала мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар әшкереленді. Отанға опасыздық жасаған, Елбасының оң қолы болған,  Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов орынбасарларымен бірге тұтқынға алынды. Атам қазақ мұндайды «сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» дейді. Енді сәл шегініс жасайын. Елбасы осы Мәсімовты  жер көкке сыйғызбай мақтап, «көп тіл біледі өзі қазақ» деп майлы жіліктің басын ұстатқан. Оның ұйғыр (бұл жерде ұлтты кемсітіп отырған жоқпын) ұлтының азаматы екенін елдің бәрі білсе де, төлқұжатын қазақтандырған да Елбасының өзі еді. «Екі сөйлеген ерден без» дегенді ата-бабаларымыз тектен-тек айтпапты. Ақордадағы бір жиында Кәрім даданың Елбасыға «Мен сізге адал қызмет етемін» деп уәде бергені  бар. Күліп тұрып, күйдіріп жіберетін «мұртты мырза» Елбасының: «Тоқаевтың маңайына топтасыңдар» деген сөзін  өрескел бұзып, мемлекеттік төңкеріс жасай жаздады. Оған нақты дәлел, бейбіт ереуілге шыққандарды арандатқан терроршылардың елге емін еркін кіруі. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанға бес Франция сыйып кететінін ғалымдар да, экономистер де  айтып жүр. Асты үсті, қазба байлыққа толы қазынаны қара халыққа теңдей бөліп берсе, патша әділ болса елде ереуіл де, төңкеріс те болмас еді. Керісінше, бүгін тұсауы кесіліп ашылған зауыттар ертесі жабылып жатты. Ірі жобалардың бәрінің артында жемсауы бір толмаған жемқорлар тұрды. Бір ғана  «Қорғас» кедені мен «Самұрық-Қазына» АҚ төңірегіндегі былыққа қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шынайы шындықты айтты.  Жемқорлық жайлған елде қыл аяғы білім және денсаулық салалары да былыққа белшеден батты. Жоғары эшалоннан бастап жергілікті әкім  қаралар  ел мүддесін ысырып қойып, баспана, жол, ауыз су, ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияларды жы-рымдап, тендер ойнатып, «шапкісін» алып отырды. Ол аз дегендей  жер телімдерін тамыр-таныстарына бөліп беріп, саудаға салды. Баспанаға зарыққандар, әлеуметтік жағдайы  төмендер әкімдіктің табалдырығын тоздырды. «Бағып-қаға алмасаңдар неге туасыңдар?» деп дөң айбат көрсеткен әкімдердің де  әкіреңдегенін көрдік. Елордада бес сәби отқа оранғанда  республика бойынша әйелдер ереуілге шықты. Айта берсең отыз жылдың ішінде биліктен жүректері шайлыққан халық қаһарына мінді. «Құланның қашуына мылтықтың шүріппесін басу дәл келді» дегендей,  түбі бір үлкен толқыныстың боларын сезіп, ел  іргесін шайқап жіберуге                    тас-түйін дайындалған опасыздар арман-мақсаттарын жүзеге асыра жаздады. Құдай сақтап, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Отанға опасыздық жасағандардың алдын алып, жолын кесті. Алайда, бейбіт ереуіл дегеніміз, бей-берекеттікке, басқыншылықа, басбұзарлыққа, тонауға ұласты, қан төгілді.

20 000 террорист қайда?

Қаңтар айының  3-8  аралығында болған тәртіпсіздік салдарынан бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте берген мәліметі бойынша 225 адам қаза тапқан. Бұл әлі нақты  сан емес. Жалпы 4578 адам зардап шегіп, 4353-і жарақат алса, оның ішінде 3393-і құқық қорғау органдарының қызметкерлері. ТЖ кезінде 225 адам мәйітханаға жеткізілген. Олардың бір бөлігі – терактілерге қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы бандиттер. «Қаза болғандардың ішінде 19 полиция қызметкері және әскери қызметкерлер де бар», –   деді  С.Шалабаев.  Алдын-ала деректер екенін ескертіп, қанша адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып өтті. Осы уақытқа дейін тергеу топтары 546 қылмыстық істі тергеуде, оның ішінде 44-і терроризм актілері, 34-і жаппай тәртіпсіздік, 15-і адам өлтіру фактісі бойынша қозғалған. Уақытша ұстау изоляторына қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам қамалды. Оның 446-сы соттың санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және ұстауға негіз болмағандықтан, прокуратура органдары 100-ден астам азаматты босатты. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын  мәлімдеді.  Қираған ғимараттар, сауда үйлері, әкімдіктер, телеарналар біртіндеп тазартылып, бейбіт өмір қайта қалыптаса бастады. Ел  ішінде елді үрейде ұстаған 20 000 террорист қайда деген сауал туындай бастады.

«Күрішті күрмектен айырып алумыз керек» деген жазушы Дулат Исабеков арандатушылардың жетегіне еріп кеткендер жазасын алсын, бірақ, құқық қорғау органдары  асыра сілтеп солардан да «террорист» жасап жібермесіне кім кепіл болады. 20 000 террорист  дегенің бір гвардия полк қой, сонда біздің қауіпсіздік комитеті қайда қарап отырған?» – дейді. Сауал орынды, жауап билік жақтан болуы керек.

Әкімдерге халық сенбейді

Отыз жыл ертегіге елтіп келген халық жоғарғы биліктен бастап жергілікті билік өкілдеріне сенуден қалған. Бар гәп, олардың ұдайы халыққа өтірік айтып, тіпті қабылдауға келгендерінің өзін алдап-сулап арқадан қағып шығарып салуды әдетке айналдырғаны. Жер телімін, баспана сұрап, болмаса үй кезегінде тұрғандардың кезегі  неге жылжымай жатқандарын айтып сан мәрте даурықты. Әкімдіктің алдына бала-шағаларын  жетектеп келіп «әкім шықсын» деп айғай аттанға басқандары да, әкімдіктің ішіне баса-көктеп кіргендері де, тіпті Шымкент қаласында әкімдікке түнеген әйелдер де болған. Елдің бас иесі ретіне,  арыз-мұңын айтып келгендердің алдына өздері шықпай жасырынып, шаруа  шешуге қауқарсыз орынбасарларын жіберіп, наразы топтың ашу-ызасын тудырды. «Айтқанның аузы, көргеннің көзі, жаман» десе өздері білер. Әкім деген бесаспап болуы керек қой. Ал, біздің көптеген әкімдер  бір жарауы кем, әрі қысқа қашықтыққа жүгіретін жылқы сияқты. Халықпен тіл табысып, сөйлесер кезде сөзге де, Мемлекет басшысы тапсырма берсе іске де  өлі қойдың өкпесіндей болбырап тұрады. Екі сөздің басын құрап сөйлей алмайды. Тіпті, баспасөз өкілдері жазып берген баяндамаларын  тілі жаңа шыққан баладай шатып-бұтып оқитындарын көргенде «осы да ел басқарып жүр-ау»  деп қынжыласың. Оның көрінісін, қаңтардағы ереуілде тағы көрдік.  Теңіздей толқып тұрған халықтың  ығына жығылып, қыбын тауып, «сіздердікі жөн, мәселені  айғай аттан емес, ақыл-кеңеспен дөңгелек үстел басында отырып шешелік. Орталарыңда көшті бастап жүрген кімдер, бәріңіздің талаптарыңызды қағаз бетіне түсіріп, мәмілеге келетін  оншақты адам шықсын» демеді. Ұлардай шулаған ереуілшілер алдында айғаймен басып салам деді ме, этика, эстетикадан аттап, балағат сөз айтқанда ашынып тұрған ереуілшілер әкімді түтіп-жеп қоюға даяр тұрды.

Бердібек Сапарбаев,  Нұрлан  Ноғаев ереуілдеткен халықтың арасында болды. Өздерін басшы ретінде сабырлы-салмақты ұстады. Ел-жұрт Нұрлан Ноғаевқа – «Саған сенбейміз. Сен Атырауда жер дауы болғанда ешқандай қудалау болмайды деп өтірік айттың. Талғат Аян мен Макс Боқаевты соттатып жібердің», –  деді. Міне,  халықтың әкімдерге деген сенімсіздігі.  Алаңға жиналғандардың арасында ащы суға тойып, не істеп, не қойып жүргендерін білмейтіндерді де көрдік. Жалпы, батыста халық алаңға жиналып жатыр дегенде Оңтүстік өңірлердегі әкім қаралар алдын-ала қам қарекетке көшпеді. Елді мекендерді  бақылауға алмады. Оның нақты дәлелі Талдықорғандағы ереуілге ауыл-аймақтағы жастардың жиналғаны айтылуда.

Тіпті, қауесеттерге сенсек, аэропорт, Еркін  ауылдарына жастар шоғырланып жатыр деген гу-гу әңгіме қала ғимараттары бүлінбей тұрып  басталған. Өзі шешен, өзі көсем әкімдерді шөп арасына түсіп кеткен инедей іздейтін болдық. Дүние астаң-кестең болып, төңкеріліп, ғимараттар өртеніп, күштік құрылымдардың қару-жарағы талапайға түскенде, әкім де,  генералдар да, олардың  кейбір орынбасарлары  ізім-қайым жоқ болып кетті. Елге басу айтатын адам таппай қалдық.

Ұшты-күйлі ғайып болып кеткен әкім де, өзгелері де  айбаттарына қайта мініп, 8-ші қаңтарда бұлт астынан жылтыраған күн сәулесіндей  көрінді-ау. Өңдерінде үрейдің табы байқалып, Жетісу жұртына үндеу жасады. Топалаңда топ ішінен көрінбей кеткен қолдарында билігі барларға елдің  ашу-ызасы әлі басыла қойған жоқ. Өкпелері қара қазандай. «Неге өңір басшысы басқа әкімдер сияқты елдің, ереуілшілердің ортасында  болмады»,  – дейді жұрт.

Сенімдеріне селкеу түсіріп алғандар ел басына тағыда екіталай күн туса, буынып-түйініп қашуға не болмаса тығылып жасырынбақ ойнайтын екі жүзді жәдігой болып қала ма?

Күдік пен үміт

«Қосақ-қосақ десе, жаман қой бірге кетіпті» демекші, арандатушылар мен содырлардың  азғыруына арбалып қалған басбұзарлар да қатаң жазаланып, қолына қару ұстағандар террористтер ретінде жазаланып кете ме деген күдік елді мазалайды. Тәртіпсіздік кезінде ұсталған 676 адам қамақтан босатылатынын, барлығы 8354 әкімшілік іс сотқа жеткенін, Бас  прокурордың аға көмекшісі Азамат Сарғазин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

Елдегі тәртіпсіздіктерге байланысты «ауыр» және «аса ауыр» қылмыстар бойынша 695 сотқа дейінгі тергеу басталғанын, олардың ішінде 44 – терроризм актілері бойынша, 15 – кісі өлтіру бойынша, 6 іс – насихаттау фактілері және билікті басып алуға шақыру бойынша қозғалған. Күдікті ретінде 780 адам ұсталып, оның   695-ін сот қамаққа алғанын айтты.  Прокурорлардың өтініш хаттары бойынша 676 адам қамақтан босатылды. 344 адамның  айыппұлы ескертуге ауыстырылды. Прокурорлардың жазаны жеңілдетуге және айыппұлды ескертуге  ауыстыруға бағытталған 733 өтініш хаттары қаралу үстінде деді. Қаңтардағы қанды оқиғаға байланысты, дүрбелеңді «көтеріліс» деген ақын Мұрат Алмасбек тонаушыларға рақымшылық жасауды ұсынды. Жазушы Дулат Исабеков ұсталып жатқандардың арасынан террористтерді ашық көрсету керегін айтты. Екінші қаңтардан бастау алған ереуілде комменданттық сағат енгізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарға оқ атуға рұқсат берді. Оның  зияны атыс-шабыс кезінде бейбіт тұрғындар оққа ұшты. Талдықорғанда коменданттық сағат кезінде бір үйдің адамдары оқтан ажал құшты. Оның бірі өрімдей жас бала.  Алматыда  көлік ішінде баласын емізіп отырған ана атыстың құрбаны болды. Бір емес бірнеше шаңырақ ортасына түсіп, қара жамылды.

Ел-аман, жұрт тыныш болса, Мемлекеттің іргесі берік болса, бүлінген дүние бүтінделер-ау. Бірақ,  бейбіт күнде оққа ұшқан әскерилерді, полицияларды, өрімдей жастарды, бесіктен белі шықпай басын оқ жұлып кеткен өрендерді кім тірілтіп береді?! Марқұмдардың қаны кімнің мойнына жазыларын уақыттың еншісіне қалдырдық.  Жаңа Қазақстанды қайта құрамыз деп жатқан Мемлекет басшысы да, шенді-шекпенділер де бұл дүрбелеңнен сабақ алса игі еді.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ