Ағаш егу – сауапты іс

232

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген ғибратты сөзді  алға тартқан Талдықорғандағы №9 орта мектебінде «Ағаш егу – сауапты іс» акциясы өтті.

Ағаш егу акциясына арнайы қатысқан Алматы облыстық «Jetіsý» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, Талдықорған гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы Жанат Сембаев, Ауған соғысының ардагері М.Ержановтар ғибратты шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерін дарыту, табиғатты аялауға бағыттау екенін  айтты.

– Табиғатты    аялап,  Отанды қастерлеуді бабалардың отты сөздерінен, ұлы істерінен жазбай тануға болады.  Мақпал топырақтың үстіне біткен әр өскінді аялау, оның тамырын тереңге жіберетіндей баптау жас ұрпақтың бойына бұла күш, елі мен жерін сүйетін ұлы сезімді тудырады. Сонау ықылым заманда әлемге өркениет таратып, жабайы жылқыны қолға үйреткен, әлемде алғашқы болып әліпбиді ойлап тапқан, адамзат баласына шалбар киюді үйреткен түркі халықтарының тектілігі табиғатпен қатар өрілген, асқақтаған, дамыған, – деп сөз саптаған  «Jetіsý» газетінің бас редакторы,   ақын Әміре Әрін  ғибратты істің түп-тамырының қайдан бастау алатынына дейін салмақтап берді.

Акция аясында мектеп  директоры Ләйлә Сембаевада  сөз алып, балауса шақтан табиғатты қастерлеп, Отанды сүйген ұрпақтың шығар шыңы биік, тұғыры берік болатынын жеткізді. Сонымен қатар шарада  «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшесі, 10-сынып оқушысы Айназ Оралбек, «Жас полиция көмекшілері» ұйымының белсенді мүшесі, 6-сынып оқушысы Асылхан Ниязов  те жүрекжарды тілектерін білдірді.

«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер және «Жас полиция көмекшілері» ұйымының мүшелері, бел-сенді оқушылар және қонақтардың қатысуымен бұл күні мектеп ауласына 25 түп шырша көшеті отырғызылды.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ