Білікті кадрлар мен білімді жастар басқа елді неге бетке алады?

0
1250

Қазақтың «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәмсілі бүгінгі қоғамға жүрмейді. Ол  мақалдың маңызы да, мағынасы да жойылған. Керісінше  «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген аталы сөз айналымға түсті. Қазақстан Тәуелсіздік алғалы отыз жылдың ішінде  Жеті жұрттың тілін біліп, жеті түрі білімін ұштағандар яғни мықты мамандар шетел  асуда. Иә,  болмаса білім алған мемлекеттерде қалып қоюда. 

Интернет желісін сүзіп қарап, ақпараттар ағына құлақ түріп, көгілдір экранға зер салсаңыз «Қазақстаннан мықты мамандар кетіп жатыр» деген жаңалықтарды еститін әрі оқитын болдық. Сонда, Қазақстанның  өзіне мықты маман кадрлар қажет емес пе? Олардың кетуіне не себеп? Түйткілді «Адырна» ұлттық порталынан алынған мәліметтер бойынша тарқатып көрелік.

«Қазақстаннан білікті дәрігерлер мен ұстаздар жаппай кетіп жатыр» деген интернет желісіндегі ақпаратта  сегіз айдың ішінде  елден жүздеген медицина қызметкері көшіп кеткендігі айтылған. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 14 мың 200-ге жуық қазақстандық тұрғылықты жерін ауыстырыпты. Бұл  2020-шы жылмен салыстырғанда 9,3% -ға көп.

Ал 14 мың 192 адамның тек 11,5 мыңы Ресейге, қалғаны, Германия, Польша, Беларусь, АҚШ және тағы басқа елдерге көшкен. Соның ішінде жоғары білімді эмигранттар көш бастап тұр екен. Олардың саны 3 мың 798.

Елден кетіп жатқандардың  көбі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Алматы және Ақтөбе облыстарының тұрғындары. Білімді мамандардың елден кетіп жатқаны, өмір деңгейінің төмендеуімен байланысты болуда. Мәселен, көршілес Ресейде қолжетімді ипотека, ана капиталы және отбасын қолдау бағдарламалары болса, Қазақстанда ол атымен жоқ. Елдегі өршіп тұрған  пандемияға қарамастан биыл Қазақстаннан 14,2 мыңға жуық адам көшіп кеткен деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы lsm.kz басылымына сілтеме жасап. Ащы да болса бұл ақиқаттың астарында  Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толса да мұғалімдер мен дәрігерлер жалақсы бертінде ғана көтерілді. Онда да  былтыр әлемді жаулаған Ковид-19 індетінің өршуіне байланысты  денсаулық сақшыларының жалақыларына үстеме пайыз қосылды. Оған дейін  жылаған балаға мәмпәси бергендей көтерілген жалақыға ақ халаттылар риза болмай келген-ді. Тіпті күні бүгінге дейін індетке қарсы бөлінген қосымша қаржы бізге неге бұйырмайды деп, жедел-жәрдем мен кейбір медбикелер және лабораторияда істейтіндер наразылық шараларын өткізген-ді. Мұғалімдердің жалақысы екі-үш жылдың көлемінде 25 пайыздан екі мәрте көтерілді. Биыл 70 пайызға артады деген-ді Білім және Ғылым Министрі Асхат Аймағамбетов. Педагогтардың жалақыларының көтерілуі  өздерінің білім деңгейлеріне байланысты  сынақ тапсырып,  категорияларын көтере алады. Ал, жаңа жұмысқа орналасқан жас мұғалімдер үшін  айлық жалақысы 50000  көлемінде болса,  енді олар модераторлық жүйе арқылы еңбекақыларын өсіреді. Жас маман  демекші, егер ол жоғары не арнаулы орта білімді «Қызыл дипломмен» бітіріп келіп  жұмысқа орналасса,  автоматты түрде  екінші санатты категорияға беріледі. Олай болмаған жағдайда екі жылдық білім тәжірибесі болмаса санатқа өте алмайды. Алайда мектептердегі кадр тапшылығы толық шешіле қойған жоқ. Әлі күнге дейін  ауылды жерлерде математика, физика, тіпті музыка пәнінің мұғалімдері жетіспейді. Мұның сыртында мектеп ұжымындағы мұғалімдерге сағат бөлу мәселесі тамыр-таныстыққа жол ашқан. Мәселен, ауылдық бір мектепте 888 бала оқитын болса, бір ғана қазақ тілі пәнінен 11 дене шынықтыру пәнінен 11 мұғалім сағаттарды бөліп алған. Әсілінде бір мұғалімге 18 сағаттан кем алмауы керек. Міне, тамыр таныстық пен мектептегі жүйесіздіктен шаршаған мықты мамандардың шетел асуының бір себебі осында жатса керек.  Мектептегі кадр мәселесі бүгін ертең шешіле қоятын түйткіл емес. Ата-аналары да балаларының жауапкершілігін мұғалімнің мойнна артып қойған. Тіпті сенбі-жексенбі және каникул кезінде де бала бір нәрсеге арандаса жауапкершілік ата-анадан емес, мұғалімнен сұралады. Міне осындай ауыртаплықтардан әрі санатын көтеруде «тест тапсырып барлық сұраққа дұрыс жауап берсемде өте алмадым. Керісінше, көз бояушылыққа барғандардың тестен сүрінбей өтіп кетті» -деген талай мұғалімнің жан айқайын естуге болады.  «Тамыр-таныстық, көңіл жықпастық, жемқорлық» жаулаған жүйеден шаршап-шалдыққандар, әрі балашағасының болашағына алаңдағандар, жас кадрлар, өзіне сенімді мықты мамандар шетелге кетуде.  Оған төмендегі  2020 жылдың осы кезеңімен салыстырған мәліметтер айғақ бола алады.Осы уақыт ішінде Қазақстанға 4595 мигрант қоныс аударған, ал бұл 2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 34,9% -ға аз.

Сонымен 14 192 адамның 11 641 -і  — Ресейге, 1575 -і — Германияға, 158 -і — Польшаға, 116 -сы  — Беларуське, 110 -ы — Израильге, АҚШ -қа — 105, Өзбекстанға — 87, Канадаға — 51, Украинаға 38 адам кеткен.

Ал олардың білімдеріне келсек, кеткендердің ішінде 3798 адам жоғары білімді болса, 3491-і — орта кәсіптік, 2144-і — жалпы орта, 1061-і — негізгі орта білімді болғанын «Адырна» ұлттық порталы жариялаған. Осы көрсеткішке алаңдаған жазушы, журналист қоғам белсендісі Марат Тоқашбаев елден кетіп жатқан жастардың «оттай жанған патриоттық сезімдері жойылып кете ме деп қорқамын»- деген үрейін жасырмайды. Оның үстіне бай-бағландардың әрі шенді-шекпенділердің балаларының шетелде білім алып, сонда орнығып қалуы,әрі  өз мемлекетті өзегіне теуіп, демократияны аңсаған, білім-тәжірбиесін шетелде ұштастыруды көздеген қаншама жастың Европаға қоныс аударуы, расында көңілді алаңдатады. Шетелге тек қана білімді жастар ғана кетіп жатқан  жоқ. Елдегі жалақы мәселесінің күн көріс қамына жетпеуі, жылдан-жылға азық-түлік пен коммуналдық төлемдердің артуы,  ипотекаға тәуелділік, баспана, жұмыссыздық мәселесі, әрі жекеменшік кәсіпорындарда жұмысшыларға айлап-жылдап жалақыға зарықтыруы да жастардың үкіметке деген сенімсіздігін ұлғайтуда. Көзбояушылық пен өтіріктен шаршаған жұрт, жақсы өмірді аңсап шетелге кетуде. Қазір кез-келген жастан сұраңызшы, қазақстанда қолдаушың, қорғаушың болмаса жұмысқа тұрудың қияметін айтады. Қызметтік өсуде де, арқа сүйерің болмаса бәрі құр бекершілік-дейді. Жастардың осылай ойлауына, пайымдауына, маңдайларының тасқа соғылуына сол баяғы жемқорлық жүйені кінәлайды. Мақалаға арқау болған жоғарыдағы білім жүйесімен денсаулық саласындағы былық пен шылықтың кесірі, қаншама мықты кадрлардан айырылды. Жүйесіз жүрізіліген реформалардың сапасыздығы сан қуалады. Үмітін үкілеген талай жақсы мамандардың талабы тастай шағылды. Әділдік іздеп, прокуратурамен соттан көңілі суығандар, демократиялық елдерге көшті. Оны шетелде өмір сүріп жатқан Қазақстаннан қоныс аударған жастардың пікірлерінен де білуге болады.

Әсем Иманғалиева, ІТ-маман: «Шанхайға жұмыс бабымен кеткеніме 1,5 ай болды. Шетелге кетуімнің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір мен әлемдегі ең үздік 10 ІТ-компанияның қатарына кіретін Microsoft компаниясында жұмыс істеймін. Бұл жерде кәсіби білігімді арттыратынына сенімдімін. Екіншіден, Шанхай – экологиясы таза қала. Ал бұл денсаулығыма оң әсер етеді. Үшіншіден, Қазақстандағы бірнеше мекемеде тәжірибемнің аздығына байланысты мені жұмысқа алмады, тіпті осы себеппен конкурстардың соңғы кезеңінен өтпей қалатынмын».

Меніңше, еліміздегі жұмыс берушілер мамандарды жұмысқа қабылдарда оның тәжірибесіне емес, талантына және білігіне назар аударғаны жөн. Сол кезде мамандар шетелге кетпес еді. Атыраулық Фатима Аманжолдың Түркияға көшіп кеткеніне бес жылдан асқан.  Шет елде жеңіл өнеркәсіп саласында қаржыгер болып жұмыс істеуде. Докторантурадағы оқуын қызметімен ұштастырып жүрген Фатима «бұйырса  Стамбулдан баспана аламын»- дейді.

Фатима Аманжол, Стамбұл қаласының тұрғыны: «Түркияда тұратын қазақтар өте көп. танитын қазақтарымда аз емес. Олар да осы жақта жұмыс жасасам, оқысам деген ниетпен келгендер.  Соңғы уақытта Туркияға қызығушылық өте артуда. Қазақстанда да, Түркияда да өмір сүру оңай. Аса бір айырмашылық байқамадым. Өзіңіздің қабілетіңізге қарай оңай да қиын жақтары бар, бірақ менің Қазақстандағы өмірім де, Түркиядағы өмірім де ұнайды. Мүмкін болашақта елге қайтып қалармын, мүмкін осы жерде қалармын, оны бір Алла біледі».

  Тіпті, қыруар қаржы бөлініп жатқан спорт саласының маманы елде жүріп жетістікке жетпеген соң, бапкерлері теріс айналған кәсіби боксшы Аида Сатыбалдинова, Америка асып кетіпті. Бірнеше жыл қажырлы еңбектенудің нәтижесінде жуырда ғана әлем чемпионы атағын жеңіп алған боксшы  «Өз елімде спорт саласындағы былықтардан шаршадым» деп сұхбат берген.і Кетіп жатқан мамандардың категориясына зер салсақ бірінші кезекте техникалық мамандар,, қаржыгерлер, мұғалімдер, дәрігерлер. Шетелге қоныс аударуға бел буғандардың дені өзін- өзі тәрбиелеп, терең білім алған, алға қойған мақсатына жете білетін табанды да қажырлы жандар-екенін писихолог мамандар да айтуда. Қазір Қазақстанда не көп, жекеменшік жоғары оқу орындары мен арнаулы орта білім беретін оқу орындары көп. Бірақ, олардың барлығы маман тапшылығын шешіп отырған жоқ. Сапасыз білім берген, пайда көзедеген біраз оқу орындары лицензиясынан да айырылды. Ақылы оқу орындарында сапаға емес көрсеткішке жұмыс істелді. Жалған дипломды сатып алғандар білім ордаларымен денсаулық саласындағы біліксіз дәрігерлер әшкерленді. Бұл тек қана білім мен денсаулық саласында ғана емес ауылшаруашылығындағы маман тапшылығына алып келді.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бертінге дейін Шетелдегі қандастарды елге көшірдік. Олардыңда аралаларында мықты мамандар болды. Ресми тілді жетік білмегендіктен лауазымдық жұмысқа орналасу олар үшін қиямет қайымға айналды. Сорлағанда азаматтық алуда үлкен кедергілерге тап болды. Тіпті келген мемлекеттеріне қайта көшіп кеткендер де болды. Әсіресе, жастардың шет мемлекеттерге кетуіне байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз алаңдаушылығын білдіріп: «біз оларға бар жағдайды жасауымыз керек, жасалып та жатыр, не себепті кетуде»-деген болатын. Білікті мамандардың шетке кетуі туралы миграциялық полиция мен Статистика жөніндегі агенттіктің «Азаттық» радиосына берген деректерімен сәйкес келіп тұр.

  Бұл деректер 2009 бен 2011 жылғы аралықтағы мәліметтер

Жылдар Келгені Кеткені Көші-қон сальдосы
2009 2010 2011 2009 2010 2011 2009–2011
Барлығы 31 282 31 775 29 832 28 273 22 448 27 082 15 086
Жоғары білімді 4180 4327 3791 7598 6618 8380 –10298
Аяқталмаған жоғары білімді 986 1018 791 1817 1251 1236 –1509
Орта арнаулы білімді 6118 7021 6564 8668 7021 9016 –5002
Жалпы орта білімді 15 808 15 641 15 088 7432 5506 6224 27375
Толық емес орта білімді 4157 3735 3393 2688 1992 2156 4449
Басқасы 33 33 205 70 60 70 71

 

Ресми цифрлардан көріп отырғанымыздай, соңғы үш жылда «жоғары білімді», «аяқталмаған жоғары білімді», «орта арнаулы білімді» санаттары бойынша дисбаланс 16 мың 809 адам болған. Осы уақыт ішінде Қазақстаннан жоғарыда аталған санаттар бойынша барлығы 51 мың 605 маман кеткен. Олардың басым бөлігі негізінен ТМД елдеріне қоныс аударған. Мақала авторы көтерген басты мәселенің бірі,Қазақстанда жоғары  оқу орындарында (ЖОО) оқитын студенттер саны көбейген сайын, ондаған мың маманның сырттан келуін нақты фактілермен дәлейді. Расында, құмырсқаның илеуіндей қаптаған жоғары оқу орындарына совет заманымен салыстырғанда үш есе көп бола тұра, өзіміздегі кадр тапшылығы, ел экономикасына кері әсерін тигізуде. Бізде қазір не көп біліксіз маман көп.  Ал, білікті мамандарға жағдай жасай алмай отырмыз. Оның үстіне жас мамандарды жұмысқа қабылдауда олардың еңбек өтіліне қарайтын тағы бір кереғар  амал бар.Олардың біліктілігіне назар аудару қажеттігін жоғарыдағы Шанқайға кеткен Әселдің пікірінен білуге болады. Жастардың мұхит асып білім іздеуі қуантарлық жағдай десекте, өзге мемлекеттерде тұрақтап қалуы онсызда санымыз аз қазақты,әрі жерімізге көз алартып отырған шығыстағы шегір көздер мен батыстағы өздерін аю санайтын сарқұлақтар  инвестиция салуды сылтау етіп, кіріп алып шықпай қояма-деген елдің күдігі басым.  Оны кейінгі кезде «Қытайларға» жалпы шет мемлекеттіктерге «жер», жалға да берілмесін»-деп ереуілдетіп, заңға арнайы баптар енгізілгенінен көруге болады. Мықты мамандарды іріктеуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастар кадр резервіне 300 үздік маман кіргенін айтқан болатын. Алайда, оның артынан «гу-гу» әңгіме тарап ол жерде «бәке-сәкесі барлардың балалары өтті деген  сыбыс шықты. Шетелге тек қана жоғары білімді, білікті кадрлар кетіп жатыр деген ұғымда қате. Бұл сыбыстың қаншалықты шынайы екенін ешкімде анықтаған жоқ. Өйткені жемқорлық жаулаған біздің қоғамда, ата-аналар шыр етіп дүниеге келген балаларына дейін, тамыр-таныссыз ештеңе шешілмейтінін құлақтарына сіңіруде. Қыл аяғы балабақшаға да орналастыру да таныстықпен шешіледі. Шетел асып жатқан мықты кадрлармен қатар төмен білікті мамандарда жұмыс іздеп кетуде. Олар, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Еуропа елдеріне қара жұмыс істеуге баратындар. Олардың басты мақсаты – ақша табу. Ал жоғары білікті мамандардың шетелге негізінен өзін кәсіби маман ретінде дамыту үшін барады.  «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»- шетелге кетіп жатқан мамандарды тоқтатудың бір жолы – еліміздегі адамдардың  өмір сүру сапасын арттырып,  әлеуметтік ахуалды теңшеп, әр сала мамандарына лайықты еңбек ақы  төленіп, жемқорлық пен тамыр-таныстық, «бармақ-басты көз қыстылықтың тамыры шабылмай елден кетіп жатқан қазақтарды тежеу мүмкін емес.  Қазақстанда тұратын өзге ұлттардың отанына кетіп жатса түсіністікпен қарауға болар.  Ал, ат төбеліндей қазақтардың оның ішінде жас шамалары 25-37 жас аралығандағы  жастардың көшуі жылдан жылға ұлғайып бара жатқаны көңіл алаңдатады. Олардың Европа елдерінде шынайы тұрақтап қалса, қарашаңырақта қалған қазақтар қайтіп көбейеді. Жылма-жыл, батысқа қоныс аударушылардың саны артып жатқанын стастикалық мәліметтер айғақтап тұр. Білікті кадр, білімді жастардың көшін кім тоқтатады.

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ