Гектарлап жер алғандар жергілікті халықпен санаспай жүр

0
1121

Қазақта жер дауы мен жесір дауы өзектілігін  жойған емес. Нарықтық жүйеге көшіп, капитализм қайта оралған дәуірде  жер дауы қайта ушықты. Себебі  социализмдік  құрылым қирап,  мемлекеттік меншіктің бәрі жекешенің қолына өткенде шенді-шекпендінің барлығы жердің көбін гектарлап өздеріне меншіктеп алды.

Кедей-кепшікке бұйырған ұлтарақтай  жер мал өсіріп, егін көлемін ұлғайтуға тарлық етті. Балтырын байпақ қысқан бай-бағландар мыңдап алған жерлерін қоршап, жайылымдар мен шабындықтардың айналасын қаздырып, мал түгілі шыбын өтпейтін дәрежеге жеткізді. Ауылдағы тұрғындардың кіріс көзі қолындағы бес алты малына жайылым тарылтып, сол малға қажетті азықты жинап алу қиямет қайымға айналды. Бітіспес дау сот табалдырығына дейін жетіп, оң шешімін таба алмады. Себеп, жердің қожайындары азулары алты қарыс, жалдары күдірейген шонжарлар  жерлерді заңдастырып алған.

Мемлекет басшысы ауысып, жаңа Президент сайланып, «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп халық үніне құлақ түру қажеттілігі туындағанда ақиқатқа шөлдеп, бай-манаптарда ақылары кеткен кедей-кепшіктер қаңтарда көтеріліске шықты. Көтерілістің қатты болғаны сондай мемлекеттің шаңырағы шайқалып, ортасына түсе жаздады. Бұл бөлек әңгіме. Бұқара халықпен санаспаудың түбі жақсылыққа апармайтынын үкімет те, мемлекет басшысы  да  жіті  сезініп, елдің бар байлығын жамбастарына басып алған 162  байдың аты аталып, түсі түстелді. Біразының соңына шам алып түсіп, заңсыз байығандардың қаржысын мемлекет қазынасына қайтартып жатыр. Қара жердің асты-үстінің байлығын сорғандардың қатарында  жуандығын көрсетіп,  ауыл-аймақтың тұрғындарымен санаспай, мыңғыртып мал өсіріп, ауыл іргесіне дейін жаулап алғандар мен сол жерлерді игермей жатқандар анықталуда. Президент  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен атқа қонған құзырлы орган,  прокуратура  мен  облыс әкімдігі халық үніне құлақ түріп, елді мекендерге жиі-жиі сапарлап  халықпен жүздесіп, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға белше кірісті. Игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, шаруалардың  мал жайылымдарын  қалыпқа келтіруге бар күш жігерлерін жұмылдыруда.

Жақында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев өткізген жиында осы жер мәселесі арнайы  қаралды. Онда облыс әкімінің ауыл шаруашылық жөніндегі орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасады.

Жалпы, облыс бойынша елді мекендер тұрғындарының есебінде 672 мың ірі қара, 168 мың жылқы,  1млн. 800 мың  ұсақ  мал барын айтқан әкім орынбасары жер мәселесінің шаруалар арасында ширығып тұрғанына тоқаталды.  Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығы  мен  әдістемесіне сәйкес, елді мекен тұрғындары малына қажетті жайылымдық алқаптың жалпы көлемі 2 млн. 900 мың гектар. Атап айтсақ,  бір жылқыға 4,8 гектар, бір ірі қара малға 4 гектар,  ұсақ малға 0,8 гектар. Аудан әкімдері мен мемлекет меншігіндегі жерлердің  542  мың гектары қолда бар, қоғамдық жайылымдық қосалқы жерлер. Сонымен  қатар  қосымша 637 мың жайылымдық жер учаскелері бекітіліп берілді.

Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының мал жаюы үшін барлығы 1 млн. 200 мың гектар алқаптар бекітілген. 23 мамырдағы жағдай бойынша облыстағы 14 ауданда  жалпы, 135 мың гектар жер көлемін мемлекет мұқтажы үшін алып қою жұмыстары жүргізілуде.  Алакөл,  Балқаш,  Ұйғыр  аудандары әкімдіктері бойынша бұларда  қолда бар жайылымдық алқаптар жеткілікті,  оларға жер  қажет емес. Ескелді, Еңбекшіқазақ,  Панфилов,  Іле,  Райымбек, Кеген аудандарында қосымша жайылымдық  жерді  бекіту жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Бұл мәселе жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Аудан тұрғындарының көтеріп отырған басты мәселесі жайылым алқаптарының жетіспеуін ашып айтты. Бар гәп, «Қолынан келгендер қонышынан басып»  көлемді жерді заңдастырып алғандарын тілге тиек етті. Мысалы  Ақсу ауданы,  «Күреңбел» тұрғыны 10 мың гектар жерді меншіктеп алса,  Кербұлақ ауданында «Алатау Дейри» 10 мың гектар, Кегеннен 3 мың гектар, «Казмясо» 16 мың гектар жерді алып алған.Мұндай май шелпекке қол жеткізгендер барлық елді мекендерден табылады. Райымбек ауданында да бар. Жер мәселесі ушығып,  ғаламтор желісін жыл бойы шулатып келе жатқан  кегендіктер ауданның әкімі Талғат Байедилов тамыр-таныстыққа жол берді  деп дүрлікті. Облыс әкімі Кеген, Райымбек аудандарына халықпен жүздесуге барғанда аудан тұрғындарының ең өзекті мәселесі осы жер туралы болды. Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы  жер бар, бірақ  игеріліп жатқан суармалы жердің бар көлемі 300 гектар ғана екен. Ауданда ірі-қара мал басы көбейген. Алайда жайылымды жерлер дұрыс пайдаланылмағаны айтылды. Ауданда бүгінде 28 мың бас жылқы, 54 мың мүйізді ірі қара, 204 мың қой-ешкі бар. 1990 жылдармен салыстырғанда жылқы мен мүйізді ірі қара басы екі есеге көбейген. Есесіне жайылым жерлеріне қатысты дау туындап, тұрғындар үшін бас ауыртар мәселеге айналған. Аудан басшылығы бұл мәселенің бір шешімі ретінде 14 мың гектар жайылымды  жері бар Саты жайлауына жол салу арқылы шешкісі келетіндерін облыс басшысына жеткізген-ді. Кеңес заманында малшылар малдарын Саты жайлауына қырғыз жері арқылы айдаған. Отыз жылдан бері қазақ-қырғыз шекарасы салынғалы тау басындағы Саты жайлауына жол жабылған. Аудан басшылары осы жайлауға жету үшін облыс басшысынан ұзындығы 24 шақырымдай тау жолын салуға көмектесуін сұрады. Қанат Бозымбаев бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, тиісті жоба мен қаржылық смета жасауды тапсырды.

*Жетісу өңірі негізінен ауыл шаруашылық саласы басым аймақ болғандықтан өңірдің әл-ауқаты жермен тікелей байланысты

«Жетісу өңірі негізінен ауылшаруашылық саласы басым аймақ болғандықтан өңірдің әл-ауқаты жермен тікелей байланысты. Ірі компанияларға жақсы жер учаскелері бөлініп беріліп, ол жерлер мақсатына сай пайдаланылмай, тіпті, мүлде пайдаланылмай уақытысында мемлекет меншігіне қайтарылмаған. Маған да, басқаға да жоқ деп бұлай қарап отыруға болмайды ғой. Біз не мал басын көбейте алмаймыз, не картоп егістігін ұлғайта алмаймыз. Соның бәрі суармалы жер мен жайылымның жетіспеуінен туындап отыр. Осыған шара қабылдап жерге ревизия жүргізсеңіздер, сонымен бірге жер учаскесін беру конкурсын ұйымдастыру мен өткізуге ерекше мән берулеріңізді сұраймын», –  деді аудан тұрғыны Мақсат Ілиясұлы.

*Біз халықтың жағдайын жасауымыз керек, бұл мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы.

Қанат Бозымбаев жер мәселесінің тұрақты бақылауда екенін жеткізді.

«Жер мәселесі көп ауданда бар. Тұрғындар үнемі жер жетпейді, жер заңнамалары бұзылған деп мәселе көтереді. Қазір менің орынбасарым жетекшілік ететін арнайы комиссия өңірлерді аралап жүр. Шілде айында көрші Кеген ауданына келеді. Әзірге аудан әкімдіктері жергілікті жерлерде осы бағытта белсенді жұмыс істеуі керек. Жерге жауапсыз қарағандар болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады. Заң бәріне ортақ», – деді ол.

Міне, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірлерде,  аудан, қала әкімдіктері, облыстық жер инспекциясымен бірлесіп пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайта-ру және заң бұзушылықты жою жұмыстарын жүргізіліп жатқанын баяндады.

«Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан облыстың 16 аудан, 1 қаласында 450 мың гектар жерге  жоспардан тыс тексеру жүргізу тапсырылған, соның ішінде Райымбек ауданы да бар. Тиісті хабарламалар жолданды. Оған қоса прокуратура органдарымен бірлескен тексерудің нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 350  жер учаскесі анықталғанын,  жер учаскесінің шекарасын  арықпен қазған және мал айдау белгісін  қоршап алған» – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев.

«Бұл заңға қайшы келеді себебі, жерге залал келтіру болып табылады. Мен  Жер басқару басқармасына тапсырма бердім, сол жерде анықтап, қажет болса заң аясында айыппұл салу керек. Халықтың наразылығын тудырмау керек. Ал қоршау болса оған рұқсат беріледі, мұны әр аудан әкімі қадағалау керек. Бірақ малды өткізіп беретін белгіні 20-30 метр қалдырып берулері тиіс. Аудан әкімдерінің жер инспекциясымен бірлесе отырып пайдаланылып жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару туралы өзіңіздің тапсырмаларыңызға сәйкес барлығына бірқатар жұмыстар берілді. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрінің 4 мамырдағы 139-шы бұйрығына сәйкес облыстық жер инспекциясына жоспардан тыс 16 аудан мен 1 қала бойынша көлемі 450  мың гектар жерде 175  тексеру жұмыстары жүргізу тапсырылды. Бұл жұмыстарды бастайтын боламыз. Жер инспекциясы жер пайдаланушыларға жүргізілетін тексерістер бойынша нұсқамаларын бердік. Бұдан бөлек, прокуратура орындарымен бірлесе отырып, пайдаланылмай жатқан 350 жер пайдаланушы жер телімдері анықталды. Бұл жерде 21 500 гектар жерді тексеріп, мемлекеттің меншігіне қайтарып алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

*Жерге жауапсыз қарағандар болса, оларға қатысты тиісті шара қабылданады. Заң бәріне ортақ.

Қосалқы жерлер қорында азаматтарға шаруа қожалығын жүргізу үшін берілетін бізде облыс бойынша 4 млн. 100 гектар жерлер бар.  Ендігі  кезекте аудан әкімдері осы жерлерді заңның аясында конкурсқа қойып, қажет болған жағдайда тапсырып беру керек» – деген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев өңір басшысы Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына орай облыста жерді пайдалану, қорғау және қарау жөнінде комиссия құрылып,  аталған комиссия 25-26 мамыр күндері Панфилов ауданына баратынын айтты. Панфилов ауданының әкіміне тапсырмалар берілді. Содан кейін кестеге сәйкес Балқаш ауданына, шілде айында Кеген мен Райымбек аудандарына баратынын, әрбір ауданды тексерген жұмыстар бойынша өзіңізге анықтама беріп отыратынын айтты. Жиында облыс әкімі Қанат  Бозымбаевтың: «Пайдаланылмай жатқан жерлерді дұрыстап анықтау керек. Олардың кейбірінің пайдаланылмай жатқаны анықталса да, кері қайтарылмай жатады. Кейбір азаматтар жалған құжат көрсетіп  заңға қайшы нәрселерге барады. Мұны жүйелі түрге енгізуге болады ма» деген сауалына:

Ә. Жақанбаев:  «Біз ветеринария саласымен де жұмыс жасап жатырмыз. Онда базада қанша  малы бар, ол неше жылға бекітілген қожайын жеріне сәйкес келе ме, жоқ па мұқият қарап, артық жерді қайтарып алып жатырмыз. Малына сәйкес жерін ғана қалдырамыз, ал егер малы жоқ болған жағдайда заң аясында сот арқылы жердің барлығын алып, конкурс арқылы халыққа таратамыз», – деді.

«Мен аудандардың барлығын аралап жүрмін. Қайссына барсаң да №1 мәселе осы. Халықтың жанайқайы жер, мал өрісінің тарылғаны алдыңнан көлдеңдеп шығады. Біз халықтың жағдайын жасауымыз керек, бұл мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы»,  –  деп  жер комиссиясына,  жерге қатысты мәселеге мұқият болуды тапсырды.

«Айғайласам шығады ащы даусым» демекші, құйқалы жер мәселесіне қатысты халықтың ащы айқайы соңғы жылдары дүркін-дүркін естіліп жүр. Бай мен кедейлер арасындағы тартыстың тамыры солқылдайды. Тепе-теңдік жоғалған жерде екеудің бірінің омақаса құлайтыны анық. Ал жерді 10000-100 000 гектарлап  басып алғандар түрлі сылтау айтып, жалған құжаттар көрсетіп, мемлекет меншігіне жерді қайтарғылары келмейтінін облыс әкімі айтып қалды.  Бұл дегеніңіз «Менің атым жүріп тұрсын, сенің атың тұрып тұрсын» дегеннің кері екені айдан анық. Қалада да, далада да баспана салу үшін он соттық жерге пәленбай жыл кезекке тұрып, тоқымдай жерге жете алмай жүргендер бар.  Жалпы, республика бойынша  мал өрісінің тарылып, жайылымдық жерлердің қара топыраққа айналғаны, жер телімдерін иеленіп алғандар сым темірмен қоршап, одан қалса айналдыра арық  қазып тастағандар қалың бұқараның ашу ызасын туғызып тұрғаны хақ. Панфилов ауданындағы Көктал ауылында да жер мәселісіне қатысты ереуіл болған-ды. Жалпы, жерді жекеменшікке бергенде жеті рет ойланып, бір рет кесетін тәсіл керек. Болмаса жер мемлекет меншігінде болып, мал басының өсіміне қарай үлестіріп беріліп, қарапайым халықтың да сұранысы өтелуі керек-ақ. Болмаса ушыққан жара,  қансоқтаға айналып жарылса, тағы да революциялық көтеріліске айналып кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмайды.

 А.  БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ