Елу жыл қалықтаған ән немесе «Той жырының» тарихы

0
2996

«ТОЙ ЖЫРЫ» – қазақтың үйлену тойларының сәнін келтіретін хит әндердің бірі. Әйгілі «Дос-Мұқасан»  тобының орындауындағы бұл туындының тарихын бүгінде бірі  білсе, бірі білмес. Әннің жазылғанына елу жылдан аса уақыт өтсе де өзектілігін еш жойған жоқ. Аталмыш  әннің авторы, профессор, ғалым, ақын, қоғам қайраткері  Ұлықпан Сыдықовпен  онлайн кездесу өтті.

«Шеврон» компаниясы демеушілігімен Түркітілдес журналистер қоры  ұйымдастырған  вебинарлар  шеңберіндегі  онлайн жүздесуді  қор Президенті Нәзия Жоямергенқызы жүргізіп, оған  республикамыздың әр аймағынан  журналистер қатысты.  «Zoom қосымшасы арқылы өткен кездесуге қатысуда біз  «Той жыры» әні  арқылы бүтіндей бір дәуірдің тарихына саяхат жасап қайтқандай болдық»  деп жазыпты өзінің  ФБ парақшасында әріптесіміз. Шынында да, екі сағаттық онлайн жүздесу өткен күндердің  әдемі сәттеріне  сапар шектірді.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дейді  ұлы  Абай. Яғни, данышпан  сөзінше, жеке адам өледі, о дүниеге кетеді. Ал бірақ жарық дүниеде не өлмейді? Абайша  әспеттесек,  адамның артындағы  істеген ісі, қалдырған ізі  өлмейді. Сол  айтқандай, біздің жасаған ісіміз, қалдырған ізіміз бен әрекетіміз ешқашан өлмек емес. Әсіресе өнердегі шығармалар жиынтығы да көненің көзіндей болып қала бермек.  Ал  ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келетін «Той жыры» әнінің  шығуының өзі тұнып тұрған тарих. Осындай өлмейтін шығарма жазған Ұлықпан Есілханұлы кездесу барысында  сонау 1970 жылдарда дүниеге келген әннің тарихын  ғана емес, «Дос-Мұқасан» тобының құрылуы  жайында да кеңінен әңгімеледі.

«Өткен ғасырдың  алпысыншы  жылдарында  бізде үлкен бір серпіліс, өзгеріс болды. 80 жылдары  коммунизм болады екен, дүниенің бәрін автомат басқарады  деген сөз  халықтың жүрегіне ұялап,  сол әсер етті ме қазақстандағы жалғыз  әрі аса беделді техникалық  оқу орнының автоматика  және есептеу техникасы деген факультетіне құжат тапсырдым.  Мектепті алтын медальмен  бітіріп, электронды  есептеу  машинасымамандығы бойынша түсіп,  50 баланың ортасындағы   қазақ мектебін бітіріп келген жалғыз мен ғана болдым.  Топта үш қана қазақ болдық. Олардың өзі орыс сыныбын бітірген екен. Ал автоматика және есептеу техникасы деген факультетте қазақтың біраз ұл-қыздарын көзім шалып қалып жүрді. Бұл  жастардың бәрінің де  қабілет-қарымдары мықты   болып  шықты. Алғашқыда бір-бірімізді жете тани алмай жүрген едік. Біздің басымыздың бірігуіне   Қамит Санбаев себепші болды.  Ол өзі бізден жасы  үлкендеу, әскерде қызмет атқарып  келген, әрі  факультеттің комсомолдар комитетінің хатшысы екен. Соның арқасында  дарынды, қабілетті жастардың басы қосылды.  Кентаудан келген Досым Сүлеев сегіз кластық музыка мектебін бітіріпті. Бірақ,  қазақ  тілін мүлде білмеді десем болады. Оның себебі әскери отбасынан шыққандығы болар, бәлкім. Одан кейін Мұрат Құсайынов  деген  домбыраның  құлағында ойнайтын, өте өнерлі жігіт болып шықты. Сонымен қатар Мейірбек Молдабеков, Шәріп Омаров тағы басқа жігіттер бір-бірімізбен жақын танысып, шүйіркелесіп қалып  жүрдік. Бір  жатақханада тұрған соң  бір-бірімізбен өте тығыз араластық.  Ал  өнер әлемі бізді одан әрмен жақындастыра түсті. Өзім болсам  бала жастан  қара өлеңді серік етіп  келетін жан едім. Ұзын сөздің қысқасы, жатақханада «Самал» атты клуб құрып, сонда  ән айтып, кештер ұйымдастырып жүрдік. Ол  тұста студенттер отряды деген үлкен қозғалыс болатын-ды. 1967 жылы  Павлодар облысының Баянауыл    ауданына студенттер құрылыс отрядына бардық.  Мен  ХХI партсъезд атындағы   совхозда құрылыс отрядының басшысы болдым да, қалған жігіттер  Торайғыр   деген ауылда істеді. Күні бойы жұмыста, ал кешкілік от  жағып,  айналасына отырып алып ән шырқап жүретінбіз.  Содан  сол кезде жасақаралық  құрам (интер отряд)деген  болатын. Онда Венгриядан келген жігіттер істейтін-ді. Соның ішінде Ванус деген жігіт: «Ой сендер  дайын тұрған ансамбль екенсіңдер ғой. Мен сендерге ат қойып жіберейін,  «Дос-Мұқасан» деген» демесі бар ма? Қалайша дейміз ғой. «Дос» – Досым Сүлеев,   «Мұ» –  Мұрат Құсайынов, «Қа»   –  Қамит Санбаев,  «Сан» –  Саня  (Александр) Литвинов. Бұл  атау не қазақша, не орысша емес, қалай болар екен  дегенбіз. Дегенмен,  жарайды  деп  біз де келісе кеттік. Осылайша,  «Дос-Мұқасан» ресми дүниеге келген күн 1967 жылдың 1 тамызы болды.  Күз айында Алматыға  оқуымызды  жалғастыруға келдік. Содан кейін алдымызда топтың  тағдыры қалай болар екен деген мәселе тұрды.  Ол кезде  «БИТЛЗ»-дың шыққан тұсы. Тұйықталған мемлекет болсақ та батыстың ықпалы  бар  болатын.  Сол кезде өзіміздің керемет әншілеріміз сахна  төрінде түрлі әндерді  шырқап жүрді. Ал  біздің көкейде   не істейміз,  болашағымыз қалай болмақ, ілгері жүреміз  бе, әлде шегінеміз бе деген ой жүрді. Ақыры ешкімге  ұқсамайтындай, өз жолымызды тапсақ деп шештік. Ойлана келе,  қазақтың ұлттық музыкасына  электронды аспаптар арқылы жаңаша екпін, леп, ырғақ беру керек деп тоқтадық. Ол  тұста  аппаратура  табу деген өте қиын еді. Алғашқы кезде өзіміз электрониканы жақсы білетіндіктен қолдан күшейткіш жасадық. Артынша  Текелі қаласында үлкен бір кәсіпорынның  басшысы  болған Ибрагим  Еділбаев  деген азамат институтымызға кездейсоқ келе қалып,  мына жігіттерге қамқоршы болайын деп аппаратура сатып әперді. Міне, сол кезде институттың ректоры Әшім Құранбайұлы,  Омаров деген кісі, парткомның хатшысы, ұстазымыз  Досым  Жібеков, факультет деканы Баян Рақышевтардың  «Мына балаларға қолұшын созып, қамқорлық жасайық. Осылардан бірдеңе шығады» деген сөзі біздің өнер әлеміне  қанат қағуымызға жол ашты. Ән айта жүріп, сабақты да жақсы оқыдық, бірде-бір пәнді қалт жібермедік. Тіпті, Мейірбек екеуміз Ленин атындағы стипендияның иегері болдық.  Қысқасы, барлығы да талантты, талапты жастар болды. Сөйтіп, күн-түн демей жүріп, ізденістің  арқасында «Дос-Мұқасан» тобы аяғынан тік тұрды.

Ал енді  тобымыздың  ел алдына  алғаш  шығуын айтсам,  сол кезде  факультет арасында фестиваль өтетін. Әр факультетке бір күн беріледі, өнер жарысынан бәйгеге түседі. Сол  бәйгеге қатысып, өзіндік төл шығармалар деген номинация бойынша тобымыз бірінші орынды иелендік. Бұл алғашқы рет өзіміз  болып жазған ән  еді: «Әсем жұлдыз» деп аталатын әннің сөзін – мен,  ал музыкасын  Мұрат  Құсайынов жазды.  Осы арқылы  конкурстан бас бәйгені жеңіп, бұл өмірімізге  үлкен серпіліс әкелді. Мұнан  кейін Досым  Сүлеев екеуміз  жазған «Ғашықпын» деген ән үшін  де бәйге алдық. Бұл да біздің  бойымызға одан әрмен қанат бітірді. Сол кезден бастап «Жайдарман», «Ауылың сенің іргелі» тағы басқа әндерді жаңа арнаға салып, өңдеуді  бастап кеттік. Сөйтіп, біртіндеп аяғымыздан тұрдық.  Әндеріміз арқылы Қазақ телевизиясындағы  «Алло, мы ищем таланты!» атты  хабарға шығуымызға да мүмкіндік туды. Осы хабар арқылы біздің жігіттер өнерлерін көрсетіп, таныла бастады. Бұдан кейін, қазақ телевизиясында «РОМБ»  – романтика, оптимизм, махаббат, білім»  деген   студенттерге арналған хабар болды. Оның арнаулы бір нөмірін бізге арнап, 42 минуттық  хабар өтті. Жүргізушісі мен болдым. Осы хабарға өзіміз арнайы шақырған  Қадыр Мырза Әли ағамыз хабар соңында  ақ батасын беріп,  осы сәттен бастап біздің кең  аудиторияға, халық алдына шығуымыз  бастау алды.  Бір жылдан кейін бізді  Қырғызстанда Нұрек гидроэлектростанциясының ашылуына орай   өнер көрсетуге шақырды. Бұл жерде де жігіттеріміз  үлкен құрметке ие болып қайтты. Сонымен қатар  Ташкентте  техникалық жоғары оқу орындары арасында өткен фестивальда  бас  бәйгені алдық.  Осылай тобымыз  Одақтық дәрежеге  шықты. 1972 жылы Белоруссияның Минск қаласында эстрада әртістерінің одақтық байқауы өтетін болды. Осы байқауда  «Дос-Мұқасан» тобы  лауреат атанды. Бұл топтың ары қарай  да шарықтауына  жол ашты. 1973 жылдың тамыз айында Берлин қаласында  дүниежүзіліқ жастар мен студенттердің Х әлемдік фестиваліне  Совет  одағынан баратын делегациялардың құрамына «Дос-Мұқасан» тобы да кіріктірілді. Осылай 190-нан астам мемлекеттің өкілдері қатысқан фестивальде   «Алтын медаль» алып, лауреат атанып, бүкіл ел алдында абыройға  бөленді. Бір  жылдан соң  «Дос-Мұқасан» тобы  Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Міне, топтың қалыптасудағы қысқа жолы осындай. Ансамбльдің алғашқы жетекшісі Досым Сүлеев болды. Ол өте талантты, ақылды, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат болды. Ал топтың ішкі тәртібі туралы айтсам,  бір-бірімізге деген адалдық,  талапшылдық басым болды. Ең алдымен қойған шарт: оқуға деген құлшынысты жоғалтып алмау, екіншіден, еңбекқор, адал болу қажет. Сонымен қатар бір-бірімізге деген қамқорлықты жоғалтып алмау  принципін  алға тарту арқылы топтың алғашқы жемісі келді деуге болады», – деп ағынан жарылған ағамыздың  әдемі әңгімесі онлайн жүздесудің шырайын аша түсті.

Осы аралықта  алғаш «Дос-Мұқасан»  тобын көпшілікке танытып,  қанат бітірген «Әсем жұлдыз» әні  жүздесуге қатысқан журналистердің  көңілін одан әрмен  серпілтті.

Әдемі әннен кейінгі әңгіме желісін Ұлықпан ағамыз «Той жыры»  әнінің шығу тарихына қарай бұрды. «Бұл – оқу бітіретін  кезең еді. Біздің арамыздан ең бірінші болып Мұрат Құсайынов үйленетін болды, қалыңдығы – Сәбира. Ал той 1970  жылдың 10 қазан күні Алматы қаласындағы  «Ромашка»  атты  кафеде өтетін болды.  Содан бәріміз жиналып не  берсек болады  деп  ойланып қалдық. Ақша беретіндей жағдайымыз жоқ. Себебі бәріміз  студентпіз. Содан  көрімдік болсын деп әрі алғашқы той ғой,  ән сыйлайық  деп шештік. Сөйтіп, сөзін мен жазамын, ал музыкасын Досым жазатын болды. Абыр сабырмен жүріп, 10 қазанның қалай келіп қалғанын білмей де қалыппыз. Біз бір бөлмеде Досым, Мейірбек үшеуміз тұратын едік. Түскі сағат  бірдің кезі еді. Ал кешкі сағат бесте  той болады. Ән  әлі жазылған  жоқ. Енді не  қылсақ  екен деп, екеуміз басымызды ұстап  қалдық. Төсекте  арлы-берлі  дөңбекшіп жатқан Досымға: «Саспа, қазір саған қазақтың он бір буынымен шығарылған өлеңді беремін» дедім. Осылайша, бес алты минуттың ішінде өлеңнің алғашқы шумағы тіл ұшына келді.

Махабаттың құдырет күші  әлдилеп,

Екі жастың  табыстырған  жүрегін.

Жастық жалын,  асыл арман, ақ ниет

Бақыт сыйлап ұсыныпты гүлдерін, – деп  айғай салдым да, шимайлап- шимайлап қағазға жаздым да  Досымға лақтырып жібердім. Ол қуанып кетті. Ары қарай  тіл ұшына өлеңнің қайырмасы да келе қалды.

Той үстінде тәтті күндер,

Жас жұбайлар шат күліңдер.

Ән салайық, би билейік,

Шарықтасын  шаттық үндер.

Мұны естіген Досым одан әрмен қуанып кетіп, бір уақытта ол да айғай салды: «Таптым, таптым. Келді, келді деп».  Осылай өлеңнің екінші, үшінші шумағы да жазылды.   

 Бізбен бірге Мейірбек те уайымдап жатыр еді. Жүгіріп келіп екеумізді құшақтап, сүйіп жатыр. Осылайша көрші бөлмеде жатқан Мұрат пен Шәріпті шақырып, тойға  дайындық басталып кетті.  Екі сағат репетиция жасап,   нобайын жөнге келтіріп алдық. Сөйтіп, ән алғаш жұртшылық алдында орындалды. Мұрат пен Сәбираға арнаған әніміз көпшілікке қатты ұнады. Аты өзінен-өзі «Той жыры»  болды да кетті. Ал 1974 жылы 1 мамырда ән сол кездегі «Лениншіл жас»  газетінің бірінші бетінде басылды. Ел арасына тарап кетті. Қай жерге барсаңыз да осы ән орындалатын болды. Міне, биыл, 10 қазан күні  бұл әннің шыққанына тура 50 жыл толды. Мұнымен қоса Мұрат пен Сәбираның да үйленіп, отау тіккендеріне де елу жыл болды. Осы кездесуді пайдалана отырып, екі досымды шын жүректен құттықтағым келеді» – деді  ол.

Осындай сүбелі әңгімеден соң  әр аймақтан қатысқан журналистер  көкейдегі сауалдарын қойды. Әңгіме барысында Ұлықпан  аға   ұлттық  рух, одан айырылып қалмаудың маңызы тұрғысындағы терең ойларын ортаға салды.

С. ӘЙТЕНОВА.

 

Кілтсөздер:ОНЛАЙН -КЕЗДЕСУ


ПІКІР ЖАЗУ